00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Елорданың өркендеуіне үлес қосқан қайраткерлер бас қосты

24.02.2023 | 18:50
Елорда ақпарат
4

Дөңгелек үстел барысында Есіл ауданының әкімі Берік Жәкенов ауданның кеше мен бүгіні жайында:

«Бәріңізге белгілі, биыл Отанымыз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы кең аталып өтілуде. Бұл айтулы датаға Есіл ауданы айтарлықтай жетістіктермен келіп отыр. 2008 жылы құрылған ауданымыз адам танымастай өзгерді. 2008 жылы ауданымызда 64,5 мың адам болса, қазіргі күні 321 мыңдай адам тұрады. Қазіргі күні Есіл ауданы Қазақстан Республикасының әкімшілік-іскерлік орталығына айналды», – деді.

Алқалы жиынның құрметті ақсақалы, мемлекетіміздің қалыптасуы үшін өлшеусіз тер төккен, 1991-1993 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі болған, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков:

«Мен бұл әңгімені үнемі айтып жүремін. Тәуелсіздікті нығайту  үшін қаншама мықты азаматтар Ел­басының үзеңгілес серігі бола білді. Пре­зидентпен бірге жанын шүберекке түйген, терін төккен азаматтар аз болған жоқ. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарды». Олар күн-түн демей еңбек етті. Әлі есімде, Президент бір күні бәрі­міз­ге «Осы астананы көшірмесек болмай­ды» деді. «Қайда көшіреміз?» деп шошып кеттік. «Соны ойлауымыз керек» деді. Со­дан біраз уақыт өткеннен кейін бір күні бізге: «Былай пайымдап қарасақ, дүние­ жүзіндегі мемлекеттердің біразының  астана­лары дерлік өзеннің жағасына салы­нады екен» деді. «Мен осы жолы Цели­ноградқа барып келдім. Қараөткелді көпірдің үстінде тұрып қарадым. Сөйтсем, осы Ақмола Қазақстанның тап ортасы екен. Қазір, шүкір, Ел­басының арманы орындалды. Кішкентай Целиноград әсем астанаға, көрік­ті мекенді айналды, – деді.

Аталмыш шарада мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов:

«Астана кезінде 260 мың ғана тұрғыны бар қала, оның жеті пайызы ғана қазақ еді. Елбасының ерен еңбегі сол, астананы қосқанатты қалаға айналдырып, сәулеттендіріп, оны дүние жүзіндегі көрнекті қаланың біріне айналдырып, осы жерде ұлтымызды ұйыстырды, жұртымызды түйістірді» деп, елорда тарихына тоқталды.

Одан кейін 1991-1997 жылдары Ақмола облысы әкімшілігінде, 1997-2007 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары лауазымында Астана қаласының қалыптасуына аянбай атсалысқан Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық Кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов:

«Бүгінгі отырысымыз, бүгінгі әңгіменің бәрі де Тәуелсіздікпен байланысып отыр. Ата-бабаларымыз аңсаған азаттыққа қол жеткіздік. Қиын-қыстау небір кезеңдерді артқа тастадық. Бір кездегі Целиноградтың Ақмола, Астананың Нұр-Сұлтан болғанын көрдік. Қаламыз көз алдымызда көркейіп жатыр. Мен өзім Ақмоланың тумасымын, осы жерде өстік-өндік. Мен үшін, әсіресе, бас қалада қызмет жасаған он жыл – ең маңызды, мәнді де мағыналы кезең дер едім», – деп сөз түйіндеді.

Мерекелік шара қонақтары «Бәйтерек» монументі алаңында өткен белгілі фотограф және кинооператор Талғат Тайшановтың елорданың алғашқы жылдардағы және бүгінгі күнгі бейнесіне арналған «Арман қала» атты фотокөрмесін тамашалап, елордамыздың даму жолына тағы бір мәрте көз жеткізді.

Бауыржан Берікұлы

Барлық жаңалықтар