Жаңалықтар

Елордалық жасөспірімдер хоккейден жеті дүркін ел чемпионы атанды

Нұр-Сұлтан қаласында 6-10 мамыр күндері 2004 жылы туған балалар мен жасөспірімдер командалары арасында шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасы чемпионатының үшінші кезеңі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Елорда Инфо қала әкімдігіне сілтеме жасап.

«Барыс» спорт кешенінде өткен жарысқа Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Өскемен қалаларынан алты команда қатысты.

Нұр-Сұлтан қаласының «Астана-1» командасы қарсылас шақ келтірмей ел чемпионатының жеңімпазы атанды. Екінші орын да елордалықтар еншісінде. «Барыс 2005» командасы чемпионаттың күміс жүлдесін жеңіп алса, үшінші орынды Өскемен қаласының «Торпедо» командасы иеленді.

Команда бапкері Асқар Майжолов балалардың бұл ел чемпионатындағы жетінші жеңісі екенін атап өтті.

«Бұл ойын ел чемпионатының шешуші кезеңі болатын. Біздің команда топ жарып, жетінші рет чемпион атанып отыр. Бұл рекордтық көрсеткіш десек те болады. Жалпы команданың ойынына көңілім толады. Балалар өздерін көрсете білді, дегенмен бұдан да жоғары деңгейдегі ойын көргім келеді. Алдағы жоспар маусымды қорытындылап, жастар құрамасы арасындағы ел чемпионатында жоғары нәтиже көрсету», – деді Асқар Қайратұлы.

elorda.info

Back to top button