Жаңалықтар

Әлихан Бөкейхан мұрасын жан-жақты зерделеуге тиіспіз – Аймағамбетов

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Еуразия ұлттық университетінде өтіп жатқан «Әлихан Бөкейхан – қазақ елі мен жерінің тұтастық рәмізі» атты халықаралық конференцияда оның мұрасын жан-жақты зерделеу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Құрметті қауым, қадірлі әріптестер! Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде тарихымызды зерттеу, рухани мұрамызды зерделеу бойынша біраз жұмыс жүргізілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында «Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен небір нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиісті» деп жазған. Осы ретте әйгілі қазақ хандығынан кейін мемлекетшілдік тәжірибесін батыл жалғастырмақ болған Алаш қайраткерлері еңбегін, әсіресе оның көшбасшысы Әлихан Бөкейхан мұрасын жан-жақты зерделеуге тиіспіз», – деді А.Аймағамбетов.

Сондай-ақ ол Әлихан Бөкейханның білім, ғылым саласы бойынша мазмұнды ойларын жинақтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Алаш арыстарының бәрі дерлік білім саласын жаңғыртудың бастауында тұрды. Бұл ретте Алашорда үкіметін басқарған Әлихан Бөкейхан және білім комиссиясын басқарған Ахмет Байтұрсынұлының ұшан-теңіз қызметі, мұрасы, өсиеті біз үшін рухани темірқазық. Ә.Бөкейханұлының 155 жылдық мерейтойына орай ҚР Білім және ғылым министрлігі білім беру мекемелерінде тиісті шараларды бекітіп, оны өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен бірге ғылыми негізде тиісті зерттеулер және ғылыми жұмыстар өз бастауын алатын болады. Білім және ғылым министрлігі Әлихан Бөкейханның 155 жылдық мерейтойының шеңберінде ғылыми тұрғыда және білім саласында жұмыстар ұйымдастырады», – деді министр.

elorda.info

Back to top button