00:00
Астана -10oC
USD:
441.58
EUR:
480
RUB:
4.86
Іздеу

Бүгінгі Amanat кешегі «Нұр Отан» емес – саясаттанушы

31.03.2023 | 22:33
Елорда ақпарат
3

Кезінде ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан «Еуропада халық партия болғанда, адаспас ақ жол табамыз деп, адам аспас асқар белден асамыз деп, жұрт ілгері басатын іс қыламыз деп таласады» деген еді. Сонымен, көптен күткен еліміздің басты саяси науқаны қызғалы тұр. Оның саяси ойыншылары болып саяси партиялар және өзін-өзі ұсынушы кандидаттар бес қаруын сайлап саяси додаға соңғы дайындықтарына кірісті.

Осыдан екі жыл бұрын да сайлауда қызу талас болған. Ол кездегі үлкен екі жаңалық – биліктің басты партиясы Аmanat ішкі сұрыптауды әлемдік форматтағы праймериз арқылы жүргізсе, артынша сайлаудан кейін «Адал» партиясымен бірігіп, тіптен саяси фаворитке айналғанына куә болдық.

Егер де батыстың классик саясаткерлерінің сөзіне салсақ, «сайлаудан өтсең, бірден келесі сайлауға дайындал» деген принциптің ұдайы есте болмағы ләзім. Ал келер сайлауға дайындық алдыңғы сайлауда берген уәделерді орындаудан басталатыны анық.

Кешегі 2021 жылғы сайлаудан Парламентке үш партия енді. Соның ішінде халыққа берген уәделерін орындап шыққаны тек Аmanat партиясы болып отыр. Онда республикалық және аймақтық деңгейдегі бағдарламаларының үштен екісін ғана жүзеге асырды. Әсіресе, үш миллионнан астам гектар жерді мемлекетке қайтаруда «Жер аманаты» комиссиясының рөлі зор. Бұл аудан мен ауыл электоратының алдында партияның бірден үлкен абыройға ие болып үлгіргендігін көрсетеді.

Оның үстіне, қарашада өткен Президент сайлауында да коалициялық ымыраға саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерді жинақтай білген аманаттықтар барлық аймақтағы төрт мыңға жуық алғашқы партиялық филиалдарын нығайтып, 788 мыңнан астам мүшесін бекітіп алды. Бір сөзбен айтқанда, көктемгі сайлауға дайындықты сол кезде-ақ бастап кеткен еді.

Енді 7 ақпандағы XXV съезде аманаттықтардан мынадай нақты өзгерістерді күту ғана қалып тұр:

Біріншіден, қаңтардан сабақ алған саяси партиялардың алды болғандықтан, әрбір қазақстандыққа сүбелі нәтиже беретін адрестік, бүге-шігесіне дейін көрсетілетін сайлауалды бағдарламасы бекітіледі;

Екіншіден, алдыңғы жолғы сайлауда депутаттық корпусты қаншалықты сұрыпталған тізіммен жасақтаса да, 80-85 пайызға жуық барлық деңгейдегі Мәжіліс пен мәслихатқа баратындардың партиялық құрамын едәуір жаңалаудан қашпайды. Әсіресе, мазмұнды, сапалы, мінезді, кәсіби кандидаттардың тізімі, сайлау науқанымен, одан кейінгі саяси кезеңдерде бәсекеге қабілеттілік иммунитетін қалыптастыруға ауысады;

Үшіншіден, еліміздің саяси реформаларының үздіксіз даму деңгейінде бұрынғы әдеттерден арылуға ұмтылыс қадағаланады. Әсіресе, әкімдік құрылымдарына тиесілі әкімшілік ресурстарының шектелуі. Себебі заңдық негізде жергілікті әкім-қаралардың партия мүшелігінде болмауымен реттелген. Сонымен қатар, биылғы барлық конституциялық өзгерістердің заңдарда көрініс табу процесі жалғасады.

Әрине, елдің екі көзі төртеу болып отырған саяси науқанға басты басымдыққа ұмтылатын саяси мектебі зор Аmanat-тың амбициялық қарқыны жоғары. Бастысы бұрынғы әдетпен саяси монополияға ұрынбаса игі. Естеріңізде болса, 2007 жылғы сайлауда 98 пайызға ие болып, Қазақстан халқы Ассамблеясының 9 депутатын қоспағанда, 98 мандатпен Парламент төрінде партиялардан жалғыз өзі отырған кезі болған. Бірақ бүгінгі Аmanat анау айтқандай, кешегі «Нұр Отан» емес. Бұны Президент Қ.Тоқаевтың партиялық төрағалық пен мүшелігінен бас тартқанынан бергі анық трансформациялық құбылыстарынан аңғарып келеміз.

Кешегі Абайлар айтқандай, «болды да партия, ел іші жарылды...» деуден, бүгінгі қазақ қоғамында демократиялық өзгерістердің алды болып, саналы жұрттың сенімін күн санап тірнектеп жинап, саяси бәсекелестікті орнатуға батыл жылжып келе жатқан заманауи бояуына, саяси рең берген Аmanat партиясы, әзірше уәделі сөздерін орындап келе жатыр. Лайым солай болғай.

Мақсат Жақау, саясаттанушы

Барлық жаңалықтар