Ұлттық музейде «Өнер төресі» атты көрме басталды

0
68

ҚР Ұлттық музейінде «Өнер төресі» атты сәндік-қолданбалы өнер көрмесі басталды, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Музей қорынан жинақталған көрменің мақсаты – тарихы терең ұлттық сәндік-қолданбалы өнерді насихаттау.

Ашылу салтанатында ҚР Ұлттық музейі заманауи өнер бөлімінің жетекшісі М.Досаноманова, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер және дизайнерлер Одағының мүшесі Тілеужан Батанов сөз сөйледі.

Көрмеге ХХ ғасырдың екінші жартысындағы шеберлердің туындыларымен қатар заманауи суретшілердің киізден, ағаштан жасалған еңбектері, инсталляция, гобелен, зергерлік бұйымдар қойылды.

Көрмеге келушілер Мұхамеджан Зейнелхан, Бәтима Зәуірбекова, Сәуле және Әлібай Бапановтар, Сержан Баширов, Эдуард Казарян, Латиф Қазбеков, Тілеужан Батанов сынды әлемдік көркемсурет кеңістігінде өзіндік қолтаңбасы бар қылқалам шеберлерінің туындыларымен танысты.

Халқымыздың ғасырлар қойнауынан бастау алатын ұлттық кәсібі мен қолөнеріне негізделген сәндік-қолданбалы өнері ұлттың әдет-ғұрпымен, өмір салтымен, эстетикалық көзқарастарымен тығыз байланысты. Заманауи суретшілердің тенденциялары әртүрлі материалдар мен техникаларды біріктіре, абстракционисттердің сурет салу тәжірбиелерін киіздің бетін көшіре отырып, коллаж әдісін пайдаланып жасаған киіз туындылардан көрінеді. «Мұрагерлік» және «сабақтастық» тендециялары және заманауи бейнелеу өнерінің композициялық тәжірбиесін игеру ши бетіне салынған ою-өрнектерден байқалады.

Жалпы көрмеге 70-ке жуық өнер туындысы қойылды. Экспозицияда ұсынылған бұйымдар қазақ халқының мәдени-тұрмыстық ерекшеліктерін көрсетеді.