Жаңалықтар

Қазақстанда Әлеуметтік кодекс тұжырымдамасының жобасы жасалып жатыр

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сарапшылармен бірлесіп Әлеуметтік кодекс тұжырымдамасының жобасын әзірлеп жатыр. Оны биыл шілде айында Заң жобалау қызметі жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына шығару жоспарланған, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Әлеуметтік кодексті әзірлеудің мақсаты азаматтардың өздерінің әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін іске асыруы үшін институционалдық, экономикалық және ұйымдастырушылық жағдайлар жасау болып табылады.

«Қазіргі уақытта қазақстандықтарға 1 Кодекспен, 16 заңмен және 100-ден астам заңға тәуелді актімен реттелетін әлеуметтік қамсыздандыру шараларының кең спектрі ұсынылады. Жаңа кодекстің негізгі мақсаты – бұл халықтың түсінуін жеңілдету үшін осы саладағы қолданыстағы заңнаманың барлық нормаларын бір құжатта шоғырландыру. Әлеуметтік кодекс азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып әзірленеді және адам өмірінің әрбір кезеңіне қатысты бөлімдерді қамтиды. Бұл қазақстандықтарға мемлекеттік қолдау шараларын оңай түсінуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов.

Оның айтуынша, Кодексті қабылдау халықтың әлеуметтік заңнаманы түсінуін жеңілдетіп қана қоймай, нормативтік құқықтық актілер мазмұнының бірыңғай стилін қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, Кодекс шеңберінде азаматтардың әлеуметтік құқықтарын жүйелеу жүзеге асырылады – бір құжатта адамның өмір жолында, тіршілік әрекетінің барлық салаларында туындайтын барлық базалық құқықтар, оның ішінде ең төменгі әлеуметтік стандарттар көрсетілетін болады.

Тұжырымдаманы әзірлеу шеңберінде ҚР Парламентінің депутаттарын, орталық мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық кеңестердің өкілдерін, сондай-ақ бастамашыл азаматтарды қоса алғанда, әлеуметтік саланың түрлі бағыттары бойынша 100-ден астам сарапшының қатысуымен жұмыс тобы құрылды.

Жұмыс тобының қызметі барысында ҚР 30-дан астам заңнамалық және 150 заңға тәуелді актілері, сондай-ақ әлеуметтік заңнаманы реттеудің халықаралық тәжірибесі зерделенді.

Халықпен және қоғамдық бірлестіктермен өткізілген кездесулердің қорытындысы бойынша жұмыс тобы 500-ге жуық ұсыныс жинап, оларды қарады.

Жұмыс тобы Кодексті екі бөліктен тұратын – жалпы және ерекше бөліктерден жасауды ұсынады.

Жалпы бөлікте мемлекет пен азамат арасындағы әлеуметтік қатынастарды олардың өзара міндеттемелерін нақты айқындай отырып, құқықтық реттеудің негіздері белгіленеді.

Ерекше бөлікте әлеуметтік тәуекелдердің жекелеген түрлеріне арналады, онда оларға ден қою шаралары, әлеуметтік көмек алушылардың санаттары, төлемдердің мөлшері, оларды тағайындау шарттары мен мерзімдері айқындалатын болады.

«Кодексті әзірлеу және қабылдау қазіргі уақытта қолданылып жүрген 16 заңның күшін жоюға алып келеді. Яғни, мысалы, қазір мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері 5 Заңмен регламенттелетін болса, онда болашақта бір ғана Кодекс болады. Бұл ретте жаңа Кодекс бүгінгі күні бар барлық әлеуметтік кепілдіктер мен әлеуметтік қолдау нысандарының сақталуын, оның ішінде азаматтарды Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан зейнетақылармен, жәрдемақылармен және төлемдермен қамтамасыз етуді, мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етуді қамтамасыз етеді», – деп атап өтті Ақмәди Сарбасов.

Тұжырымдама бекітілгеннен кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік кодекстің өзін әзірлеуге кіріседі.

elorda.info

Back to top button