00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

«Әкім талай рет кабинетінде түнеген» – елорданың тұңғыш баспасөз хатшысы

24.02.2023 | 19:12
Елорда ақпарат
3

Аға, елорда әкімінің ең алғашқы баспасөз хатшысы болдыңыз. Істің басталуы ең қиын дүние ғой. Қызығы да қатар жүрген шығар. Сол шақтағы естеліктеріңізбен бөлісіңізші.

– Дұрыс айтасың, айналайын. 1998-дің қаңтарында астанаға көшіп келіп, жаңадан қаз тұра бастаған бас шаһардың баспасөз хатшылығы тізгінін ұстадым. Сол кездегі әкім Әдекең – Әділбек Жақсыбеков екеуміз тізе қосып, біраз дүниені жасадық. Екеуміздің тіл табысқанымыз да қызық, ол кезде Әдекең қазақшаға шорқақ, мен орысша сөйлей алмаймын. Бірақ бір-бірімізді тәп-тәуір түсінісетінбіз. Сол кезде «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана», «Городские новости» секілді газеті бар, телерадиосы бар, бас-аяғы 8-ақ БАҚ болыпты. Солардың журналистерін жинап алып, аптасына 2-3 рет баспасөз турын өткіземін: құрылысқа, әртүрлі мекемелерге барамыз. Күніне 4-5 баспасөз мәслихатын өткізген кездеріміз де болды. «Самал» ықшамауданы жақтағы көпір ашыларда салтанатты іс-шараны түнгі уақытқа бекіткеніміз есімде. Сағат 2-3 шамасында сілелеп үйге келесің. Кейде тіпті кабинетте қонып қалатынбыз. Әкімнің өзі талай рет кабинетінде түнеп, таңертең сол жақтан жұмысын жалғастыра беретін. Бір жағынан, осындай жауапты кезеңде астананың алғашқы тәй-тәй қадамдарының куәсі болғаным үшін Аллаға шексіз разымын. Қазір осы қаланың әр тасы, әр ғимараты, әр көшесі ыстық. Отбасымызда «әр сенбі – немерелер күні» деген кішігірім дәстүріміз бар. Сол күні немерелерімді жинап алып қаланы аралатам, ғимараттардың тарихымен таныстырамын.

Осы қызметіңіз барысында елордадағы «Жерұйық» саябағының атауын да өзіңіз ұсынған едіңіз...

– Ол кезде марқұм Нұрлан Балғымбаевтың отставкаға кетіп, Үкімет басына қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың келіп жатқан кезі-тұғын. Бір күні сол уақыттағы Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Астанадағы жаңадан ашылғалы жатқан саябаққа келетін болды. Іс-шараның ұйымдастыру баспасөз хатшысы ретінде маған жүктелген. Шырша отырғызып, оған топырақ салып, су құйып болған соң, журналистер сұрақ қоюға кіріскен. Кенет бір журналист: «Ал енді осы саябаққа қандай атау беріледі?» деп сұрады. Мұндай сұрақты ешкім күтпесе керек, сол жерде сәл-пәл үнсіздік орнады. Нұрсұлтан Әбішұлы болса: «Дұрыс айтасыз, атау берейік. Кімде қандай ұсыныс бар, мен қолдаймын» деді. Ана тұста іркіліп қаларлық уақыт жоқ, сол сәт басыма сап ете қалған сөз «Жерұйық» болды. Бұл атауды Президент бірден ұнатты. Ертеңіне жұмысқа келсем, бүкіл газеттерде «Астанадағы жаңа саябаққа «Жерұйық» атауы берілсін» деген Жақсыбековтің өкімі жарияланып кетіпті. Мен де марқайып қалдым.

– Құлагерге ескерткіш орнатуыңыз ұлт руханиятындағы айтулы уақиға болғаны рас. Білуімше, бұл ескерткіштің қойылуы үшін үлкен тәуекелге баруыңызға тура келді...

– Иә, бұл ескерткіш шынымен нартәуекелден туған дүние еді. 1989 жылы Ерейментау мен Ершіліктің ортасына Құлагерге арнап ескерткіш орнатылған болатын. 1996 жылы 1 наурызда біз Ұлттық спорт федерациясын құрып, Алматыда атбегілердің бірінші съезін ұйымдастырдық. Сол кезде осы маңнан келген бір кісі ақпан айында әлгі ескерткішті әлдебіреулер ұрлап кеткенін айтты. Осылайша Құлагерге екінші рет қастандық жасалды. Кейін федерация Астанаға көшті. Ұлттық спорттың атасы – аламан бәйге емес пе, мен сол күнге дейін қазақтың Құлагерінің ескерткішін қайта көтере алмағанымыз үшін қынжылып жүретінмін. Сөйтіп бір күні федерация жиналыстарының бірінде осы мәселені көтердім. Құлагердің жаңа ескерткіші Астананың жанында тұруы керектігін айттым. 2008 жылы іс басталып кетті. Фундаменті бой көтерді, бірнеше елдің шебер мүсіншілері Қырғызстанда жиналып, Құлагерді жасауға кірісіп кеткен. Ұзындығы 5 жарым, ені 5 метр болатын алып ескерткіш болады деген жоспарымыз бар. Сөйтіп жүргенде 2009 жылы бүкіләлемдік дағдарыс басталды да кетті. Ескерткіш жұмысын жалғастырып, оны орнатуға қаржы жоқ. Енді не істейміз?! Түнгі 2-3 шамасында орнымнан тұрып алып ойланатынмын. «Ескерткіш қоямыз» деген уәдем орындалмай қалатын түрі бар. Намыс әкетіп барады. Ақшаны қайдан алам деп сергелдеңде жүрген бір күні жігіттердің бірі ломбард туралы идеяны айтты. Сонымен не керек, бар дүние-мүлкім – үйім мен көлігімді кепілге қойып, ломбардтан манағы бізге керек соманы алдым. Сол кезде жұбайымның маған сенгені сонша, «ертең далада қалмаймыз ба?» деген бір ауыз сөзге келместен келісімін берген. Жұматай Әбілдинов деген адвокат бар еді, «ертең үш айда мыналардың ақшасын қайтара алмай қалсаңыз, дымсыз қаласыз ғой» деп ол алаңдап жүр. Қаржы қолға тиген соң, ескерткіштің жұмысы әрі қарай жалғасып, соңына дейін жеткізіліп, ақыры орнатылды. Үш ай дегенде досым келіп тұр, «Сәке, берген уәдеңде тұрдың. Енді біз де уәдемізді орындайық» деп ескерткішке кеткен соманың біраз бөлігін әкепті. Ломбардқа барып, ақшасын қайтарып, үйім мен көлігімді қайта алғаным бар. Солай тұрғызған Құлагеріміздің ескерткішін кейін тіпті «Әл-Жазира» телеарнасы Дубайда да көрсетіпті. Қазақстан жайлы бейнероликтің ішінде көрсетсе керек. Сондағы жолдастарымның бірі дереу маған телефон шалып, «мына жақта сенің Құлагеріңді Дубайда көрсетіп жатыр» деп сүйінші сұрағаны есімде.

– «Қазақ қазанатына қарыздар» деп қазанат тақырыбын әлі қозғап келесіз, кітап та жаздыңыз. Айтыңызшы, қазір елімізде жылқы асырау көбейіп келе ме?

Қазір әлемде жылқының 200-ден астам асыл тұқымы бар. Олар: ағылшын, араб, америка, ганновер, орлов, ақалтеке, т.б. деп кете береді. Біздің қазанатымыз бұлардың бәрінен артық болмаса, кем емес. Өйткені қазақ қазанатының бойында төзімділік, жүйріктік және маңғаздық бар. Бұл жағынан келгенде қазанат қазақ халқының мінезіне, болмысына ұқсайды. Ата-бабаларымыз өздерін «Жылқы тектес халықпыз» деп бекер айтпаған.

Жылқысы көп, аты мықты қазақ өз кезінде ешікімге дес бермеген. Мәселен, 1916 жылы қазақтарда 5 миллион 640 мың жылқы болған. Кейін қазақтың жылқысының саны күрт азайды. Мұның астарында сұрқия саясат жатыр. Бір сөзбен түйіндесем, бұл – әдейі қазақты жер бетінен жоғалту және рухани жаншу үшін істелінген қолдан жасалған қылмыс. Аттан түскен қазақтың күші кеміп, десі басылатынын жауларымыз да жақсы білді. Тәуелсіздік алған жылдары, яғни 1991 жылы Қазақстанда 1,7 млн жылқы болған. Әртүрлі себептерге байланысты бұл көрсеткіш кейін тіпті де төмендеп, 2000 жылға қарай Қазақстандағы жылқы саны 976 мыңға дейін азайды. Бірақ «орнында бар оңалар» дегендей, еліміздің ауыл шаруашылығын дамытуға ден қоюының нәтижесінде бұл жағдай оңалып, қазір шамамен 2,9 млн құрап отыр.

– Бағана «Әр сенбі – немерелер күні» деген әдемі отбасылық дәстүрлеріңіз бар екенін айтып қалдыңыз. Сіздіңше, осындай бұлжымайтын отбасылық дәстүрлердің маңызы неде?

Отбасының мығым болуына осындай өз ішіндегі дәстүрлері көп көмектеседі деп ойлаймын. Әрі ол ұрпағыңның салиқалы, ұлағатты болып өсуіне де жол ашады. Мәселен, аптаның бір-ақ күнін осылай бала-шағаңа арнап қойшы. Біз қазір сөйтеміз. Немерелерімді көлігіме салып алам да, бір сенбіде музейге барамыз, бір сенбіге саябақта пикник жасаймыз, бір сенбіде кино көреміз дегендей. Жол бойы кездескен ғимараттардың тарихын баяндап, әңгімелеп беріп отырамын. Бұл дәстүр бір жағынан туысқандық қарым-қатынасты одан әрі жақындастырады, онымен қоса бала-шағаңа қаншама тәрбие беріп үлгересің.

– Әңгімеңізге көп рақмет, аға!

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Барлық жаңалықтар