Марияш Жұрымбаева: Ерік Құрманғалиевтен қалған ноталарды музейге тапсырсам деп едім

04 қазан, 20:05497
© youtube.com © youtube.com

«Киімді қойшы, бұл шүберек қой, ештеңе етпес. Басты байлығым – ноталарым» ғой деп жауап берді...

Биыл әлемге әйгілі опера әншісі, Кеңес Одағындағы тұңғыш контртеноры, Қазақстанның халық әртісі Ерік Құрманғалиев 60 жасқа толушы еді. 3 қазан күні елордада әншіге арналған шаралар өтті. Алдымен Қазақ ұлттық өнер университетінде Ерікпен сахнада қатар жүрген, жақын достары болған, Нұр-Сұлтан қаласына Ресейден арнайы келген өнерпаздар - фортепианошы Александр Котовщиков, контренорлар Рустам Яваев пен Олег Рябецтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Артынша «Астана Опера» театрында Ерік түскен фильммен аттас «Вокалды параллельдер» концерті ұйымдастырылды. Онда Ерік Құрманғалиевтің репертуарындағы туындылар шырқалды. Осы екі шараға қатысқан Еріктің шөбере қарындасы Марияш Жұрымбаевамен аз-кем әңгімелестік.


- Сізді Еріктің қарындасы деп таныстырды. Әйгілі әншінің туған бауырысыз ба?

- Ерік - анамның немере інісі. Еріктің әкесі Сәлім мен анамның әкесі, яғни менің нағашы атам Куан туған ағайынды еді. Біз Ерікпен балалық шағымыздан жақын араластық. Өйткені оның әкесі ерте қайтыс болып, анасы Меруерт үш баламен жалғыз қалды. Ерік сегізінші сыныпқа көшкенде біздің үйге көшіп келді. Бір жылдары интернатты өсті. Кейіннен Алматыға келіп, консерваторияда бір жыл оқыды. Бірақ онда оның ерекше дауысымен жұмыс істейтін педагог болмаған соң Мәскеуге кетіп, цирк училищесіне халық биі бөліміне оқуға түсті. Екінші курста оқып жүргенінде Жаңа жылдық «капустникте» ән шырқап, Гнесиндер атындағы музыкалық-педагогикалық институт оқытушыларының көзіне түсіп, сонда ауысты.

- Қазір Ерікпен бірге туған бауырлар жоқ па?

- Олар Серік, Берік, Ерік – үш ағайынды еді. Серік Атырауда қайғылы қазаға ұшырады. Берік те мезгілсіз өмірден өтті. Бірақ Беріктен екі ұл қалды. Оларды өкінішке қарай Ерік көрмей кетті.

- Жаңа біраздарда Еріктен қалған ноталар сіздің қолыңызда екенін, бұл жәдігерлерді музейге тапсырғыңыз келетініңіз жайлы естідім. Бұл туралы толығырақ айтып берсеңіз.

- Ерік қайтыс болып, оны жерлегеннен кейін пәтеріне бардық... Ол тұрмыс дегенді ешқашан ойламайтын. 1992 жылы мен де Мәскеуде біршама уақыт тұрдым. Сол кезде Еріктің пәтерін тонап кетті. Біз қонақта едік. Үйге оралған соң форточканың ашық тұрғанын көрдік. Пәтерге кірген соң оған Пьер Карден сыйлаған ақ және қара түсті екі фрактың ұрланғанын байқадым. Ол жерде шашылып жатқан ноталарды жинай бастағанда соны айттым. Ерік «Киімді қойшы, бұл шүберек қой, ештеңе етпес. Басты байлығым – ноталарым» ғой деп жауап берді. Ал ол өмірден өткен соң, сол ноталарын Алматыға алып кеттім. Олардың қолымда тұрғанына 12 жыл болды. Көп адам ноталарды сұрады. Мамандардың айтуынша, бұл өте сирек кездесетін ноталар. Өзім өнерден алыс болсам да, ешкімге бергім келмеді. Бірақ биыл Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне ноталарды тапсырған дұрыс деп шештім. Ноталар құр жатқаннан студенттер оқып, үйренсін.

- Еріктен ноталардан басқа ештеңе қалмады ма?

- Ноталармен бірге пластинкалар қалды. Басқа ештеңе жоқ. Мәскеуде пәтері болған еді. Оны қарыздарын жабу үшін саттық. Ақшаның бір бөлігін бауыры Беріктің соңындағы ұлдарына бердік. Есесіне қарыздары жабылып, Ерік ана дүниеде тыныш жатыр.  

- Еріктен өкінішке қарай ұрпақ қалмады. Бауырыңыз мүлде үйленбеген бе?

- Студент күнінде бір үйленгені бар. Бірақ бұл шартты неке еді. Себебі оған Мәскеуде тіркеуге тұрып, қалу керек болды. Альфия Хабибуллина деген ГИТИС түлегі Мәскеудің түбіндегі Орехово-Зуево қаласында тұрды. Аля мен Ерік бір жылдай ғана бір шаңырақ астында өмір сүрді.

- Ерік Үлкен театрдың солисткасы Галина Нечаеваның қасында жерленген екен. Зиратта Еріктің құлпытасы бар ма?

- Ерікті жерлегенде Нечаеваның бейіті де қараусыз қалғанын байқадық. Сондықтан біз қоршауын ауыстырып, екі әншіге ортақ стелланы қойдық. Бірақ екі жылдан кейін Мәскеуде қатты дауыл тұрып, бәрін жайпап кетті. 2011 жылы Ерікке зираттан орын берген адам да қайтыс болды. Оның қызы белгілі актер Ефремовтің бұрынғы әйелі еді. Бұл кісі де өмірден озды. Алайда Ерік пен Нечаеваға ортақ белгі қойып үлгерді. Ол жердеге бір құлпытаста Галина Нечаева мен Ерік Құрманғалиевтің аттары қашап жазылған.

- Іздеп барсақ, Еріктің жатқан жерін табуға бола ма?

- Иә, Ваганьков зиратына барып, «Ерік Құрманғалиевтің бейіті қайда?» деп сұрасаңыздар табасыздар. Ол он төртінші қатарда жатыр.

- Ерікке ескерткіш орнату жоспарыңызда жоқ па?

- Келесі жылы дарынды балалар арасында Ерік Құрманғалиев атындағы байқау ұйымдастырылайын деп жатыр. Мәскеудегі достары ескерткішін орнатпақ. Атырау қаласында ескерткіш тақта орнатылады. Бірақ Ерік оқыған оқу орнына ма, тұрған үйіне ме, соны білмеймін.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

P.S. 5 қазан күні Ерік Құрманғалиевтің туған жері – Атырау қаласында да еске алу кеші мен рухына арналған концерт өтеді.                                         

Ерік Құрманғалиев
Наверх