00:00
Астана -10oC
USD:
473.15
EUR:
515.12
RUB:
5.4
Іздеу

Жамал Абдул-Насыр: Кілем тоқу бізге бабаларымыздан жеткен өнер

04.08.2023 | 08:00
188
Фото: Гүлжан Уалиева

 Астанада ҚР Сауда және интеграция мистрлігінің ұйымдастыруымен  Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумы аясында ауғанстандық тауарлар көрмесі өтіп жатыр. Көрмеде 70-тен аса компания мен жеке кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынуда. Солардың ішінде ауған елінде тұратын қандасымыз Жамал Абдул-Насыр Алим де бар. Ол аталған көрмеге өзінің көздің жауын алатын әдемі кілемдерін әкелген. Elorda.info тілшісі орайлы сәтті пайдаланып кәсіпкер қандасымызбен шағын сұхбат құрды. 

Өзіңізді отбасыңызды қысқаша таныстырып кетіңізші. Ол жақта қашаннан бері тұрасыздар?  

Менің жасым 32-де. 4 балам бар. Оның екеуі ұл, екеуі қыз. Ол жаққа менің ата-бабаларым ертеректе көшіп барған. Әкем өмірден ертерек өтіп кетті. Қазір әкемнің інісі бар.

Ауғанстанда этникалық қазақтар көп пе? 

Ауғанстанда қазақтар бар, бірақ аз. Біз ол елде  Фаряб қаласында тұрамыз. Бұрын ол жақтағы қазақтар саны біршама көп болатын. Соңғы жылдары біраз ағайындар ата жұртқа қоныс аударуына байланысты санымыз азайып кел жатыр.  Ол жерде бізбен бірге түркімен, өзбек диаспоралары да тұрады. Бүгін міне атажұртымыз Қазақстан мен ауған елі арасындағы ынтымақтастықтың арқасында осындай ауқымды көрме өтіп жатыр. Осы шараға біз де өз өнімімізді әкеліп ұсынып тұрмыз.

Ол жақтағы күнкөрістеріңіз қалай? Кәсіптің қандай түрімен айналысасыздар? 

Ол жақтағы қазақтардың да өзге ұлттардың да жағдайы жақсы. Бір-бірімен тату-тәтті жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Негізгі кәсібіміз табиғи қой жүндерінен кілем тоқып сатамыз. Бұл таза қолөнер жұмыстары. 

 Қолөнері жұмыс болған соң, уақытты да көп алатынын білеміз. Бір кілемді тоқып шығу үшін шамаммен қанша уақыт кетеді? 

Ол негізінен кілемнің көлемі мен ол жердегі ою өрнектерінің санына қатысты.  Мысалы, мына жердегі ұзындығы 3 метр, ені екі метрлік мың өрнек деген кілемімізді қыздарымыз сегіз ай тоқыды. 

Осыншама еңбекпен жасалған дүниенің бағасы шамамен қанша тұрады? 

Жоғарыда айтқанымдай көлемі мен жұмысына қатысты құны да әртүрлі болып келеді. Жалпы, бағасы 200-ден 2000 АҚШ доллары аралығында бағаланады. 

жамал 2.jpg

Сіздердің кілемдеріңіз өзгелердікінен артықшылығы неде? 

Басқа елдерде кілем өндірісі жартылай қолмен, жартылай арнайы машиналармен тоқылып жатады. Ал, біздер жүнді жуудан бастап ең соңғы жұмысына дейін тек қолмен жасаймыз. Сондықтан да кез-келген жерде ауған, түркімен, қазақ кілемдері ең мықты, сапалы деп өте жоғары бағаланады. 

Кілемдеріңіздегі түрлі оюлар мен өрнектерге қарап біздегі ұлттық ою-өрнектерге ұқсастығын байқап тұрмыз. Сіздер мұны негізінен кімнен үйрендіңіздер? 

Бұл кәсіп бізге ата-бабаларымыздан келе жатыр деп айтсам болады. Кезінде ауған еліне алғаш көшіп барған бабаларымыз киіз үйлерде тұрған. Сол кезде осындай өрнектері бар алаша, кілемді өздері тоқып алып тұрмыста қолданған. Мен ол кісілер осы жақтан көріп-біліп үйренуі бойынша жасады деп ойлаймын. Біздерге сол кісілерден жеткен өнер. Біз бала күнімізде де үйімізде сол кісілер тоқыған дүниелер болатын. Соларды көріп өскенбіз. Тағы бір нәрсе ол жақта кілем өндірісіндегі дизайнерлердің көпшілігі қазақтар. 

-Өндіріс орындарыңызда негізінен кімдер жұмыс істейді?

Жоғарыда айтқанымдай бізбен бірге түркімен, өзбек халықтары тұрады. Негізінен кілем тоқу жұмыстарын қыздар жасайды. Біз қой жүндерін тауып, өңдеп, ары қарай шебер қыздарымыз осындай әдемі сапалы кілемдер жасап шығарады. Өз өнімдерімізді Еуропа елдері мен АҚШ нарықтарына шығарудамыз. Сонымен қатар, өзіміз тұратын Ауғанстанның ішкі нарығына да ұсынамыз. 

Сөзіңіздің басында ол жақтағы біраз қандастарымыз соңғы кезде атажұртымызға көптеп қоныс аударып жатқанын айтып қалдыңыз. Өзіңіз де Қазақстанға қоныс аударғыңыз келмей ме?

Иә, атажұртымызға оралғымыз келеді. Ауғанстандағы кәсібімізді осы жаққа келіп жалғастырсақ та болар еді. 

 Екі-күн болды атажұртыңызда жүрсіз. Қазақстан туралы қандай ой түйдіңіз? 

Иә, бұл жақта барлығы керемет екен. Маған ұнады. Алдағы уақытта да бизнес басқа да жағынан болсын тығыз  байланыс орнатамыз деп ойлаймын. 

                                                                                                                                                                 Сұхбатыңызға рахмет!

Барлық жаңалықтар