00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Реформалар жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға бағытталған – сарапшы пікірі

31.03.2023 | 23:23
Елорда ақпарат
3

2022 жыл Қазақстан тарихында ауқымды саяси реформалар мен жаңартулар жылы ретінде қалды. Бүкіл саяси жүйені қайта жаңарту үдерісіне бастама болған конституциялық реформа жылдың негізгі оқиғасы болды. Оның аясында Конституцияның 30-ға жуық бабына өзгерістер енгізілді. ҚСЗИ бас сарапшысы Әлішер Тастенов осындай пікірде, деп хабарлады Elorda.info.

Бұған дейін 2019 жылдан бері саяси реформалардың 4 пакеті қабылданып, оның аясында 10-ға жуық заң әзірленген болатын. 2022 жылы олар өздерінің логикалық жалғасын тауып, үлкен, ауқымды сипатқа ие болды. Конституцияға енгізілген өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғау тетігін күшейтуге, Парламенттің рөлі мен мәртебесін арттыруға, билікті монополиясыздандыруға және бәсекелестікті арттыруға бағытталды.

Атап айтқанда, Конституциялық Соттың құрылуы, 7 жылдық бір реттік президенттік өкілеттіктің енгізілуі, Мәжіліс пен Сенат арасындағы функциялардың өзгеруі, облыс әкімдерін сайлаудың жанама жүйесінің енгізілуі, мәслихаттарда бір мандатты депутаттардың пайда болуы, Президенттің партиядан шығуы, Президенттің туыстары мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда басшылық қызметтерді атқара алмауы және т.б., - дейді сарапшы.

Ә.Тастенов Президент тапсырмасынан кейін елімізде конституциялық өзгерістерге сәйкес келетін тиісті заң жобалары әзірленіп, қабылданғаны бұл бағыттағы реформалардың табысты жүруіне жол ашатынын атап өтті.

Конституциялық реформа өткен жылдың күзіндегі президенттік сайлаудан бастау алған жаңа ірі сайлау циклін бастады.

Биыл Сенат депутаттарын сайлау өтті, алда Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтеді. Азаматтар аудан әкімдерін тікелей сайлайды.

Түптеп келгенде, реформалар елдің саяси өмірін ырықтандыруға, тежемелік пен тепе-теңдіктің жаңа балансын орнатуға және жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға бағытталған, - дейді ҚСЗИ бас сарапшысы. 

Барлық жаңалықтар