Жаңалықтар

Тасқынға тосқын: Екі өңір құтқарушылары Қояндыда қызу жұмыс жүргізіп жатыр

Елорда маңындағы Целиноград ауданының Қоянды ауылында Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысының құтқарушылары үш тұрғын үй маңынан еріген қар суын сору бойынша апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәлидің айтуынша, онда қардың күрт еруі және шалшық судың жиналуы салдарынан бірнеше үй мен аула аумағын су басқан.

Фото ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен

«Апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізуге ТЖД мен жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері жұмылдырылды. Атап айтқанда 49 адам, 17 бірлік техника, 9 бірлік мотопомпа. Сонымен қатар Целиноград ауданының Талапкер, Қараөткел, Қоянды, Арайлы, Қаражар, Қызылжар, Ақмол, Қосшы, Қабанбай батыр, Қызылсуат және Жарлыкөл ауылдарында да еріген қар суын сору жұмыстары жүргізілуде. Бүгін сағат 10.35-те Нұр-Сұлтан қаласынан «Қазавиақұтқару» АҚ МИ-869 тікұшағы су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізу үшін әуеге көтерілді. Бағыты «Вячаслав» су қоймасы – Қоянды – Ильинка – Преображенский су реттегіші. Тікұшақ ернеуінде Ақмола облысы ТЖД, әкімдіктің, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің, «Қазгидромет» РМК өкілдері бар. Жағдай Ақмола облысы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев пен жергілікті атқарушы органдардың бақылауында», – деді Талғат Уәли. 

Айта кетсек, Ақмола облысында қардың еруі салдарынан су басуға жол бермеу үшін елдімекендерде қар шығару жұмыстары жүргізілуде.

Фото ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен

ТЖМ ресми өкілінің дерегінше, Ақмола облысы бойынша 447 813 текше метр қар шығарылып, 177 921 текше метр еріген қар суы сорылған. Сол сияқты 13 482 қапқа инертті материалдар салынып, төселсе, 2 511 метр бөгет нығайтылып, 128 084 метр су бұру арналары мен арықтар тазартылған, 2 099 метр арна мен арықтар қалыпқа келтірілген.

Нұрдәулет Кәкіштегі

Нұрдәулет Кәкіштегі Elorda.info сайтының тілшісі

elorda.info

Back to top button