Елімізде коронавирустың симптомсыз түрін жұқтыру көрсеткіші 6 пайызды құрайды – Бюрабекова

0
10

Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова еліміздегі коронавирус инфекциясының көрсеткіші жайлы мәлімет берді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Өкінішке қарай, еліміздегі эпидемиялық жағдай күшейіп тұр. Инфекцияның симптомсыз түрін жұқтырғандар қатары басылар емес. Бұған қоса дәрілік заттармен қамтамасыз ету ісінде де қиындықтар бар. Желілерде кейбір дәрі түрлерінің жетіспеушілігі өзекті болып тұр», – дейді Л.Бюрабекова.

Ол сөз арасында инфекция жұқтырғандар саны өткен тәулікте 1 604 адамға жеткенін қозғап өтті. Айтуынша, бүгінге дейін 13 558 науқас емделіп шығыпты. Қазіргі уақытта 27 319 адам ем қабылдап жатыр. Оның арасында 249 бала бар.

«Стационарларда 11 242 пациент жатыр, ал амбулаторлық бақылауда 16 077 адам бар. Өткен тәулікте 489 симптомды науқас тіркелсе, еліміздегі инфекция өсімі 2,2 пайызды құрады. Басым бөлігі Нұр-Сұлтан (56 науқас), Алматы (86 науқас) қалаларында тіркелді. Ал симптомсыз түрін жұқтырғандар саны 1 115 адамды құрады. Еліміз бойынша өсім 6 пайызды құрады», – деді спикер.