Олимпиада: Су добынан Қазақстан әйелдер құрамасының қарсыласы анықталды

0
112

Италияның Триест қаласында су добынан Токио Олимпиадасына іріктеу турнирінде Қазақстан әйелдер құрамасының ширек финалдағы қарсыласы анықталды, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Естеріңізге сала кетелік, Қазақстан қыздары В тобында сынға түсті. Алғашқы ойында Грекиядан 5:13 , одан кейін Венгриядан 6:23 есебімен жеңілді. Соңғы ойында Израильмен 7:7 есебімен тең түсіп, өз тобында үшінші орынға жайғасты. Бұл топта Грекия бірінші, Венгрия екінші орын алды. Соңғы орынды Израиль місе тұтты.

А тобында алғашқы екі орынды бес ұпайдан жинаған Италия мен Нидерланды өзара бөлісті. Үшінші орындағы Франция 2 ұпай алса, Словакияның қоржыны бос. Енді Қазақстан қыздары ширек финалда Нидерландымен кездеседі.

Сондай-ақ, жарыстың аталған сатысында Словакия мен Грекия, Франция мен Венгрия, Италия мен Израиль құрамалары шеберлік байқасады. Ойындар бүгін өткізіледі. Іріктеу турнирі 24 қаңтарда мәресіне жетеді. Олимпиадаға екі жолдама беріледі.

Естеріңізге сала кетелік, Қазақстан құрамасы Олимпиадада екі мәрте бақ сынады. 2000 жылы – 6, 2004 жылы – 8 орын алды.