ЖаңалықтарТәуелсіздіктің 30 жылдығы

Зиялы қауым өкілдері Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады

Бүгін Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен елордалықтарды зиялы қауым және шығармашылық интеллигенция өкілдері құттықтады. Бұл туралы Елорда Инфо қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Құттықтаушылар арасында Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы, белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібеков, абайтанушы ғалым, профессор, Қазақстан ғылым академиясының академигі Ғарифолла Есім, белгілі эстрада жұлдызы Ибрагим Ескендір, парадзюдошы Шамей Ерғали сынды азаматтар бар.

«Құрметті, елорда тұрғындары! Бүгінгі рәміздер күнімен баршаңызды құттықтаймын! Біз әр уақытта рәміздеріміздің мәртебесін көтеріп, оның дәрежесін биіктете берейік! Елордамыз дүние жүзіне белгілі, сәлеті мен дәулеті жарасқан қала болуына атсалысайық», — дейді Жандарбек Мәлібеков.

Өз кезегінде ғалым Ғарифолла Есім мемлекеттік рәміздердің әрқайсысының рөліне жеке-жеке тоқталып өтті.

«Мемлекеттік рәміздер елдің тарихын, оның дүниетанымын, келешекке деген түсінігін білдіреді. Рәміздерді білу — әр қазақстандықтың парызы. Оны балабақшадан бастап баланың санасына сіңіру қажет. Бұл азаматтық сананың негізгі белгісі. Рәміздерге деген қадір-қасиет азаматтығымыздың белгісі», — деді Ғарифолла Есім.

ХДСШ парадзюдодан Азия чемпионы Шамей Ерғали де құттықтауын жолдады.

«Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған рәміздеріміздің абыройы асқақтап, көк байрағымыздың биіктен желбіреуіне бар күш-жігерімді саламын», — дейді парадзюдошы.

Өз кезегінде әнші Ибрагим Ескендір былай деп тілегін жеткізді.

«Бәріңізді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын! Мемлекеттік Туымыз бейбітшілік аспанында желбірей берсін! Еліміздің әрбір азаматы Туымызды жанынан артық қорғауы керек деп білемін. Ту — намыс, жігер, бақыт. Туымызды өзімізден биік ұстайық. Көк туымызды желбірететін азаматтар көбейе берсін!» — дейді эстрада жұлдызы.

elorda.info

Back to top button