Елордада ардагерлер Президент Жолдауын талқылады

0
107

 

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының әкімдігінде астаналық Ардагерлер кеңесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын қоғам өкілдерімен бірлесіп талқылады, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

Жиын басында сөз алған ұйым төрағасының орынбасары Сәрсенбай Мыңбаев Мемлекет басшысының Жолдауында қозғалған проблемалар бүгінде қоғам үшін өте өзекті екенін айрықша атап өтті.

«Бас-аяғы бір жарым сағатқа созылған Жолдауда Мемлекет басшысы проблемаларды ашық, түсінікті тілмен жеткізді. Мысалға біздегі медицинаның жағдайын алайық. Дәрі-дәрмектің бәрі бізге шеттен келеді. Ақхалатты мамандардың жалақысы көңіл көншітпейді. Ал ауылды жерлердегі медицинаның халі тіптен мүшкіл. Бар болса мед.пунктер ғана ара-тұра жұмыс істейді, болмаса ол да жоқ. Тек аудан орталықтарында ғана бір ауруханадан бар. Ал отбасылық дәрігер дегеннің кім екенінен ауыл халқының хабары да жоқ. Президент оның шешім жолдарын ұсынды», — дейді Сәрсенбай Мыңбаев.

Ардагерлер кеңесінің өкілі сөзін жалғай отырып, елімізде ауыл шаруашылығы саласы да ақсап тұрғанын айта келе қажет кадрлар жоқ екенін жеткізді. Бұған қоса пандемия кезінде шағын және орта бизнес өкілдеріне жасалып отырған жағдайды, сол сияқты бала сүйе алмай жүрген отбасылар үшін «Аңсаған сәби» жобасы қолға алынғаны, одан бөлек Жолдауда қозғалған мәселелердің шешімі Қазақстан халқының қолайлы жағдайда өмір сүруіне септігін тигізетінін айтып өтті.

Кездесуде сөз сөйлеген ардагерлер Президент биылғы Жолдауында елдегі жағдайға терең талдау жасағанын, кемшіліктер туралы ашық айтып, оларды жою жолдарын көрсеткенін атап өтті.

Ардагерлерге Президенттің «экономика халықтың әл-ауқатын арттыру үшін жұмыс істеуге міндетті» деген сөзі орынды айтылған атап өтті. Кеңеске қатысушылар Қазақстанның одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына, Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға, білім деңгейін арттыруға, халықтың денсаулығын нығайтуға және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бағытты қолдады.