00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Елордада «Зайырлы мемлекет және конфессияаралық келісім – Тәуелсіздіктің негізі» атты дөңгелек үстел өтті

24.02.2023 | 15:12
Елорда ақпарат
3

Іс-шараға мәслихат депутаты Е.Дәкенов, «Терроризмге қарсы комитет» ДҚБ президиумының төрағасы А.Оразбаев, сонымен қатар қаланың діни бірлестіктерінің, ғылыми-сарапшылық қоғамдастығының өкілдері қатысты. Олар өткен жылы қабылданған Дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарды талқылап, мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық келісімді нығайту мен халық арасында радикалды идеологияның таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі негізгі міндеттер мен шараларға қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды.

«Бүгінгі жиын дін саласындағы күрделі мәселелерді анықтап, шешуге бағытталған. Індетке байланысты мұндай басқосуларды өткізуге тыйым салынған еді. Содан бері онлайн өткізіп келдік, бүгін бетпе-бет кездесудің артықшылықтарын аңғарып отырмыз. Көпконфессиялы астанамыз бірліктің арқасында татулық пен ынтымақтың алып тұғырына айналды. Тұрғындардың татулығы, ынтымақтастығы біздің басты мәселеміз. Оны сақтап, одан әрі нығайта түсу үшін жиналып отырмыз. Орталықтың қызметі елордадағы дін мәселелерін, діни бірлестіктер қызметіне, діни білім алу мәселелерін, діни ахуалды зерделеуге бағытталған. Елімізде ресми түрде 581 миссионер тіркелген, оның 438 – шетел азаматтары және 143 – Қазақстан азаматтары. Еліміздегі 13 рухани оқу орнында 3381 азамат білім алуда», — деді Діндерді зерттеу орталығының оңалту және бейімдеу бөлімінің басшысы Жанбота Қарашолақов.

Бүгінде елімізде 18 конфессияны білдіретін 3808 діни бірлестік бар. Оның 2673-і ислам, 343-і православие, 86 — католик, 592 — протестант ресми тіркеліп, қызметін жүзеге асыруда.

Конфессияаралық келісімді нығайтуда әлемдік және дәстүрлі діндер съезі маңызды рөл атқарады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылдан бері өтіп келеді. Әр үш жыл сайын Қазақстан астанасы беделді дін көсемдерінің ашық диалог алаңына айналады.

«Қазақстанда діни ахуал тұрақты деп айтуға болады. Рухани келісім күніне орай мұндай шаралардың дәстүрлі түрде өткізіліп тұратынына біз үйреніп қалдық. Конфессиялардың басын қосып, татулық деп айтпасақ та түсіністік деңгейінде мәселелерді талқылаудың өзі жоғары деңгей. Зайырлық қағидаттарын ұстанатын мемлекетпіз, дегенмен мемлекет діннен бөлінгенмен қоғам діннен бөлінбейді. Сондықтан қоғамдағы діннің орны, мүдделерін талқылауда таптырмас орта деп айтуға болады. Мемлекетіміздің дінге қатынасы толық қалыптасты деп айту қиын, жетілдірер тұстары әлі бар»,— дейді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде дінтану кафедрасының доценті, дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы.

Сонымен қатар қатысушылар дін саласындағы еліміздің жетістіктерін, дамытар тұстарын талқылап, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы конфессияаралық және ұлтаралық келісім мәселелерін жан-жақты қарастырды.

Ел бойынша барлығы 3 585 ғибадат ғимараты жұмыс істейді, оның ішінде 2678 мешіт, 301 православтық храм және 108 католик шіркеуі, 406 протестанттық құлшылық үйі, 57 Иегова куәгерлерінің құлшылық үйі, 24 Новоапостоль шіркеуінің құлшылық үйі, 6 синагога, 2 Бахаи құлшылық үйі, 2 Кришна санасы Қоғамы құлшылық үйі мен 1 будда храмы бар.

                                 Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Барлық жаңалықтар