Жаңалықтар

Елордада «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының зертханасы ашылды

Білім басқармасы және Білім беруді жаңғырту орталығының ұйымдастыруымен №52 мектеп-гимназиясы базасында «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының зертханасы ашылды. Еліміздегі алғашқы зертхана педагогика ғылымдарының докторы, профессор Нұрша Оразахынованың ғылыми еңбегі негізінде жұмыс істейді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Ашылу рәсіміне Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының орта білім беру институтының басшысы Шолпан Шүйіншина, қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазықызы, Мәдениет және спорт министрлігі «Адалдық алаңы» жобалық кеңесінің өкілі Ерқожа Тілепбердиев, Білім басқармасы басшысының орынбасары Асыл Амангелдиева және мектеп директорлары мен қазақ тілі пәнінің үздік педагогтары қатысты.

Аталған зертхана Үкіметтің «Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі» қаулысына сәйкес, «Мәңгілік ел» жалпы ұлттық идеясын басшылыққа ала отырып, Нұр-Сұлтан қаласының орта білім беру ұйымдарында жүзеге асып жатқан «Профессор сабағы» жобасы аясында іске қосылды.

«Қазіргі күні балаларымыз қазақ тілінің дыбыстарын дұрыс атай алмайтын дәрежеге жетті. Осыған байланысты балаларға Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми кешенін негізге ала отырып сатылай кешенді оқыту әдісін 12 жылдан бері практикалық тұрғыда қолданып келемін. Осы теорияны зерттеу барысында шетелдің, Ресейдің көптеген технологияларын зерттедім. Бірақ білім саласындағы тұнып тұрған кемшіліктердің шешуін Алаш арыстарының еңбектерінен таптым. Білімнің 90 пайызы мектепте берілуі керек дейді ғой. Мен мектепте оқушыларға сабақ бергенде осы ұстанымды ұстанамын. Сондықтан да шығар осы технологияның арқасында еліміздің түкпір-түкпірінен білікті қазақ тілінің мамандары шықты. Бүгін Білім беруді жаңғырту орталығының мұрындық болуымен осында зертхана ашылып жатыр. Алдағы уақытта республика бойынша онлайн режимде біраз жұмыс атқаруды жоспарлап отырмыз», – деді технология авторы Нұрша Алжанбайқызы. 

Сатылай кешенді талдау – тек қана білімді белгілі бір көлемде беріп, қажетті шеберлік пен дағдыны меңгертумен ғана шектелмейтін, сонымен қатар баланың жан-жақты дамуына, ойлау, есте сақтау, қиялдау, елестету сияқты басқа танымдық – психологиялық қасиеттерінің жақсы үйлесімді дамуына бағытталған, қазақ тілінде ойлайтын, қазақ мәдениетін меңгерген тілдік-мәдени тұлға қалыптастыратын оқытудың түрі.

Аталмыш технология оқушының кез келген пәнді жеңіл игеруіне жол ашады. Ал зертхана тәлімгерлері осы технологияның негізінде қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын, орыс тілі, математика пәндерін жылдам әрі тыңғылықты оқытатын болады.

«Нұрша Алжанбайқызын бұрыннан білеміз. Бұл кісі ешкімнен атақ пен абырой сұрамай осы технологияны қайтсем Қазақстанның барлық мектебіне енгіземін деп жүрген жанкешті ғалым. Міне, ақыры автордың ойы мен тілегінің іс жүзіне асқанына бүгін куә болып отырмыз. Сондықтан сатылы кешенді оқыту технологиясын қолдаған барлық азаматқа алғысымыз шексіз. Елорда — еліміздегі қазақ саны көп орналасқан екінші қала. Сондықтан қазақ тілінің сапалы оқытылуы бас қаламыздан бастау алғаны қуантады», – деді қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазықызы. 

Зертхананы құрудағы басты мақсат Нұрша Оразахынованың «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы арқылы қазақ тілінде ойын толық жеткізе алатын, ұлттық құндылықтарды бағалай білетін, қазақтың тарихы мен мәдениетін терең меңгерген,  ұлттық санасы қалыптасқан, рухы биік көптілді, білімді тұлға қалыптастыру.

Ғылыми зертхана базасының Бейімбет Майлин атындағы №52 мектеп-гимназиясында құрылуы да бекер емес. Себебі мектеп жанында инклюзивті білім беру мекемесі жұмыс істейді. 

Көктем ҚАРҚЫН

elorda.info

Back to top button