Қазақстанда коронавирусқа шалдығудың тәуліктік өсімі орта есеппен 2 есеге жуық азайды — Цой

0
28
Фото: primeminister.kz
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында эпидемияға қарсы шараларды іске асыру барысы қаралды. Еліміздегі қазіргі ахуал туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндады, деп хабарлайды Елорда Инфо primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Министр хабарлағандай, Қазақстанда 11 тамыздағы жағдай бойынша 100 164 науқас тіркелген, оның ішінде 25 171-і емделіп жатыр, 73 702 немесе 73,6% емделіп шықты. 1 291 адам көз жұмған. Инфекцияның репродуктивтілік көрсеткіші немесе қатаң шектеу шараларын енгізгенге дейін бір науқас жұқтыратын адамдар саны 1,72 құрады.

«Карантин енгізілгеннен кейін біз көбею көрсеткішінің тұрақты төмендеу үрдісін байқаймыз, ол 2 есеге, яғни 0,82-ге дейін төмендеді. Қысқа мерзімде елді жан-жақты және уақтылы қолдау аурудың қымбат диагностикамен қамтылуын мүмкіндігінше кеңейтуге мүмкіндік берді. Бүгінде Қазақстан ПТР-диагностикамен қамту бойынша әлемде 37-орында. Әрине, бұл ел бойынша сырқаттанушылық көрсеткіштерін өзгертті, тіркелген жағдайлардың саны артты – бүгінде Қазақстан 43-орында тұр», — деп түсіндірді А. Цой.

Анықталған пациенттерді уақтылы оқшаулау, амбулаториялық және стационарлық емдеумен қамту, сондай-ақ байланыста болған адамдарды бақылаумен қамту аурудың таралуын ұстап тұруға, ауыр пациенттерді бақылауға мүмкіндік берді.

Министр атап өткендей, уақтылы диагностикалаудың арқасында Қазақстан Covid-19-дан өлім-жітім бойынша 70-орынға шықты.

«Біздің еліміз коронавирус инфекциясы жағдайларын клиникалық-эпидемиологиялық мәліметтер негізінде зертханалық растаусыз алғашқылардың бірі болып тіркеді. Біріншіден, бұл ел халқының індет ауқымын түсінуі үшін қажет болды. Біз денсаулық сақтау жүйесінің қандай жүктемеге тап болғанын түсіндік. Статистикаға жаңа тәсілдерді енгізу төсек-орын қорын едәуір кеңейту есебінен пациенттердің ең көп санын стационарлық емдеумен қамтуға мүмкіндік берді. Бұл жүздеген адамның өмірін сақтап қалды. Өйткені, өмірді құтқару үшін қажет жасанды тыныс алуды қолдау тек стационарлық жағдайда ғана көрсетілуі мүмкін», — деді А. Цой.

Карантиннің бес аптасында төсек-орындардың бос болмауы 61%-ға, оның ішінде реанимациялық төсек-орындардың бос болмауы 69%-ға төмендегені байқалады. Емханалар үйде қызмет көрсету форматына көшті, мобильді бригадалардың саны 7,6 есеге артты. Бүгінде олардың 3 640-ы құрылып, жұмыс істеуде.

«Ағымдағы жылғы 11 тамыздағы жағдай бойынша онлайн-консультациялардың саны 5 шілдемен салыстырғанда 4 есе өсті, 404 консультациялық колл-орталықтар құрылды. Жедел медициналық көмек бригадаларының саны тәуліктік ауысымда 2 мыңға дейін артты. Жедел жәрдем, оның ішінде коронавирус бойынша шақырулар саны 62%-ға төмендеді. Қабылданған шаралардың арқасында денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеменің негізгі көрсеткіштерін төмендетуге қол жеткізілді», — деді ведомство басшысы.

Орташа алғанда, ел бойынша аурудың тәуліктік өсімі 2 есеге жуық төмендеді және сауығып кеткендер саны 73,6%-ға дейін өсті.

Мәселен, 11 тамыздағы жағдай бойынша Түркістан облысынан басқа өңірлердегі репродуктивтілік көрсеткіштерінің көрінісі бірліктен төмен, бұл енгізілген карантиннің және жағдайды тұрақтандыру бойынша жаппай қабылданған шаралардың тиімділігін тағы да растайды. Карантиндік шараларды жеңілдетудің әзірленген критерийлеріне сәйкес, министрлік инфекцияның репродуктивтілік көрсеткіштерін, соңғы аптадағы аурушаңдық көрсеткіштерін, сондай-ақ өлім-жітім көрсеткіштерін қадағалап отырады.

«Карантиннің бес аптасында репродуктивтілік көрсеткіштері 1,15-тен 0.82-ге дейін төмендеді, ауруға шалдығу көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 56,73-тен 36,2-ге дейін төмендеді. Денсаулық сақтау жүйесіне түсетін негізгі көрсеткіштер мен жүктемелердің жоғарыда көрсетілген оң серпіні карантиндік шараларды кезең-кезеңімен жеңілдету мүмкіндігін айғақтайды. Бұл жеңілдету шаралары қоғамдық орындарда маска режимі мен гигиенаны қатаң сақтау, сондай-ақ халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қамтамасыз ету арқылы жүргізілуі тиіс», — деп түйіндеді А. Цой.