Әскери кафедраларға түсушілерге медициналық комиссиядан өту мерзімі ұзартылды

0
155

Әскери кафедраларға түсушілер үшін медициналық комиссиядан өту мерзімі 10 қазанға дейін ұзартылды, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Республикалық жоғары оқу орындарында 35 әскери кафедра жұмыс істейді. Жыл сайын 6000-ға жуық запастағы офицерлер шығарылады.

Қазіргі уақытта өңірлердегі студенттердің басым бөлігі медициналық куәландырудан өтті. Нұр-Сұлтан қаласында қыркүйек айының алғашқы күндерінен бастап медициналық комиссиядан 1000-нан астам кандидат студент өткен болатын.

Жоғары оқу орындарының әскери кафедраларына түсуге ниет білдірушілердің көптеп келуін ескере отырып, республика бойынша медициналық куәландырудан өту мерзімі 2020 жылғы 10 қазанға дейін ұзартылды.

Естеріңізге сала кетейік, Қорғаныс министрлігінің құзыретіне регламенттік рәсімдер кірмейді. Медициналық комиссиялардың орналасқан жері, олардың құрамы мен жұмыс кестесі жергілікті атқарушы органдардың шешімдерімен айқындалған. Әкімдіктердің шешімі бойынша медициналық тексеру күн сайын сағат 14-тен 18-ге дейін жүргізіледі.