Елордада TED Talks форматында «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» тақырыбында кездесу өтті

0
159

«Нұрлы жол» вокзалындағы мамандандырылған ХҚКО-да TED Talks форматында «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» тақырыбында кездесу өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Сыбайлас жемқорлықтың зиянды салдары туралы түсінік қалыптас­тыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қызметкерлерді сыбайлас жемқорлық схемаларына тарту тәуекелдерін азайтуды мақсат еткен кездесуде орталық қызметкерлеріне елордадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және қоғамдағы адалдық мәдениеті туралы айтылды.

Конференцияға заң ғылымдарының докторы Есберген Алауханов, «Нұр Отан» партиясы Бірлік филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шыңғысхан Қожахметов, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми-зерттеу орталығының сарапшы-талдаушысы Айбек Қабылдин, «Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің үйлестірушісі Сәуле Бисембаева, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің қызметкері ­Қозыбаев Диас, т.б. қатысты.

Заңгер Есберген ­Алауханов қала әкімінің бастамасымен, сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі басшылығының негізінде құрылған «Адалдық алаңындағы» білікті заңгерлерден кеңес алуға болатынын айтты.

«1999 жылы алғаш рет жемқорлық туралы заң қабылданды. Ол заң содан бері қарай даму үстінде. Қазіргі Қылмыстық кодексте 16 бап жемқорлық қылмыстар деп аталады. Жемқорлық бойынша қылмыстық жаза алған адамға бұрынғыдай рақымшылық жоқ, сонымен бірге қосымша жаза ретінде мемлекеттік қызметке келмейтін болды, сондықтан әрқайсымыз сыбайлас жемқорлық белгілерінен аулақ болуымыз керек. Қазір бұрынғыдай бір шаруа үшін пара ұсынатын заман емес, жаңа институт келді, цифрландыру ғасырының игілігін көрудеміз, соның өзінде құқықтық сауатымыз нашар болғандықтан бір шаруа үшін тамыр, таныс, ақша іздеп жүреміз», – деген Е.Алауханов құқықтық сауаттылықты, құқықтық мәдениетті көтеру мәселелеріне тоқталды.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының атынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелерді зерттеу ғылыми-зерттеу орталығының сарапшы-талдаушысы Айбек Қабылдин сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының мүмкін себептеріне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді саясатты қалыптастырудағы адалдық мәдениетінің рөлі, сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік атмосферасын құрудағы халықаралық тәжірибе, тұтастық мәдениетін дамыту тұтқалары және тұтастық тұжырымдамасының ұлттық негіздеріне тоқталды.

Жадыра Шамұратова