00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Елбасы кітапханасында «Тарихи таңдау. Тәуелсіздік дәуірі» көрмесі ашылды

24.02.2023 | 19:42
Елорда ақпарат
4

«Тәуелсіз Қазақстанның келбетін өзгертіп, мұрасының ажырамас бөлігін құраған Елбасының мемлекет саясатына қосқан басты және даусыз үлесі – заманауи мемлекетті құруында. Егемен елдің негізгі белестері, атап айтқанда, шекаралардың халықаралық-құқықтық ресімделуі, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің тиімді үлгісінің құрылуы, Семей полигонының жабылуы, қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшуы, т.б. – бәрі де бүгінгі көрмеде көрініс тапқан», - деп Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат жиналғандарды келе жатқан Тәуелсіздік мерейтойымен құттықтады.

Көрме экспозициясында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығының тарихы осы демократиялық билік вертикалының қалыптасуы мен жетілдірілуі аясында берілген. 

«Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуында алғашқы жылдар оңайға соққан жоқ. Сол кезеңде Елбасының қасында болған азаматтар күш-жігерін аямай бірге адал еңбек етті. Олар сыртқы және ішкі саясатты, әлеуметтік-саяси сана мен қоғамның дамуының «сәулетін» құрады. Біз ядролық қарудан бас тарттық. Бұл істің келіссөздер кезінде қалай қиынға соққаны есімде... Бәрі де Елбасының, халық бірлігінің арқасында жүзеге асты. Халық бірлігі – Тәуелсіздігіміздің шешуші факторы», - деді мемлекет қайраткері, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов.

Осы орайда «Бата» кадрі тарихи мазмұнына байланысты кеңінен тараған болатын. 1991 жылы Алматыдағы Республика сарайында Қазақстан Республикасы Президентінің қызметке ресми кірісуіне орай өткен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі он екінші шақырылымының салтанатты отырысынан кейін Шәкір Әбенов есімді ақсақал Н.Назарбаевқа ақ батасын берген болатын.

Бұл бірегей кадрлардың авторы – режиссер Оралбек Сарыбасов. Бүгін ол «Бата» деректі фильмінің түпнұсқасын Елбасы кітапханасына сыйға тартты. Берілген материал болашақ ғылыми-экспозициялық жобаларда пайдаланылмақ.

«Біз Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы маңызды сәттерді түсіріп, сақтап қалуға тырыстық. Тарихымыздағы шешуші сәттерді, атап айтқанда, Елбасының ұлықтау рәсімі мен ант беруін түсіре алғанымызға қуаныштымын. Өкініштісі, ант қабылдау кезінде бейнеге дыбыс жазылмай қалыпты. Алайда бұл үзіндіні Қазақ радиосынан тауып, бейненің үстінен қайта жазып шықтым. Сол кезеңнің техникалық шектеулеріне байланысты түрлі таспаларға жазылған бейне мен дыбыс көп жағдайда жылдамдығы жағынан сәйкес келмейтін. Бірақ біздің материалға бәрі нақ сәйкес келді», - деп Оралбек Сарыбасов қуанышымен бөлісті.

«Тарихи таңдау. Тәуелсіздік дәуірі» көрмесі екі тақырыптық бөлімнен тұрады. Көрме 2022 жылдың 28 қаңтарына дейін жалғасады.

Барлық жаңалықтар