Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша тауарлар өндірісі 2,1%-ға өсті — Дәленов

0
20
Фото: primeminister.kz
Фото: primeminister.kz

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР 2020 жылғы қаңтар-шілдедегі әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы туралы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов баяндады, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Р. Дәленов атап өткендей, 2020 жылғы қаңтар-шілденің қорытындысы бойынша тауарлар өндірісі 2,1%-ға өсті, сонымен бірге, көрсетілетін қызметтер 6,2%-ға қысқарды. Нәтижесінде, жедел деректер бойынша, жалпы ішкі өнім 2,9%-ға төмендеді. Жылдық инфляция 7,1% құрады. Бұл күтілген инфляция дәлізінен төмен (8-8,5%).

Министрдің айтуынша, есепті кезеңде келесідей жағымды үрдістер байқалуда.

«Экономиканың нақты секторында өсім жалғасуда. Ең алдымен, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы салаларында. Импорттың төмендеуі аясында оң сауда балансы сақталуда», — деді Р. Дәленов.

Сонымен қатар, карантиндік шектеулерге байланысты сервистік қызметтер көлемінің қысқаруы, сондай-ақ мұнай өндіру қарқынының жоспарлы төмендеуі байқалады, бұл экономиканың өсуін тежеуші факторы болды.

Өндірістік секторда 2,1%-ға өсім байқалады, оның ішінде құрылыста – 6,3%, өңдеу өнеркәсібінде – 3,8%, ауыл шаруашылығында – 2,5%-ға.

Сонымен бірге, қызметтер секторы салаларында, оның ішінде жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар – 4,3%, әкімшілік қызметтерді көрсету – 5,3%, сауда – 11,9% және көлік қызметтері – 15,6% төмендеу көрсетті. Бұл ретте, байланыс қызметтері 8,7%-ға артты.

Осы жылғы маусымымен салыстырғанда, шілде айында қызмет көрсетудің бірқатар салаларында өсім жалғасты.

«Яғни, бір айда қаржылық және сақтандыру қызметі 29%-ға, тұру және тамақтану бойынша қызметтер – 10,2%, деректер беру – 6,7%, ұялы байланыс – 4,1%, интернет желісі 2,9%-ға өсті. Сондай-ақ жүк айналымы 5,6%-ға, оның ішінде темір жол көлігімен тасымалдау – 5,5%-ға, құбырлармен тасымалдау – 2,9%-ға өсті», — деді министр.

Қаңтар-маусымда сыртқы сауда айналымы $42,5 млрд құрады. Экспорт $26 млрд, импорт $16,5 млрд құрады. Сауда балансының оң сальдосы $9,5 млрд деңгейінде сақталуда.

Өнеркәсіп өндірісі 1,3%-ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 3,8%-ға ұлғайды. Бұл ретте мұнай өндіру қарқынының жоспарлы төмендеуі нәтижесінде тау-кен өндіру өнеркәсібі 0,4%-ға төмендеді.

Өнеркәсіп бойынша өсім көптеген өңірлерде байқалады. Ең көп өсімді Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы көрсетті.

Өңдеу өнеркәсібі озық қарқынмен өсуде. Өсім 3,8% құрады. Бұл өсім негізінен фармацевтиканың, дайын металл бұйымдарын өндірудің, машина жасаудың, оның ішінде автомобиль жасаудың, жеңіл өнеркәсіптің өсуімен қамтамасыз етілді. Өңірлер бойынша жоғары өсім Қостанай, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады.

Р. Дәленов атап өткендей, есепті кезеңде негізгі капиталға 6,1 трлн теңге сомасында инвестиция тартылды. 13 өңір өсім көрсетті. Ең жоғары өсім Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында байқалады. Құрылыс 6,3%-ға ұлғайды. Құрылыс жұмыстарының жоғары өсуі Шымкент қаласында және Түркістан облысында байқалады. 7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,5%-ға көп. Р. Дәленов атап өткендей, өңірлерде 7 экономикалық көрсеткіш бойынша жалпы жағдай келесідей.

Екі көрсеткіш бойынша (сауда және көлік салалары) карантиндық шараларға байланысты төмендеу байқалуда. 5 көрсеткіш бойынша 7 өңірде өсу байқалады. Олар – Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары. 4 көрсеткіш бойынша 7 өңірде өсу тіркелді. Бұл орташа деңгей. Ал, 3 өңірде 3 көрсеткіш бойынша ғана өсу байқалады. Олар – Атырау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстары.