Жаңалықтар

Елорданың жас спортшыларына отандық киім-кешек берілді (фото)

Бүгін елордада тағы бір қайырымды іс жасалды. Рамазан айында спортшы балаларға жаңа киім-кешек таратылды, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Profit» спорт және фитнес клубының қатысушыларына, яғни түрлі спорт секцияларына қатысатын балғындарға отандық киім-кешек сыйға берілді.

Петропавл қаласының «Прогресс» тігін фабрикасының бас директоры Алмат Смыковтың айтуынша, жас спортшыларға «IRBY style» брендімен тігілген 150 қалың әрі жұқа күртеше, жилеттер мен жемпірлер сыйға тартылды. Оның мәлімдеуінше, бұндай қайырымдылық шаралары ара-тұра ұйымдастырылып тұрады.

Іс-шараға мәдениет және спорт министрлігінің спорт амбассадоры, күш өнерінен әлемнің, Гиннесс рекордтар кітабының әрі Қазақстанның бірнеше дүркін рекордшысы, гір спортынан спорт шеберлігіне үміткер, қазақ балуандары Қажымұқан Мұңайтпасұлы мен Балуан Шолақтың күш өнерін жалғастырушы, танымал қазақстандық балуан Сергей Цырульников те қатысты.

Ол балаларға спортшылар туралы сұрақ-жауап ойынын өткізіп, ақыл-кеңесін айтып, өз өнерін де көрсетті. Алып денелі жігіт темір-терсек, балға, шегені оп-оңай майыстырып, жылытқышты (грелка) үрлеп, жарып жіберді. Тура мағынада «тепсе темір үзетін» жігіттің өнеріне тәнті болған балғындар одан қолтаңба алып, бірге суретке түсіп, мәре-сәре болды.

«Қайырымдылық шарасы әсіресе қазіргі күрделі кезеңде өте маңызды. Көптеген адам мұқтаж. Менің және достарымның осындай мүмкіндігі болғанда біз әрдайым осындай акциялар өткізіп тұрамыз. Мүмкіндігінше көмектесуге, әлеуметтік жұмыс жүргізуге тырысамыз. Меніңше, бұл – әр саналы адамның борышы», – деді Сергей Цырульников тілшіге берген сұқбатында.

Қымбат Елтайқызы

Қымбат Елтайқызы Elorda.info сайтының тілшісі

elorda.info

Back to top button