Жаңалықтар

Бизнес нысандарына «Аshyq» мобильдік қосымшасын қолдану міндеттелмейді

Бүгін қалалық әкімдіктің баспасөз орталығында өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласы бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова «Аshyq» мобильдік қосымшасын пайдалануға кәсіпкерлерді ешкім мәжбүрлемейтінін айтты,  деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Бұл жоба қауіпсіз орта құруға және келушілерді вирустың таралу қаупінен қорғауға бағытталған. Бұл ретте, «Аshyq» мобильдік қосымшасын пайдалану ерікті болып табылады, бизнес нысандарына оны енгізуге ешкім мәжбүрлемейді», деп көрсетті Сархат Бейсенова.

Пилоттық жобаға қатысатын кәсіпкерлер  келушілерді кіргізу және келушінің мәртебесін айқындау үшін арнайы QR-кодты сканерлейді.

Нұр-Сұлтан қаласы бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенованың айтуынша келушіде смартфон болмаған жағдайда, кәсіпкерлік нысанының қызметкері оның келісімін алған соң ақпараттық жүйеде мәртебесін тексеретін болады.

«Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирустық инфекция ауруларының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы» Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес «сары» және «қызыл» мәртебе анықталған, яғни оқшаулауға жататын пилоттық жобаға қатысып жатқан кәсіпкерлік нысанына келушілердің кіруіне жол берілмейді.

Ал егер кәсіпкерлік нысанына келген адамнан «сары» немесе «қызыл» мәртебе анықтаған жағдайда олар санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттерін хабардар етуі тиіс.

elorda.info

Back to top button