«Нұр-Сұлтан-Петропавл» тасжолында бетон жолдарды қорғауға арналған технология апробацияланды

0
129

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ «UneedUs» компаниясымен және «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен» бірлесіп, автомобиль жолдарының цементбетон жабындыларын қорғауға арналған Endurablend полимерлік қабатын апробациялады, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Жаңа әдіс тәжірибелік-эксперименттік участкеде, атап айтсақ, «Көкшетау қаласы арқылы «Нұр-Сұлтан-Петропавл» тасжолының 19-ыншы және 69-шақырымында қолданылды.

«UneedUs» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің берген мәліметінше, Endurablend технологиясының арқасында жабындының беріктік қасиеті анағұрлым артады. Ал оның құрамындағы минералды материал жолдың кедір-бұдырлығын қалпына келтіруге сеп болады. Бұдан бөлек, небәрі 4 мм болатын жіңішке қабат қолданыстағы жабындымен жақсы ілініседі. Толық тығыздалып, қыс уақытында да шыдас бермек. Полимерлік қабат төселгеннен 30-40 минут өткен соң автокөліктердің қозғалысын ашуға болады екен.

«Көкшетау қаласы арқылы «Нұр-Сұлтан-Петропавл» тасжолының тәжірибелік-эксперименттік участкелерін мамандар бақылап, арнайы зерттеулер жүргізетін болады. Оң нәтижелер алған жағдайда цементбетонды жабындыларды пайдалану мерзімі ұлғайтылады деп күтілуде. Ашық саңылаулар герметизацияланып, жөндеу мен күтіп-ұстауға қажетті шығындар едәуір қысқартылмақ.