00:00
Астана -10oC
USD:
443.72
EUR:
482.28
RUB:
4.9
Іздеу

Сайлау: Тәуелсіз байқаушылар – әділдіктің кепілі

31.03.2023 | 23:00
Елорда ақпарат
1

Сайлауда үшінші тарап бар, бұл – байқаушы. Оның бір ғана мақсаты – сайлаудың заң аясында жүру тәртібінің бұзылмауын қадағалау. Елде сайлаушының дауысы тәуелсіздік жылдарынан бері түрлі әділетсіздікке тап болып, таза һәм әділ өтуіне кедергілермен жүріп келді. Бұның саяси, құқықтық себептері жеткілікті.

Демократиялық эмитацияға ұшыраған сайлау, бәрімізге белгілі халықтың билікке деген сенімінің әбден төмендеп кетуіне әкелді. Сол себепті соңғы үш жылда сайлауды дендеп қадағалау, қоғамдық тәуелсіз бақылау үдерістері ояна бастады. Бұған сайлаудағы әділетсіздік пен бассыздыққа төзімі таусылған азаматтық қоғамның өз еріктерімен сайлаудың дұрыс өтуіне араласа бастауы түрткі болды.

2019 жылы алғашқы көлемді көріністер – аймақтарда 25-30 мыңға дейін байқаушы тартылуы, кейінгі 2021-2022 жылдарғы сайлауларда олардың саны 75-80 мыңға дейін өсуімен жалғасты. Бұл әдеттегідей тұтас Сайлау туралы заңның қайта оң өзгеріске ұшырауына септігін тигізді.

Бақылау процесінің маңыздылығы артты. Қазір тәуелсіз байқаушылар қозғалыстары күшейе бастады. Бұдан қазақстандық демократия мен отандық сайлау мәдениеті ұтады. Бастысы, сайлаудың әділ әрі заң аясында өтуіне тәуелсіз байқаушылардың әлеуеті үшінші тарап болып қалыптасты, демократияның берік кепіліне айналып келеді.

Мәселен, қоғамдық қозғалыстар 2022 жылғы кезектен тыс Президент сайлауында 27 қалада дауыс беру барысын қадағалау жұмысын сәтті бастады. Солардың ішінде «BAQYLA» қоғамдық қозғалысы биылғы Парламент Мәжілісі мен маслихаттар сайлауында проблемалы қалалар мен маңызды бақылау учаскелеріне баса назар аударып, 25 қаланың 3 мыңнан астам сайлау учаскесін бақыламақ.

Ал «ДАУЫС» қоғамдық байқаушылар коалициясы Астана қаласының барлық сайлау учаскелерін бақылаушылармен қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанның әр өңірінен тәуелсіз байқаушыларды жинап, құқықтық консалтинг, медиа менеджмент және кәсіби койчинг салаларында тәжірибелі 160-тан астам қоғамдық ұйымды сайлау процесін бақылауға тартуды көздеп отыр.

Былай қарағанда, қоғам тарапынан өз алдына саяси мәдениеттілік деңгейінде байқаушылық үдерісі сатылай көтерілуде. Нәтижелері де саннан сапаға көшкен. Кейбір байқаушылар үшінші-төртінші рет қатысып, бай тәжірибе жинады. Бұның барлығы еліміздің демократиялық процестерінің тиісті дәрежеде жылжып келе жатқанының айғағы.

Мақсат ЖАҚАУ, саясаттанушы

Барлық жаңалықтар