Қазақстанда АИТВ-мен ауыратын балалар мен жасөспірімдерді психикалық-әлеуметтік қолдау стандарттары жақсарады

0
89

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесіп 2019 – 2021 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасында АИТВ-инфекциясының эпидемиясына тартылған балалар мен жасөспірімдер және олардың ата-аналары үшін психикалық-әлеуметтік қолдау мен бейімдеуді дамыту» бағдарламасын іске асыруда, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Бұл жоба әлеуметтік және медициналық қызметкерлердің, сондай-ақ АИТВ-мен ауыратын балалар мен жасөспірімдерді психикалық-әлеуметтік қолдау мәселелері жөніндегі ата-аналардың/қамқоршылардың және сол балалардың ата-аналарының/қамқоршыларының әлеуетін дамытуға бағытталған.

Жоба үш бағытта іске асырылуда:

1. Балалар мен жасөспірімдердің пайдасына әлеуметтік қызметтер бағдарламасын басқару және іске асыру;

2. Жұмыспен қамту орталықтары, ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтар, МСАК ұйымдары (әлеуметтік қызметкерлер, педиатр дәрігерлер, инфекционист дәрігерлер, психологтар) мамандарының және АИТВ-мен ауыратын балалар мен жасөспірімдерді психикалық-әлеуметтік қолдау мәселелері жөніндегі белсенді ата-аналардың/қамқоршылардың және сол балалардың ата-аналарының /қамқоршыларының әлеуетін нығайту;

3. Эксперименттік оқытудың озық әдістерін пайдалана отырып, жасөспірімдер мен жастар арасында әлеуметтік кәсіпкерлік дағдыларын нығайту.

Жалпы, жоба аясында 40-тан астам іс-шара іске асырылды. Атап айтқанда, оқу орындарының бағдарламаларына арнайы білім беру модулін енгізу жоспары әзірленді. Бұл дәрігерлерді, психологтарды және әлеуметтік қызметкерлерді созылмалы аурулары бар балалармен және жасөспірімдермен сапалы жаңа деңгейде жұмыс істеуге дайындауға мүмкіндік береді. АИТВ және басқа да созылмалы аурулармен (БЦП, аутизм, қант диабеті және т.б.) өмір сүретін балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік қолдау алгоритмдері бойынша үйде әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының (әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау салалары) 300 маманын даярлау жалғасуда. Жасөспірімдермен жұмыс істеу үшін 70-тен астам жаттықтырушы-ментор оқытудан өтті.

«Біз балаларымыз бен жастарымыз өздерін осал сезінбеуін қалаймыз. Жоба аясында қазір «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп бизнес-инкубаторлар құрамыз. Іс жүзінде барлық өңірде 5,5 мыңнан астам жасөспірім мен олардың отбасылары арасында дағдыларды арттыру және әлеуметтік және бизнес-жобаларды құру бағдарламасына қатысудың артықшылықтары туралы ақпараттық-білім беру іс-шараларын іске қосамыз. Жақын арада, 16 семинардың қорытындысы бойынша әлеуметтік және бизнес-жобаларды құруға бірнеше команданы айқындаймыз», – деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов.

ЮНИСЕФ деректері бойынша Қазақстанда соңғы жылдары АИТВ жұқтыру және инфекцияның анадан балаға берілу жағдайлары азайды. Республикада 600-ге жуық бала мен жасөспірім АИТВ-ның оң статусы бойынша есепте тұр. Жалпы халық арасында АИТВ-инфекциясының таралуы 1000 адамға 1,82, 15-19 жас топтары арасында 1000 адамға 0,92 құрайды.