Жаңалықтар

Twitter Clubhouse-ды 4 млрд долларға сатып алмақ болды

Сlubhouse әлеуметтік желісін сатып алу мақсатында бірнеше ай бойы Twitter келіссөздер жүргізді. Бұл туралы Елорда Инфо тілшісі Bloomberg-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Twitter тарапы Сlubhouse-ға 4 млрд доллар ұсынған. Алайда келіссөздер жемісті болмай, белгісіз уақытқа кейінге шегерілген.

Бұл туралы Twitter басылымдарға пікір білдіруден бас тартса, Сlubhouse өкілдері әзірге еш жауап қатпаған.

Bloomberg хабарлағандай, осы аптада Clubhouse қаржы тарту жөнінде келіссөздер жүргізуді бастапты. Алайда қаржының қанша сома екендігі, кімнің инвестор болуы мүмкін екені әзірге ашып айтылмаған.

Айта кетсек, Clubhouse – 2020 жылы іске қосылған әлеуметтік желі. Ондағы тілдесу аудиотоптар арқылы жүргізіледі. Мобильді қосымшаға қосылу желі қолданушыларының бірінің шақыруы арқылы немесе тіркелуге кезек күту арқылы ғана жүзеге асырылады.

Биылғы ақпанда Clubhouse WhatsАpp пен Facebook-тен кейінгі көп жүктелетін үшінші мобильді қосымша болды. Ал наурыз айының ортасында Clubhouse-ды әлемнің түкпір-түкпірінен 12,7 млн адам телефонына жүктеген.

Ал Twitter акциялары сәрсенбі күні 3 пайызға өскен. Жалпы, нарықтағы құны 55,1 млрд долларды құраған.

Нұрдәулет Кәкіштегі

Нұрдәулет Кәкіштегі Elorda.info сайтының тілшісі

elorda.info

Back to top button