00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Несіпбек Айтұлы: Егер ел басқаратын азаматтар дүниеқұмар болса – егемендікке қауіп төнеді

24.02.2023 | 18:46
Елорда ақпарат
5

Несіпбек Айтұлы, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қандай баға, қандай сипат бересіз?

– Халқымыз тәуелсіздік үшін Абылай хан заманынан бері арпалысып келе жатыр. Сол жолда қаншама қан төгілді. Соңғы үш ғасырда қазақтың көрмегені жоқ. Басынан тоқпақ, аузынан қақпақ кетпеді. Азаттық біз үшін өте қымбатқа түсті. Осыны әрбір азамат сезінуі керек. Кешегі тарихтан сабақ алып, бүгінгі күнмен үндесе отырып, жарқын болашаққа жол ашу мемлекетіміздің негізгі ұстанымы. Ежелден санамызда қалыптасқан елдік ұғым сан ғасырлық зұлматта бізді жұтылып кетуден сақтап егемендікке жеткізді. Отанды ұстап тұрған отбасылық құндылықтар. Ұлттық идеологияның негізі – ұрпақ тәрбиесінен басталады. Бабалар бойындағы асыл қасиеттер біздерге үлгі болды. Сол ұлы дәстүр үзілмесе екен. Өркениетті жаңа ғасырда өткенімізге жиі үңіліп, ондағы інжу-маржандарымызды ғылыми тұрғыдан зерттеп-зерделеп бүгінмен ұштастыру «Рухани жаңғырудың» негізі деп білемін.  

Тәуелсіздікке қол жеткізген 30 жылда көптеген жетістікке жеттік. Біріншіден, іргемізді бекітіп, ядролық қарудан бас тарттық. Екіншіден, 1991-жылы тәуелсіздік алғанда экономикалық жағдайымыз өте қиын еді. Сол қиындықтарды еңсеріп, еңсемізді тіктей білдік. Үшіншіден, астананы көшірдік. Ақ қар, көк мұзда арқаға Елбасы «Жаңа астананы тұрғызамыз» - дегенде жұрт сенбеді. Бәріміз де сенбедік. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көрегендік танытып, астананы солтүстікке көшірмеген жағдайда қандай жағдай орын алар еді? Солтүстік аймақтың орыстанып кету қауіпі тұрды. Қысқа ғана уақыттың ішінде көркі көз тартатын әсем шаһар бой көтерді.

Бүгінге дейін ел болып қол жеткізген әр жетістік, бағындырған әр шың  кейінгі ұрпаққа мұра. Оның барлығы 100-200 жылдан кейін де  қазақ халқының болашағына жұмыс істейтін болады. Тарихи тұрғыдан да үлкен жұмыстар атқарылды. Соның бірі – қасиетті Түркістанға облыс орталығы мәртебесінің берілуі. Бұл да тәуелсіздікті баянды ету жолындағы батыл қадамдардың бірі. Кешегі Түркі елдерінің ұйымына ұйытқы болып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз мемлекеттің жаңа астанасын салып, бүкіл Түркі әлемінің астанасын қайта түлетті. Осы екі тарихи қадамның өзі ұстанған жолының ұлылығын көрсетсе керек.  

Іргесі мәңгі мызғымастай, шаңырағы ешқашан шайқалмастай көрінетін Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы бір-ақ сәтте айтыс-тартыстың, дау-жанжалдың ошағына айналып шыға келді. Тарихи деректерге сүйенсек, Қазақстан Кеңес одағынан соңғы болып шықты. Мұның себебін қалай түсіндірер едіңіз?

–  Иә, тұңғыш президентіміз сол кезде сабырлық танытты. Ойланбай асығыстық жасалған жағдайда, соңы қантөгіспен аяқталуы да мүмкін еді. Сол кезде жан-жағын байыптап қарап, асықпай шыққанынан біз ешқандай зиян көрмедік. Бүгіндері егемендік көктен түсе қалғандай көрінуі мүмкін. Бірақ әрқайсымызға Тәуелсіздіктен қымбат нәрсе жоқ. Қандай қиындық көрсек те басымыз аман, еліміз тыныш. Көк туымызды көтеріп, іргемізді бекітіп, өз алдымызға елдігімізді танытқанға не жетсін?!

 – ​​​​​Мемлекетіміздің ішкі қауіпсіздігі мен тыныштығы – тұрақты дамудың кепілі екені белгілі. Бірақ қазіргі уақытта егемендігімізге, ұлттық қауіпсіздігімізге төнген қауіп-қатер бар деп ойлайсыз ба?

 – Кешегі Қордай оқиғасы, Алматы облысындағы шешендермен болған қақтығыс біздің ішімізде қой терісін жамылған қасқырлардың әлі де көп екенін көрсетіп отыр. Біздің береке-бірлігімізді көре алмай, байлығымызға көз алартып отырғандар қаншама.

Біз тәуелсіздікті көзіміздің қарашығындай қорғауымыз керек. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген бар. Ел басқарады-ау, тәуелсіздікке сүйеу болады-ау деген азаматтарымыздың өздері жауапкершіліктен қашып, дүниеқор болып, көк қағаздың соңында жүретін болса ол егемендігімізге үлкен қауіп төндіреді деп ойлаймын. Біздің басты проблема орыс тілі емес. Бар гәп қазақ тілінің қоғамда қажетті деңгейде мойындалмауында. Қазақ қазақпен қазақша сөйлесу керек. Отыз жылда қазақ тілін өз төріне қондыра алмасақ, бізге сын. Қазақ әлі тәуелсіздіктің қадіріне жете алмай келеді. Оның маңыздылығын қаны мен жүрегіне сіңірген жоқ. Әлі де өзге тілде сөйлейтіндер жетерлік. Міне, біз сол отандастарымызды туған тілінде сөйлетуіміз керек. Қонақжайлығымен танымал қазақтар әркімге көмек қолын созып келеді, ешкімнің де бетін қайтарған жоқ. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл өтті. Алайда, қазақтың ұпайы түгел деп айтуға әлі де ерте.

Сіздің пікіріңізше мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін Үкімет тарапынан қандай шаралар қолданылуы керек? Қандай қадамдар жасау керекпіз?

– Мәселені шешудің бір ғана жолы бар. Кеңес заманында қазақ халқының арасында сауатты адамдар аз болды. Ол кезде сауат ашу мектебі деген болатын. Сол жылдары қоғамда «орыс тілін білмесең, нан сұрап жей алмайсың, мемлекеттік мекемеге жұмысқа тұра алмайсың» деген пікір қалыптасты. Сонда бүкіл қазақ 70 жылдың ішінде өз тілін ұмытып қалуға жақын қалды. Қазіргі уақытта мемлекеттік тілді білмегендерді мемлекеттік қызметке алмайтын болса, барлығы қазақша сөйлеп кетер еді. Баяғыда қазақтар балаларын мансапқа жіберу үшін орысша оқытты. Соның зардабын енді тартып отырмыз. Қазір мемлекеттік қызметте отырған қаракөздеріміздің 70-80 пайызы өз тілін білмейді. Биліктің маңайындағылар солардың күйеу балалары, туыс-туғандары. Олар өз қолдарын өздері кесе алмайды ғой. Бұлар ұлт пен мемлекеттің мүддесін өздерінің бала-шағасы мен туған-туысқандары үшін жығып беріп отыр. Ондайдан арылуымыз керек.

Егемендік жылдары еліміз әлеуметтік-экономикалық даму жолына түсіп, бойын тіктеді. Көптеген экономикалық проблемалар шешімін тауып, халықтың жағдайы дұрысталды. Дегенмен, бүгінгі таңда Қазақстан өркениетті елдермен терезесі тең деп айта аламыз ба?

– Жасыратыны жоқ, Қазақстан тәуелсіз ел ретінде әлемге танылды. Дүниежүзілік аренада өзіндік орнымыз бар. Десе де тереземіз теңесті деп ауыз толтырып айтуға әлі ертерек сияқты. Өйткені, шешілмеген мәселелер әлі де жетерлік, қаншама сыртқы қарызымыз бар. Ал өзге мемлекетке қаржылық тұрғыдан борыштар болып отырған ел қайтып терезесі тең болады? Қарулы күш жағынан да Ресей және Қытаймен теңесе алмаймыз. Бізге әлі көсіліп жатуға ерте. Жан-жағымызға сақ қарай отырып, байлығымызды қолдан шығарып алмауымыз керек.

– Жалпы, еліміздің экономикасы алға адымдап қадам басуы үшін қай салаға көбірек көңіл бөлу керек деп ойлайсыз?

– Бізге отандық өндірісті дамыту керек. Бұған дейін талай зауыт пен фабрика ашылды. Олардың бірқатарын елбасының өзі іске қосқан болатын. Солардың басым бөлігі уақыт өте келе тоқтап, іске аспай қалды. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын ашу керек деп ойлаймын. Халыққа тұрақты жұмыс керек. Жастар арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттауымыз керек. Қарапайым балалардың барлығы заңгер, экономист бола алмайды. Қазір заман ағымына сай жаңа мамандықтар шығып жатыр. Кәсіпкер болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Болғанның өзінде жемқорлық пен рейдерлік әрекет өндіріс саласын дамытуға тосқауыл болып отыр десем артық айтқандық емес.

Бір аптадан кейін елімізде Тұңғыш Президент күні аталып өтіледі. Сіз үшін осы мейрамның мән-мағынасы қандай?

– Тәуелсіздіктің басында тұрған, жаңа астананың қазығын өз қолымен қаққан, егеменді еліміздің іргесін бекіткен адам – ол Елбасы. Бұл біздің жаңа тарихымыз. Бұл мереке Елбасыға деген құрметтің белгісі. Тұңғыш Президент күні әлемнің бірқатар мемлекеттерінде кездеседі. Моралдық тұрғыдан да, тарихи тұрғыдан да Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты бұл құрметке лайық деп есептеймін. Бірақ, 16 желтоқсанда тойланатын мерекені қазан айына ауыстырған жөн деп ойлаймын. Өйткені ол күн қазақ тарихындағы қаралы күндердің бірі.

Барлық қазақстандықтарды, барлық тілеулес азаматтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтағым келеді. Ел жастары аман болсын, солар адал болса екен дегім келеді. «Ту» деген поэмамда: «Қашан да қиянаттан қазақ өлген, жауыздың ешбірі жоқ жаза көрген. Көк тудың қасиетті киесі атар, сабынан ұстамасаң таза қолмен» деген сөздер бар. Біз көк тудың сабын таза қолмен ұстауымыз керек. Сонда ғана егеменді еліміздің тұғыры биік, мәртебесі жоғары болмақ.

– Әңгімеңізге рахмет!

Назерке Еркінқызы

Барлық жаңалықтар