70 жастағы ақсақал Абайға арнап ерекше отбасылық конкурс өткізді

0
54

Биыл елімізде 10 тамыз – Абай күні деп жарияланғаны белгілі. Осы мерекеге орай Шымкенттің 70 жастағы тұрғыны Сенбек Жәнібек ерекше отбасылық байқау ұйымдастырды. 7 бала, 27 немере мен 2 шөбере сүйген қария жанұясындағы алғашқы конкурс жайлы Елорда Инфо тілшісіне айтып берді.

– Мен мал дәрігерімін. Осы салада, жалпы ауыл шаруашылығы саласында үлкен нәтижеге қол жеткізгем. Әлі де мал ұстайтын қазақпыз. Шағын кәсіпкерлікпен де айналысамыз. Жұбайым – Сәулеш Жәнібекова.

Мен кішкентайымнан ұлы Абайға жақын боп өстім. Оның барлық қара сөзін, өлеңін бірнеше мәрте оқып шықтым, бірнешеуін жатқа білдім. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» да оқыдым. Менің атам, әкемнің әкесі Бөрібай маған жас кезімнен ақынның өлеңдерін оқытып жүрді. Ол кісінің бір-екі ауыз өлең шығаратын ақындығы да болушы еді. Сол атам маған Абайды сіңіріп кетті. Мен де өз ұрпағыма ақынды тануға, оған мойынсұнуға азғантай болса да септігімді тигізгім келді. Бүкіл дүниежүзі мойындаған қазақтың ұлы Абайын бұлар мойындамаса ұят қой.

Жеті балам – үш ұл, төрт қызым, 27 немерем, екі шөберем бар. Мен олардың бәріне ұлы ақынды дәріптеу мақсатында бір ай бұрын байқау жарияладым. Жүлде қорын да тағайындадым. Ол өзімнің және келіншегімнің бірнеше айлық зейнетақысынан тұрады. Қор 365 мың теңгені құрады. Бұл балаларды қызықтыру үшін жасалды. Қатысушы балғындарымызбен қатар конкурсқа белсенді атсалысқан жанұяға да сыйақы бекіттік. Сөйтіп барлығына тапсырма бердім. Олар: жеті атаңды атау, Абайдың бір-екі қара сөзі мен көбірек өлеңін жаттау.

Байқау қарсаңында бала-шаға жан-жақтан, басқа қалалардан жиналды. 10 тамыз – Абай күні боп бекітілді. Біздің конкурсымыз да осы күнге тұспа-тұс келді. Алдымен қазылар алқасын тағайындадық. Оған өзім төрағалық еттім. Содан кейін әйелім, күйеу балам мен екі қызым алқа мүшесі болды. Байқауға 20 немерем қатысты. Оларды үш топқа бөлдік: үлкендер тобы, орта жастағылар тобы және кішкентайлар тобы. Балалардың ең алды 12 өлеңге дейін, ең азы – кішілер 5 өлеңге дейін жаттаған. Ең кішкентайлар, тілі жаңадан шыққандар да былдырлап білгендерін айтты. Топтар арасында бірінші, екінші орынды анықтау өте қиын болды. Өйткені бәрі көп жаттаған және тақпақтап, керемет қып айтып берді. Мықты дайындалған. Өзіміз ақылдаса келе, бірінші орынды барлық топқа бердік, үлкендерге 20 мың теңгеден, орта топқа 15 мыңнан, кіші топқа 10 мыңнан тараттық. Ал қатыспағандарға 5 мың теңгеден сыйладық.

Конкурс өте қызықты әрі әділ өтті. Бірақ мұндағы мақсат бірдеме тарату не алу емес, мақсат – немерелерімді ұлы Абайға жақындату. Қазір балалар кітап көп оқымайды, соларды баулу керек болды. Мына ұрпақ ақынды танысын, білсін деген ниетпен, бұларға есігін ашып, жарық көрсетіп, ар жағын өздері игеріп кетер деген тілекпен өткіздік. Енді осыдан кейін өзімізше бір шаруа тындырғандай болып, марқайып отырмыз.

Бұл шаңырағымыздағы бірінші байқау. Бала-шағамның әрқайсысы әр жерде, сондықтан түгелінің басын жиі қоса алмаймыз. Енді бұлар конкурсқа үйреніп қапты. Кеше барлығы «енді Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза Әлі, Мұхтар Шаханов бар. Осы сияқты ұлы ақындарға дайындала беріңіз, біз келеміз» дейді. Ал мен «енді бұлардың бәрі ақын боп кете ме?» деп күліп отырмын. Абайдың 10 өлеңін жаттаған бала міндетті түрде одан әрі қызыға түседі. Ақынның туындыларының бәрі керемет. Өзім де кейде өлең жазатыным бар. Бұл өнерді Абайдан сіңірген шығармын деп отырмын.

Қымбат Елтайқызы