Қазақстанда 8,5 мыңнан астам орта медицина қызметкері жетіспейді

0
143

ҚР ДСМ Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры Қанат Төсекбаев елімізде медицина қызметкерлерінің тапшылығы қандай жолдармен шешіліп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Осы жылдың 15 шілдесіндегі жағдай бойынша дәрігерлік кадр дефициті 5 201 бірлікті құрайды. Ең көп сұраныс Қостанай облысында тіркелді. Бұл өңірге 623 дәрігер жетіспейді. Жас мамандарды бөлгеннен кейін кадр жетіспеушілік мәселесі біртіндеп реттеліп жатқаны байқалады. Сонымен 10 қыркүйектегі жағдай бойынша кадр қажеттілігі 1 079 дәрігерге азайды. Қазіргі уақытта дәрігер жетіспеушілігі 4 122 бірлікті құрайды», – дейді Қанат Төсекбаев.

Ведомство басшысы өз сөзінде қай салада дәрігерлерге сұраныс басым екенін қозғап өтті.

«Анестезиолог-реаниматолог, терапевт, жалпы практика дәрігері, лаборант дәрігерлер, акушер-гинеколог, инфекционист, т.б. Орта медицина қызметкері бойынша елімізде дефицит 8 583-ті құрайды», – дейді орталық директоры.

Айта кетейік, Қанат Төсекбаев брифинг барысында елімізде 254 мыңға жуық медицина қызметкері жұмыс істейтінін мәлім еткен болатын.