Жаңалықтар

Павлодардағы ондаған көше атын ауыстыруға қатысты ресейліктердің ойы қандай

Кеңес Одағынан келе жатқан Керекудегі бұрынғы көше атауларын жаппай қазақы атқа ауыстыру жөнінде бірқатар ресейлік сарапшы өздерінің пікірлерін білдірді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

km.ru мәліметінше, Ресейдегі МГУ-дің мемлекеттік саясат кафедрасы басшысының орынбасары Максим Вилисов Павлодардағы көше атауларын ауыстыру процесін тоқтату мүмкін емес деп санайды.

«Қазақстанда мұндай жаппай көше атауларын ауыстыруға қатысты егқандай ішкі саяси келіспеушілік болмайды», – деді ол «Свободная пресса» тілшісіне. 

Сонымен қатар сарапшы бұл процесске Ресейдің кейбір саясаткері мен сарапшысы қарсы болуы мүмкін екенін, бірақ олардың осы істің бастамашыл тобына әсер ете алуы екіталай екенін атап өтті.

«Оған араласу мәселені тек қана шиеленістіре түсуі мүмкін», – деді Вилисов.

Ал РФКП мүшесі Вячеслав Тетекин бұл жердегі мәселе Ресей билігінің бұрынғы одақтас республикалардағы ресейшіл күштерге жүйелі қолдауды мүлде көрсетпейтіндігінде деп есептейді.

«Ресейдің абыройы тым төмен түсіп кетті. Прибалттар мен поляктардың Кеңес әскерлерінің ескерткіштеріне не істеп жатқанын қараңыздаршы. Бұған байланысты Ресей қандай әрекет жасады? Коммунизмге қарсылық танытып жатқан кезде Қазақстандағы кеңестік атаулар берілген көшені біре-міреу қорғайды деу қисынсыз. Көше аттарын ауыстырумен айналысып отырған адамдар да Ресейдің КСРО мұрасы идеологиясы үшін тер төкпейтінін жақсы біліп отыр», – деді Тетекин. 

Естеріңізге салсақ, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Павлодардағы Мир, Ермаков, Урицкий, Циолковский, Донецкий, Кубанский сияқты Кеңес Одағынан бері өзгермеген ондаған көше атауын ауыстыру туралы шешім қабылданған болатын.

Нұрдәулет Кәкіштегі

Нұрдәулет Кәкіштегі Elorda.info сайтының тілшісі

elorda.info

Back to top button