00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Біз отыз жылда қазақы қоғам құра алмадық – Алдан Смайыл

24.02.2023 | 20:06
Елорда ақпарат
5

Тарихтың сырын білмейтіндер Ақмола атауы «мола» сөзінен шыққан деп соғады

– Тың игеру кезінде Целиноград атанған қаланың тәуелсіздіктің алғашқы жылдары байырғы Ақмола  атауын қайтарып алуы сіздің есіміңізбен байланысты екені рас. Осы уақиғаның қалай жүзеге асқанын баяндап беріңізші.

–1990 жылғы мамырда Целиноград қаласында қазақ тілі қоғамын құрдық. Мұны республикадағы алғашқы қазақ тілі қоғамы деуге болады. Тіліміз бен мәдениетімізді түгендеуді мақсат етіп қойған соң, оған «Тіл және мәдениет» деген ат бердік. Алғашқы шаруаларымыздың бірі жер атауларына қатысты болды. Іргеде жатқан Қажымұқан ауылы бар ғой, ол кезде Буденный деп аталатын. Осы ауылдың атын өзгертсек ештеңе бүліне қоймас дедік, жергілікті билік те онша қарсы болған жоқ, сөйтіп Буденныйдың атын Қажымұқанға алып бердік. Өйткені Қажымұқанның туған жері – сол жер, әке-шешесі де сол жерде жерленген.

Бұл істен кейін осындағы ақсақалдармен ақылдасып, өзіміз сияқты қызметте жүрген азаматтармен сөйлесіп, Целиноградтың Ақмола атын өзіне қайтарайық деп шештік. Тарихтың сырын білмейтіндер Ақмола деген сөз «мола» сөзінен шыққан деп соғады. Негізі «Ақмола» сөзі ғұндардың тілінде «батыстағы қамал, қорған» деген мағынаны береді. Сонымен не керек, сол кездегі обкомның бірінші хатшысы Браун Андрей Георгиевич деген кісіге барып, бұйымтайымды айттым. Ол болса, «Қолдарыңнан келетін шаруаны істеңдер, сенің айтып отырғаныңды істеу мүмкін емес, оған орысың да, казагың да, басқаң да көнбейді. Сосын сендерді, қазақтарды, білем ғой. Бастарың қосылмайды. Біреуің бастайсыңдар, бірақ қалғаның қостамайды, сол күйі тастайсыңдар» деді. Мен де болмадым: «Бастап көрейік. Ұсынайық. Таяуда облыстық кеңестің сессиясы болады, осы мәселені соның күн тәртібіне енгізіп беріңіз. Депутаттар қарсы болса, оны да көрерміз» дедім. Ол кездегі депутаттардың 99 пайызы орыстар ғой. Қостаған жоқ. «Тым болмаса осы мәселені зерттейтін комиссия құрайық» дедім. Дауысқа салғанда бұл да өтпей қалды. «Комиссияны құра салсаңдаршы. Осыдан бірдеңе шығады деп ойлайсыздар ма? Жүрсін солай» деді Браун. Осылайша комиссия құрылды. Маған да керегі сол болатын. Неміс, украин, татар, шеше, корей сияқты мәдени орталықтардың төрағаларын комиссия мүшесі етіп алдым. Төрағасы өзім болдым. Облыстық депутаттар кеңесі бекіткен комиссия болғандықтан, кез келген жерге барып, үгіт жүргізе алатын едім. Көп созбай Ақмола атын қайтаруға елден қол жинауға кірістік. Аз уақыттың ішінде 12 мыңдай қол жиналды. Соны Жоғарғы кеңеске апардық, ол кезде төрағасы Әбіш Кекілбаев болатын. Ол кісінің кабинетіне кіру оңай емес. Әбіштің баспасөз хатшысы Ербол Шәймерденов деген азамат болатын. Әлгі құжаттардың бәрін соған беріп: «Айналайын, мына құжаттар саған аманат, канцелярияға өзің тіркет, әрі қарай Жоғарғы кеңесте осы мәселенің қаралуына ықпал етерсің, мен ана жақтан тағы да хат жазармын ол кісіге» деп, тапсырып кеттім. Бәлкім сол шақта Ақмоланы астана ету Президенттің көңілінде жүрді ме, мына мәселе соған тұспа-тұс келе қалды ма, әйтеуір осы мәселе Жоғарғы кеңесте қаралып, 1993 жылы Ақмола атын қайтару туралы Президенттің жарлығы шықты.

Сол кезде Петропавл мен Павлодардағы жігіттерге де: «Қазір аласапыран болып жатқан уақыт. Орыстарға осы уақытта бәрібір. Сендер де осы қолайлы жағдайды пайдаланып, қала аттарын қазақшалап алыңдар» деп айтқан едім. Бірақ олар кешігіп қалды.

 

Коммунистік партия комитетін көшіріп жіберіп, сол ғимаратты театрға әпердік

– Ал өзіңіздің бастамаңызбен Целиноградта қазақ театрын құру идеясы қалай жүзеге асты?

– Театрды да бағанағы мәселемен қатар көтердік. Браунға қайта-қайта барам. Жалпы қазақ театры бұрын мұнда болған. Асылбековтер ертеде, төңкерістен бұрын үйірме құрған. Ол халық театры деген атақ алған. Соғысқа дейін өмір сүріп келіп, соғыс кезінде «бұл өзін-өзі ақтамайтын театр» деп оны жауып тастаған. Мен соны қайта ашу мәселесін көтердім. «Айналайын, бұрында заңсыз жабылған театрды қайтадан қалпына келтіру керек. Сөйтіп әділдікті қайтадан орнатайық. Бұл жақта театрға баратын халық жоқ па? Ел бар, жұрт бар, осыншама қазақ әлеуметіне театр ашып бермейтін сендерде қандай себеп бар?» дедім Браунға. Сосын ол біраз ойлана келе, қолдауға келісті. Сонда өз ішіміздегі кейбір азаматтардың: «Бізге театрдың керегі жоқ. Гастрольді көбейтеміз, іргедегі Қарағанды секілді қалалардың әртістерін шақырамыз» дегені де есімде. Сонымен не керек, 1990 жылы күзде облыстық атқару комитетінің төрағасы Қайредин Кәрібаевтың театр турасында қол қойған жарлығы шықты. Сол кісінің орынбасары Сайлау Байболов,  қалалық Атқару комитетінің төрағасы Аманжол Бөлекпаев, Браунның бірінші орынбасары Қайсар Омаров деген азаматтар театрдың тез арада шаңырақ көтеруіне көмектесті.

Енді біз ғимарат іздедік. «Октябрь» деген кинотеатр болатын, қазір қалалық әкімдіктің қарсысында тұрған ғимарат. Сол кездің өзінде тоз-тозы шыққан ғимаратты театр қылуға қарсы болдық. Ақмоланың бұрынғы базарында «Шолпан» деген кинотеатрды алыңдар деді, ол жақ – мүлдем шет аймақ, кілең сұрықсыз үйлердің ортасында тұр. Театрға лайық емес. Қалибек Қуанышбаев театрының бұрынғы ғимараты қалалық партия комитетінің үйі болатын. Ішіндегі партия комитетін көшіріп жіберіп, сол ғимаратты театрға әпердік. Комитеттің бірінші хатшысы: «Қалада 17 мың коммунист бар, соны түгел көшеге шығарып, ереуіл жасасаң да бермеймін» деп айғайлаған еді маған.

Ендігі мәселе – театрға директор табу болды. Облыстық атқару комитеті Қостанайдан бір кісіні алып келіпті. Мен оған қарсы болдым. Жақып Омаровты алдырғым келді. Рамазан Баймағамбетов, Сердеш Қажымұратов, Қайрат Кемалов деген актерлері өте талантты еді. Жақып менің ұсынысымды қабыл алып, бас-аяғы он бес шақты кісімен осында келді. Бас-басына үй бергіздік. Киім-кешек дейсің бе, мәшине дейсің бе, шеберхана дейсің бе, құрал-жабдық дейсің бе, қысқасы, театрға не керек – бәрін алып бердік.

Театр ашыларда Жақыпқа әр театрдың өзінің паспорт-қойылымы болатынын айтқан едім. Мысалы, Алматыдағы Әуезов театры шымылдығын «Еңлік Кебекпен», Семейдегі театр «Абаймен» ашады. «Сен Есенберлиннің «Қаһарын» дайында. Алматыдағы драматургтерге тапсырыс бер. Сахнаға соны шығарайық» дедім. Тыңдаған жоқ. Театрды «Ақан сері – Ақтоқтымен» ашты. Трагедиямен ашпа, жаман ырым деп қанша айтып едім. Ақыры ғұмыр ұзаққа бармады.

 

Үй-үйді аралап, қазақ класына баратын балалар іздедік

– Тағы бір жұмысыңыз қазақ мектептері мен қазақ балабақшаларын көбейту болды. Осы шаруа барысында қандай қиындықтармен тап келдіңіздер?

– Бағанағы айтқан қазақ тілі қоғамын аяққа тұрғызғаннан кейін кәсіпорындарда, аудандарда, совхоздарда, жоғары оқу орындарында бастауыш ұйымдарымызды құрдық.  Бір күні сондағы жігіттерді жинап алып, «Келесі оқу жылына дейін баласын қазақ кластарына бергісі келетін  ата-аналардан өтініш жинайық» дедім. Өзара квартал-кварталға бөліп алдық, жұмыстан кейін кешкісін үйлерді аралаймыз. Әркімнің реакциясы әртүрлі болды. Есікті орыс ашса «Извините» деп жаба саламыз, қазақ ашса қуанып, «Біз пәлен деген қоғамнан едік, қазақ класына баратын балалардың тізімін жинап жүрміз» дейміз. Ойланам дегендер де болды, бірнеше күннен кейін айналып келіп, оларға қайта соғамыз. Естімеген сөзіміз де қалмады, естіген алғысымыз да көп болды. Сөйтіп біраз өтініш жинадық. Он бес класс болатын бала саны табылып, тізімді түгел қалалық білім басқармасына өткіздік. Бірер уақыт өтіп, оқу жылы таяғанда, «Енді қазақ сыныптарына дайындық керек, мұғалім керек, оқулық керек, соны не қыламыз?» деп басқармаға қайта барсақ, бастығы «Сендер маған түк әкелген жоқсыңдар» деп қарап отыр. Өзінен қолхат та алмаған екенбіз. Бәрін жоғалтып жіберген ғой. Қалалық атқару комитетіне бардық, ондағылар тізімді бізге әкеліңдер деді. Мен жергілікті радио мен телевизияға шықтым. Ол кезде жұрттың бәрі радио тыңдап, теледидар көреді. «Баласын қазақ класына бергісі келетіндер өтініштеріңді қайтадан әкеле қойыңдар» деп хабарлама жасадым, ел де тездетіп қайта әкелді. Алғашқы жылы он бес класс аштық. Бұл іс әрі қарай жандана түсті.

Қазақ сыныптары көптеп ашылғаннан кейін енді мұғалім жетіспеушілігі сезіле бастады. Көбі орыс мектебінде сабақ береді. Ерінбей соларды аралап шықтым. Бірі математикадан, бірі химиядан, бірі биологиядан сабақ беретін қазақ мұғалімдерге барып: «Әй, айналайындар, негіздерің қазақ қой, қазақша оқулықтан оқысаңдар, қазақша беріп кетесіңдер» деп өтініш айттым. Оларға сабақты қазақша бергені үшін қосымша ақы төленетіндей жағдай жасадық. Оқулық та тапшы бола бастады. Қазақша оқулықтарды оңтүстікке телефон соғып, хат жазып, сол жақтан алдырдық.

Балабақша мәселесі және бар. Бұрынғы үй құрылысы комбинатының жаңадан салынған бақшасын қазақ балабақшасына айналдырдық.

Сол кезде төрт оқу орны болатын: Инженерлік-құрылыс институты, Пединститут, Ауылшаруашылығы институты және Медицина институты. Сондағы бар факультеттердің әрбірінен қазақ бөлімдерін аштық. Ауылдан келген талапкерлер енді емтиханды қазақша тапсыратын болды. Әрбір деканаттың жанынан сол қазақ бөлімдерін бақылап отыратын қызмет тағайындадық. Студенттерге оқулық жетіспегенде, әлгі төрт институттағы азаматтар талай оқулықты өздері аударған. Міне, аймақты қазақыландыру ісін осылай жүйелі түрде жүргіздік.

Аралас мектепке кезінде Әлиханның өзі қарсы шығып еді

– Мектептер жайына келгенде, мына статистиканы айтпай кетуге болмас. Қазір елордада 97 мемлекеттік мектеп бар. Соның 33-і таза қазақша мектеп, 8-і – таза орысша мектеп, ал 56-сы – аралас мектептер. Жалпы, аралас мектептің көбеюі ұлт болашағына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Мен осы аралас мектептердің тамыры тереңде жатқанын сезіп, тарихын зерттеген едім. Сөйтсем бұл мәселе сонау Әлихан Бөкейхановтардың кезінде пайда болыпты. Қазақтарға «балаң қазақша оқиды» деп айтады, сөйтеді де орыс мектебінің ішінен бір қазақ сыныбын ашып қояды. Мектеп бітіргенше сол балалар орыстармен аралас-құралас жүріп, солардың тілін, мінез-құлқын меңгеріп шығады. Бұл Ресей империясының қазақтарды отарлау саясатының бір амалы болды. Әлихан осыған қарсы шықты. Госдумада осы аралас мектептерді құрту мәселесін көтерді, жергілікті тілмәштарға талай рет хат жазып, «осыған қарсы шығыңдар, айналаңдағыларға түсіндіріңдер» деді. Кеңес үкіметінің кезінде аралас мектептердің көбейген себебі де сол. Өз басым бұған үзілді-кесілді қарсымын.

 

Елордадағы Қажымұқан ескерткіші өзінің лайықты орнын таппай тұр

– Елордадағы ескерткіштер мәселесін біраз сынға алдыңыз. Осы тұста тағы қандай жайттарға көңіліңіз толмайды? Сіздіңше, ескерткіш қоюға лайық, бірақ ұмытылып жүрген тұлғалар бар ма?

Астанадағы ескерткіштер қандай болуы керек, қандай ескерткіштер тұрғызылуы керек деген мәселе ертеректе қалалық әкімдікте сөз болған еді. Ономастика комиссиясының мүшесі ретінде мен бар, Ақселеу Сейдімбек бар, Хангелді Әбжанов бар, тағы біраз азамат болып Тәуелсіздік даңғылының концепциясын жасап бергенбіз. Ол бойынша Тәуелсіздік даңғылының бойына анау Мөде батыр, Тұмар ханымдардан бастап, беріректе қазақтың ұлт болып қалыптасуына үлкен еңбек сіңірген Алаш қайраткерлеріне дейінгі тұлғалар тұруы керек еді. Аяғында олай болған жоқ. Кейінгі жылдары Сәтпаев, Бигелдинов, Қошқарбаевқа ескерткіш орнатылды ғой. Алаш қайраткерлерінің де мүсінін қойды. Бірақ соларды көзге түспейтін елеусіздеу жерге, биік тұғырсыз қоя салған сияқтанды маған. Негізі ғалымның мүсінін ғалым жүретін жерге, батырдың мүсінін сол батырдың көшесіне, саясаткердің ескерткішін саясаткерлер жүретін жолға қою онша дұрыс емес. Олар жазушы ма, батыр ма, саясаткер ме – бәрі де ұлттық тұлғаға айналған адамдар ғой. Оларды бүкіл ел тануы керек, жұрт жүретін, бәрі көретін орынға қою қажет.

Қошқарбаевтың ескерткіші көркемдік кеңестен өтпеген секілді. Дәу қара тудың астында соны көтере алмай шаршап келе жатқан адам сияқты көрінеді. Рейхcтагқа ондай дәу туды апарған жоқ қой. Мен осыны биыл Мемлекеттік хатшымен кездескенімде де айтып едім.

Астананың парктерін көп аралаймын. Бір мүсін жоқ. Қазір қайтыс болған кісілердің атынан парктерде аллеялар көбейіп кетті ғой. Меніңше, саябақты олай қайтыс болған кісілерді еске алатын жерге айналдыруға болмайды. Саябақ мәдениеттің, рухани идеологияның орталығы болуы керек. Манағы тұлғаларымыздың ескерткішін неге сол парктерге қоймаймыз? Адам көп жүреді, бәрі көретін еді. Еуропада солай.

Тағы бір қынжылатыным, елордада Қажымұқан ескерткіші өзінің лайықты орнын таппай тұр. Қажекең – алғашқы кәсіби балуанымыз, қалай құрмет көрсетсек те жарасатын тұлға. Жиған-тергеніне соғыс кезінде ұшақ жасаған, өзі таршылықта қайтыс болған. Сондай адамға ескерткішті қаланың орталығына, үлкен спорт кешенінің қақ алдына қою керек еді ғой. Мектептің алдына қойыпты. Оны кім көреді? Ескерткіш жай тұрмауы керек, жұмыс істеп тұруы керек. Сол спорт кешендеріне барған балалар, жастар Қажымұқанның ескерткішін көріп, соған ұқсауға тырысып, өздеріне үлгі тұтар еді.

 

Көп шенеуніктің қазақшасы Абайды түсінуге жетпейді

– Сегіз жыл Мәжілісте депутат болып жүргеніңізде бір ауыз орысша сөйлемедіңіз. Қазақ тілінің жоғын жоқтадыңыз. Біраз әріптестеріңізге үлгі болдыңыз. Ал қазіргі жағдай туралы не айтасыз? Депутаттардың тіліне қарныңыз ашатын кездер көп пе?

Мәжіліс те аралас мектеп сияқты аралас тілді. Негізі осы отыз жылда Мәжілістің таза қазақша сөйлейтін уақыты жетті ғой. Депутат болам дейтін әр адам оларға желкелеп талап қоймай-ақ қазақ тілінің керегін сезетіндей болуы керек еді. Халықтың өкілдері жиналып, халықтың жағдайын шешетін жерде қазақ тілін білетін адам жұмыс істегені дұрыс деген идеологияны ақырын жүргізе беру керек еді. Басқа елдердің парламентіне сол елдің тілін білмейтін адам бара ала ма? Мен орыс министрлеріне де қазақша сұрақ қоятынмын. Шынымен қазақ тілінің қажетін сезінсе, татарың ба, орысың ба, бәрі де қазақша үйреніп алатын еді. Тіл үйренудің түк те қиыны жоқ. Қазір неге үйренбейді? Өйткені қазақша білмесең сені ешкім кінәламайды. Ол кемшілік емес. Ал орыс тілін білмесең – кемшілік. Ағылшынша білмесең – кемшілік.

Қазақ тілін білу міндетті кәсіптер тізімін жасап, соны енгізу керек. Менің көтерген мәселем осы болатын. Екі рет жасадық, бір рет біздің айқайымызбен министрлік жасады, бір рет өзіміз жасадық. Екеуінде де жоғары жаққа барып, тауы шағылып қайтты.

Ана бір депутат, мына бір шенеунік қазақша сөйлейді деп соған мәз болып жүрміз. Негізі көпшілігінің қазақшасы – жаттанды сөздерден тұратын, сөйлеп шығуға жететін қазақша ғана. Ана қазақшамен ол Абайды түсінбейді, қазақ ертегілерін түсінбейді, өйткені тілі оған жететін тіл емес. Сөйтіп рухани қазынадан мақұрым қалады. Ондай адамнан не сұрайсың?!

 

Қолыңа билік берсе, істегеніңді неге бұлдайсың?

– Алда Тәуелсіздік тойы келе жатыр. Отыз жылдық мерейтой. Тәуелсіздіктің бізге берген нәсібі аз болған жоқ. Бірақ осы уақыт ішінде орындалмай қалған, қолға алынуы керек еді деген қандай мәселелерді айтар едіңіз?

Біз отыз жылдың ішінде қазақы қоғам құра алмадық. Қазіргі қоғам – қазақша қоғам емес, аралас қоғам. Мектебің аралас болса, қоғамың да аралас. Қай жерде таза қазақша сөйлеп жатыр? Биліктің өзі қазақша бастап, сөзін орысша бітіреді. Ұлттық орта құрмай түк те болмайды.

Ананы істедік, мынаны істедік дейміз. Айналайын, тәуелсіздік алған соң істеу керек қой оны, оны айғайлап айтудың не қажеті бар? Сенің қолыңа байлық берсе, билік берсе, сен неге бұлдайсың мен істедім деп? Мен соны түсінбеймін. Сені бір жерге әкім қылып қойса, астыңа мәшине берсе, халық сені тыңдаса, сен неге жұмысыңды істемейсің, ал істесең оны неге бұлдайсың? Халық сені жалдап алды, сен халықтың жалшысысың. Сенің ішкен-жегеніңді, көрген қызығыңды халық көрген жоқ.

Ылғи мақтауды түсінбеймін. Халық та жалықты бұдан. Бізге тәуелсіздікті ешкім алып берген жоқ. Кезінде жарты әлемді билеп, дүрілдеп тұрған КСРО-ны құлатқан да – осы культ, осы мақтан. Біз сол құлағаннан кейін тәуелсіздік алдық, онда да он бес республиканың ең соңғысы болып алдық. Тәуелсіздік алдық деп құр кеуде соға бергенше, сол тәуелсіздіктің мүмкіндіктерін пайдалана алдық па – әңгіме сол туралы болуы керек емес пе?! Бірақ біз шындықты айтатын орта құра алмадық. Шындықты айтады деп сенген ақын-жазушылардың өзі құр мақтанның соңынан кетіп барады. Бұл да жақсылық емес.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Барлық жаңалықтар