00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Серік Тұрғынбекұлы: Тәуелсіздік – ең алдымен, рух бостандығы

24.02.2023 | 20:04
Елорда ақпарат
4

– Серік Тұрғынбекұлы, әр қазақстандық үшін бұл жылдың маңызы зор екені сөзсіз. Бір күннен соң қазақстандықтар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеді. Бұл мейрам барлық мерекеден ерекше көрінуі тиіс. Осы ретте ұлттық мейрамымыз өз деңгейінде тойланып жүр ме? Ұлық мереке Жаңа жылдың көлеңкесінде қалып жатқан жоқ па? Осыған байланысты пікіріңізді білсек.

– Құдайға шүкір, елімізде той көп. Бұл – жақсы ырым. Бірақ сол тойлардың ішіндегі ең биігі – Тәуелсіздік күні болуға тиіс. Өйткені, біздің елдің тірлігінің және жетістігінің барлығы да тәуелсіздікке келіп тіреледі. Тәуелсіздіктің арқасында жеке ел болып, барша әлемге танылдық. Тәуелсіздіктің арқасында жаңа астанамыз бой көтерді. Егер тәуелсіздік болмаса, осының бірі де болмас еді. Сондықтан тәуелсіздікті жалаң той ретінде ғана өткізбей, саналы ой ретінде қабылдауымыз керек.

«Шыр-шыр қағып жылайды Тәуелсіздік,

Қалып қойып шыршаның тасасында», – деген өлең жолдарым бар.

Рас, Кеңес үкіметінің басты мерекелерінің біріне айналған жаңа жылды әлі де өз деңгейінен түсірмей, алаулатып-жалаулатып тойлау дәстүрге айналған. Тіпті, әрбір отбасы 1 қаңтарға қараған түнін сағаттың тықылына дейін тағатсыз күтіп, шыныаяқ қағыстыру дәстүрі бір саябырлаған жоқ. Дұрыс-ақ. Алайда еліміздің ең басты мерекесі – Тәуелсіздік ұмытылмауы қажет. Олай дейтінім, желтоқсан айы басталысымен-ақ әр қаланың орталық алаңдарында Жаңа жыл шыршасы бой көтеріп, алыстан мен мұндалап тұрады. Сөйтіп, келесі жылдың басында келетін Жаңа жылға бүгіннен бастап дайындық басталады. Ол аздай мекемелер мен мектептер, оқу орындары жаңа жыл тойының қамына кіріседі. Ал осы мерекені 16 желтоқсандағы Тәуелсіздік мерекесін тойлап болғаннан кейін қолға алсақ дұрыс болмай ма?! Сонда ұлы той қол созым жерде тұрғанда шыршалатып шыға келетінімізді қалай түсіндіруге болады? Жаңа жыл мерекесі ешқайда қашпайды. Есесіне егемендік тойын кең тойлап, тұғырында бекіте түсу – басты міндетіміз екенін ұмытпағанымыз жөн. Себебі, Тәуелсіздік – бұл, ең алдымен, рух бостандығы.

Егемендікті тек Кеңес Одағының ыдырауымен ғана байланыстыруға болмайды. Бұл – қате пікір. Себебі, егемендік өз аяғымен келген жоқ. Қазақ халқы егемендікке жету жолында қаншама қан төгіп, қаншама азаматтарымыз құрбан болды. Тәуелсіздік – өз жерінде еркін өмір сүрейін деген қазақ халқының ең биік арманы. Ол – азаттықты аңсаған Алаш арыстарының идеясы. Енді осы тәуелсіздік тұсында біз баяғыдан ұрпағына аманат етіп қалдырған батырларымыз бен асылдарымыздың арманын аяқ асты етуге еш хақымыз жоқ. Ол ешқандай да мерекенің тасасында қалмауы тиіс. Олай болмағанда, арымызға сын.

– Қалың оқырман Сізді «Астананың бас ақыны» деп санайды. Оған шашасына шаң жұқтырмайтын тұлпарлығыңыз да, қияға самғайтын сұңқарлығыңыз да дәлел. Елімізде, одан да тысқары өткен отандық, шетелдік жыр мүшәйраларында бас бәйгеге ие болып, жұлдызыңыз жарқырап, бағыңыз жанды. Ақындық жолға қалай келдіңіз?

– Нұр-Сұлтан қаласының жанында Қараөткел деген ел бар. Сол ауылда Ғазез деген мықты ақын болған. Сол ақынның бір өлең сөзі бар. «Атандым Ғазез ақын бала жастан, әнші жоқ Қараөткелде менен асқан» деген екен.  Шынында да сол жылдары одан асқан ақын да, әнші де болмаған екен. Сондықтан халқымның бұл сый-құрметіне алғыстан басқа айтарым жоқ.

Бұл өмірде кездейсоқ ештеңе болмайды екен. Адамға ғайыптан тайып өнер қонады дегенге сену қиын. Әр өнердің өз бастауы болады. Ақындық  маған ұлы анам Бижаннан дарыды. Ол кісі Сүгір руы жайлаған Қостанайдың Әулиекөл жағынан еді. Осы рудан шыққан ұлы шешем ағып тұрған ақын болған екен. Бұл кісі не айтса да, өлеңмен ағытатын болыпты. Қарасөзінің өзі өлең болып төгіліпті. Шындыққа, әділдікке жақын адам ретінде есте қалған. Құдайға шүкір, әкем де қара өлеңге келгенде жаяу болмаған. Шақырыстарда, құрдастарының арасында домбыра тартып, қисса, дастандарды жырлайтын. Алайда, Ұлы Отан соғысында ауыр жараланып, қабырғасының астында қалған оқтың зардабын тартты. Ғұмыры ұзақ болмай, небәрі 37 жасында өмірден өтті. Ақындық жолға түсуіме, бәлкім, осы жағдай да әсерін тигізген шығар. Әйтеуір, қаламды қолыма ерте алдым. Бастауыш сыныптарда жүргенімде өлеңдерім аудандық және облыстық газеттерден көріне бастады. Оныншы сыныпта оқығанымда жырларым республикалық газеттерде жарияланды. 1964 жылы, мектепті бітіретін жылымда, бір топ өлеңдерім «Жұлдыз» журналында жарияланды. Ол уақытта осы басылымға шығу үлкен мәртебе болатын.

Содан ойлана келе Алатау баурайындағы Алматы қаласына аттанып, ҚазМУ-дың журналистика факультетіне сырттай оқуға түстім. Оның себебі сол уақытта «Жаңа өмір» аудандық газетінде жұмыс істейтінмін. 1967 жылы ғана Алматыға біржола келіп, Қазақ радиосына қызметке орналастым. Бұл жерде Алатау алабында баллада жанрын биікке көтерген Қайнекей Жармағанбетов, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков сынды атақты жерлестерімді арқа тұттым. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың, терең ақын Жұмекен Нәжімеденовтің соңынан еріп, тәлімдерін көрдім.

– Сіздің бас қала тұрғыны атанғаныңызға тура 23 жыл толған екен. Көз алдыңызда бой көтерген елорданы жырларыңызға арқау қылып, шабытыңызға шабыт қостыңыз. Осы уақыт ішінде көркемдігіне көз тоймайстай болып өзгерген шаһарға көңіліңіз тола ма?

– Иә, мен өзімді астанамен бірге жасап келе жатырмын деп есептеймін. Өлеңдерім де, жырларым да осы астанамен тікелей байланысы бар. 1998 жылы көшіп келген алғашқы жылдары елордаға Алматыға қарағанда тым шағын шаһар болып көрінгені рас. Ескі қала ерке Есілдің оң жағалауында орын тепкен. Ал өзеннің сол жағалауы, тіпті, жазық дала болған еді. Сол жылдары сәулетті құрылыстар бой көтеріп, кешегі Ақмола адам танымастай өзгереді деп кім ойлаған?! Дегенмен, жаңа астананың болашағына бір адамдай сендік. Бұл сенім ақталды. Бүгін ел астанасы – тәуелсіздіктің тұғыры ғана емес, сонымен қатар мемлекетіміздің басты брендіне айналды. Егемендік жылдары қол жеткізген әр биігіміз бен жетістігімізді осы астанамен өлшейтін болдық. Атап айтқанда, бас қалада қаншама форумдар, жиналыстар, съездер өтіп, шаһардың сәулеті де, дәулеті де көріне бастады. Бұл баршамызды қуантқаны сөзсіз. Нұр-Сұлтан – Тұңғыш Президентіміздің ерлігі, мегажобасы екенін мойындауымыз керек. Тоқсаныншы жылдардың тоқырау жылдарында Елбасының осы маңызды бастаманы көтеруі тәуекелге бел байлап, жасалған ұлы істердің нәтижесі деп түсінемін.

Бірақ бүгінгі астана бір күнде бой көтерген жоқ. Тәуелсіздік орнап, соның нәтижесінде салынғаны анық. Дегенмен, бұл – елімізді жаудан найзаның ұшымен қорғап, болашақ ұрпаққа аманаттаған ата-бабаларымыздың арманы. Олар қазақ жерінде лайықты үлкен астана болса екен деп армандап кетті. Кітаптардан, мақалалардан ой-пікірлерді оқып отырсақ, көбісі келісіп қойғандай осы Ақмоладағы Қараөткелді айтады. Мәселен, Әлихан Бөкейханның өзі туындыларында «Қазаққа астана боларлық жер Есілдің Қараөткелі» деп анық жазғанын білеміз. Астананы Ташкентке көшіру керек немесе басқа қалаға ауыстыру қажет деген дау туғанда Сәкен Сейфуллин де өзінің туған жері, туған елі есебінде Ақмоланы ұсынған. Қазақтың әр өңірі де жақсы ғой. Бірақ экономикалық, саяси жағынан да мол мүмкіндік беретін Ақмола екенін ол кісілер жақсы білген. Қазақтың жер бедерін біліп, тамырын сезіп, табанымен кезіп, кенін аршыған академик Қаныш Сәтбаев та бұл туралы пікірін батыл жеткізген екен.

– Серік Тұрғынбекұлы, Сіз құлашы кең дастаншыл эпик ақынсыз. Бұған қаламыңыздан туған «Кейкі батыр» және «Махамбет және Жәңгір хан» атты туындыларыңызды оқыған кезде көз жеткіземіз. Өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін оятуда бұрынғы өткен батырлардың өмірі мен ерліктерін көбірек насихаттаудың маңызы зор екенін белгілі.

– Менің бала кезімде жұрт сатираны өте жақсы көріп, әзіл өлеңдерді сүйсініп оқыды. Ауызекі әңгімеде де қалжыңды көп айтатын. Ал үлкен, кәсіби ақындардың өлеңдеріне көп мойын бұра қоймайтын. Есесіне, дастандар халық арасына кең таралды. Соны жыраулар түні бойы айтып отырудан жалықпайтын. Сол дастандарды бүкіл ауыл болып үйіріліп тыңдайтын кездер көп болды. Осы күні өзім де дастан жазып жүрмін.

Шығармашылығымнан поэзиядағы азаматтық үнім, дара дастаншылығым менмұндалай бастады. Шоқтығы биік шығармалар да жеткілікті. Мысал үшін «Кейкі батыр» дастанын алайық. Осы дастаным үшін халықаралық «Алаш» сыйлығын иелендім. Кейін ол драмаға айналды. Қазір бұл спектакль бірқатар драма театрларында сахналанып жатыр. Тағы бір дастаным – «Махамбет және Жәңгір хан» ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен батыр әрі ақынның 200 жылдығы тұсында «Махамбет» сыйлығына ие болды. Ал «Кенесарының Ақмоланы алуы» дастаным Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мүшәйрада бас жүлдені иеленді.

Қазақ баласының ғарышты бағындырғанына 30 жыл толуы «Ғарыш-Қазақ» атты поэмасының тууына себеп болды. Бұл туынды қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровке арналған. Сондай-ақ ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өмірінен сыр шертетін «Ахмет-Іңкәр» атты дастаным көпшіліктің көңілінен шықты деп ойлаймын.

«Кенесарының Ақмоланы алуы» атты дастанымды жазбас бұрын тарихты көп зерттеуіме тура келді. Тарихи фактілерге сүйеніп, дастанды жазып шықтым. Бұл туындым жұртқа ұнап, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мүшәйрада бас жүлдені алды. Мен бұл поэманы астанаға қосқан бір үлесім деп есептеймін. Елорда тарихын ойлаған, соған бойлаған кезде Кенесарының әскері Тайтөбеде жасақталғанын анықтадым. Мені бір таңғалдырғаны, Кенесары тіккен шатыр қазіргі «Хан шатыр» маңайында орналасқан екен. Ал ол бастаған қалың қол бүгіндері ханның ескерткіші, Қажымұқан стадионы орналасқан тұста жаумен арпалысқанын біреу білсе, біреу білмес.

– Қазір жас ақындардың қатары қалың. Бірақ қоғамда олардың жырлайтын тақырып аясының тарлығы, тіл жұтаңдығы сынға алынып жатады. Сіз бұл пікірлермен келісесіз бе?

– Соңғы жылдары жас ақындар тілінің жұтаңданып бара жатқанына өзім қатты алаңдаймын. Өзге ұлттардан ауысып келген сөздерге әуес болып барамыз. Содан кейін жеңіл тақырыпқа бой ұрып кеттік. Бұлдырлатып жазатындар да көбейді. Теледидар мен радиода ауыр, кәдімгі резіңке шайнағандай өлеңдер мен клиптер көбейіп кетті. Абай айтқандай, айналасы жұп-жұмыр, теп-тегіс өлеңдер аз. Құр жалаң сөз, құрғақ ой.

Өлеңде Абай, Мағжан, Сұлтанмахмұттардың ұлттық дәстүрі сақталып тұру керек. Бұл – ескішілдік емес. Өйткені, тілің – сол тіл. Әдеби тілге назар аударуымыз қажет. Қазір журналистиканың тіліне қарай ауысып бара жатырмыз. Өлең олай болмауы керек. Оның философиялық ойы, ұлттық бояуы мықты болмаған кезде халықпен бірге өмір сүре алмайды. Халықты тәрбиелейтін де сол тіл. Кейде бір өлеңді ұстап тұруға бір сөз жеткілікті болады. Оған мән беруіміз керек. Жұрт түсінбейтін өлеңге ұрыну, бұл – әдебиетті лайлау деген сөз. Мәселен, Мұқағали жалпақ жұртқа түсінікті етіп жазды. Жұмекенді де түсініксіз деп айтуға болмайды. Оның стилі ғана өзгешелеу болды да, өлеңдерін оқыған кезде көкірегіңе қона кетеді. Жазғанда, ұлтты ырза қылатындай жазу керек.

Қазір өлең «жазғыштар» жетерлік. Кеңес өкіметінен қалған ұлықты мақтау дертінен арылмай келеміз. Ақын ондай болмау керек. Мен бұған дейінгі сұхбаттарымда ұлт қай жағында, ақын да сол жағында жүруі тиіс екенін бірнеше рет айтқан болатынмын. Шын мәнінде демократия, адалдық, туралық ақынның өлеңдерінде үстемдік етіп тұруы керек. Халық ақынды сонда ғана жақсы көреді.

Қазір ақшаң болса, кітабыңды шығару қиын емес. Бұл жерде ешкім кітаптың сапасы туралы сөз қозғамайды. Сондықтан талапты күшейту қажет.

– Егемендік жылдары жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз жанды. Дегенмен бүгіндері мемлекеттік тіл мәселесі әлі де күн тәртібінен түсер емес. Туған тілдің мәртебесін көтеру үшін не істеуіміз керек деп ойлайсыз?

– Орынды сұрақ. Жеке мемлекет болғанына ширек ғасыр уақыт болды. Десе де, тіл мәселесі шешімін табар емес. Біздің тілді дамытуға қосқан үлесімізден гөрі, соны қалай дамытамыз деген дау-дамай, талқы-тартысымыз көп. Қаражат болса, бюджеттен бөлініп жатыр. Бірақ, содан нәтиже бар ма? Қазақ тілін кейбір өзге этнос өкілдері ынталанып үйреніп жатқанда, өз арамызда тіл білмейтіндер баршылық. Туған тілін білмеген қазақтың болашағы қандай болмақ. Бүгінгі таңда дүңгіршектерден қазақ тілінде шыққан газет-журналдарды таппайсыз. Бар болғанның өзінде соны сатып алып жатқан қазақ кемде-кем. Ал Ресейдің арзан-газет журналдары көрінген дүңгіршекте толып тұр.

Менің ойымша, тілді дамыту үшін «қазақ тілін білмесең, саған барлық жерде есік жабық» дегенді пайдаланған жөн болар еді. Сөйтіп, мемлекеттік тілді ескермеген, оның қолданыс аясын шектеген мекемелерге айып салса, туған тілін білмеген небір басшыға шара қолданатын болса, өзгелері бірден тәртіпке келер еді. Қазір көшеге шыға қалсаңыз жарымжан халдегі қазақша жарнамаларды көресіз. Стильдік және граматикалық қателері өріп жүрген бұл жарнамалар бүкіл облыс орталықтарында бар. Ал сол қате жарнамаларға, ұран сөздерге, есік маңдайшасындағы атауларға жіберген қатесі үшін айыппұл салынса, шенеуніктер тез есін жияр еді. Осының бәрі талаптың жоқтығынан болып отыр. Тіл мәселесін тек қана сонымен айналысатын мекемелердің қанжығасына байлап қою дұрыс емес. Тіл алдымен барлық қазақ үшін керек. Өйткені, бұл мемлекеттің иесі де, киесі де – қазақ.

– Сұхбаттарыңыздың бірінде елордада Алаш арыстарына арналған ескерткіштердің орнатылмағанына қынжылған едіңіз. Арманыңыз орындалып, биыл астанада Алаш ардагерлеріне бірнеше ескерткіш бой көтерді. Сіздің ойыңызша, біз Алаш арыстарының қадіріне жете алдық па?

– Құдайға шүкір, Нұр-Сұлтанда ескерткіштер бар. Елорда тәуелсіздіктің қаласы ғой. Алайда, бүгінге дейін сол тәуелсіздік жолында құрбан болған Алаш арыстарының бірде-біреуінің ескерткіші болған жоқ еді. Олардың ескерткіштері басқа қалада болмаса да, елордада болып, халықтың рухын көтеріп тұруы қажет. Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы өтті, Алаш қозғалысының рухани көсемі, мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін қалаушы, ақын Ахмет Байтұрсынұлының да туғанына 150 жыл толды. Ештен кеш жақсы дегендей, 2021 жылы сең бұзылды. Жаз айларында бас қалада Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы сынды ұлтымыздың ұлы тұлғаларына арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Соған қатты қуанып қалдық.

Жұмабек Тәшеневке де ескерткіш орнату керек деген әңгіме көптен бері айтылып жүрген еді.  Сонда ерлігіміз, ұлтымыздың тағдыры тас мүсіндерден-ақ көрініп тұрар еді. Бұл ұрпақ пен ұлт үшін керек. Осыған дейін Нұр-Сұлтанда ұлы тұлғамызға көше аты берілген болса, жуырда мектепке есімі қойылды. Ал Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында әскери-тарихи музей жанындағы алаңда көрнекті мемлекет қайраткері, еліміздің гүлденуіне үлкен үлес қосқан Жұмабек Тәшеневке ескерткіш ашылды.

Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы Тәуелсіздік мерекесі аясында өтіп жатыр. Алайда соңғы уақытқа дейін Қарағандыда Әлихан Бөкейханға бір аудан да бере алмай келдік. Абырой болғанда, жуырда Октябрь ауданы ескі атаудан арылып, Алаш көсемінің есімі берілді. Ел-жұрт үшін құрбан болған оғландарымызды қашан да ұлықтауымыз қажет. Өткенді еске алып, соның сырына қанықтыратын, мұңына мойынұсындыратын, қастерлі той болуы керек.

Әңгімеңізге рақмет!

Қанат Атаманов

Барлық жаңалықтар