• USD 385
  • EUR 434

Жоғалған бала, ұмыт қалған құжат және мекенжайға жеткізіп салу – туристік полицияның қызметі қандай

08 тамыз, 09:37214
Суретті түсірген автор Суретті түсірген автор

Елордада туристік полиция қызметі осы жылдың сәуір айында басталды. Сәуір айынан осы күнге дейін аталған тәртіп сақшыларының көмегіне 3 800-ден астам адам жүгінген. Оның 2 мыңы отандық туристер, қалғаны – шетел азаматтары. Жалпы осы кезге дейін туристік полицей 400 мыңға жуық адамға түрлі бағыттағы сұрақтар бойынша қызмет көрсетті. Елорда Инфо тілшілері астанадағы туристік полицейлердің қызметімен танысқан болатын.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен ІІМ алқа отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Мемлекет басшысына елімізде туристік полиция құрылатыны туралы мәлімдеген болатын.

Еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бекіткен туристік саланы дамыту тұжырымдамасы аясында ІІМ бастамасымен «Е-виза», «Е-қонақ үй» электронды базасын құру жөнінде ұсыныс жасалды.

Бүгінде 117 елдің азаматтары үшін электронды түрде рәсімделеді және мемлекеттік шекарадан өткен бойда автоматты түрде тіркеледі. «Е-қонақ үй» мәліметтер базасы шетелдіктердің тұратын жерінен есеп жүргізуге мүмкіндік береді және тіркелу үшін міндетті түрде полицияға келудің қажеттігі болмайды.

Өз кезегінде шетелдіктерді және инвесторларды тарту үшін және шетел азаматтарының елімізге келген кездегі қауіпсіздігі мен жайлылығын жаңа бөлініс – туристік полиция қамтамасыз ететін болады.

«Қазіргі уақытта туристік полиция бойынша штат санын арттыру мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Мүмкін келесі жылы өзгерістер болмаса. Қала бойынша бүгінде 15 турполиция және 3 бекет бар. Әзірге ешқандай арттыру, көбейту жоспары жоқ. Себебі әзірге бұл пилоттық түрде жүзеге асырылып жатыр. Сондықтан қазір біз қала бойынша турполицияның қызметін қай жерде ұлғайту керек деген сұрақпен жұмыс жүргізудеміз. Аталған өзгерістер мен жаңашылдықтар осы жылдың соңында немесе келер жылдың басында орын алуы мүмкін», - деді қалалық Көші-қон қызметі басқармасы басшысының орынбасары, полиция майоры Ербол Махметов.

Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап бүгінге дейін туристік полицейлер 400 мыңға жуық адамға түрлі бағыттағы сұрақтар бойынша қызмет көрсетті.

Суретті түсірген авторСуретті түсірген автор

«Туристік полицияның басты міндеті – Қазақстанға келген шетел азаматының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мысалы, Нұр-Сұлтанға шетел азаматы қыдырып келді делік, алғаш келген адамның мекенжай немесе туристік орындар бойынша әртүрлі сұрақтары болуы мүмкін. Біреулерде байланыс жүйесімен проблема болады. Міне, осындай сәттерде туристік полиция көмекке дайын болуы тиіс», - деді ол.

Туристік полиция қызметкерлері бейнетіркеуіштермен, планшеттермен, рациямен жабдықталады және олар мемлекеттік тілді, орыс және ағылшын тілдерін, еліміздің тарихын білуі тиіс, сондай-ақ тез тіл табыса білетін және жедел әрекетке әрдайым дайын болуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық жайлы климатты қалыптастыруда шетелдіктердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды екенін атап көрсете отырып, шетелдік туристермен жұмыс барысында жекелеген полиция бөліністерін мамандандыру бойынша қабылданып жатқан шараларды мақұлдады.

Суретті түсірген авторСуретті түсірген автор

«Көбінесе адамдар навигаторға қатысты сұрақтармен келеді. Немесе қаладағы белгілі бір туристік нысанды сұрайды. Мысалы, «Ұлттық музей қайда орналасқан?», «Оған қалай жетуге болады?» деген секілді. Салыстырмалы түрде алсақ көп туристер көрші Ресейден, Қытайдан және Еуропа елдерінен келеді. Біз оларға қажетті мекенжайды айтып қана қоймай, қажет болған жағдайда ресми такси шақырып, тиісті жерге жеткізіп салуын сұраймыз», - деді аға лейтенант полицейі, елордадағы туристік полиция инспекторы Еркебұлан Жұмабаев.

Бас қаладағы туристік полиция қызметіне орташа есеппен жұмыс күндері кем дегенде 15 адам түрлі сұрақтармен қол ұшын созуын сұрайды. Ал демалыс күндері бұл көрсеткіш 30-ға дейін жетеді. Және бұл жерде ауа райына да байланысты.

Суретті түсірген авторСуретті түсірген автор

«Әрине күніне неше түрлі адамдар түрлі сұрақтармен келеді. Біз өз міндетімізге сәйкес ол сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, қол ұшын созып көмектесуге тырысамыз. Жуырда сол жағалаудағы «Нұржол» желекжолында адасып кеткен араб ұлтының баласын тауып алдық. Ата-анасы аңғармаған болуы керек. Бала алыс емес жерде тұрады екен, дереу шұғыл әрекет ету қызметіне хабарласып, баланы ата-анасына аман-сау жеткіздік. Жалпы балалардың ата-анасынан адасып қалуы ЭКСПО аумағында жиі тіркеледі. Себебі онда үлкен балалар алаңы бар, ата-аналардың өздері балаларының аяқ астынан қайда кетіп қалғанын аңғармай жатады. Адасып қалған балаларды бізге әкеледі, біз ЭКСПО-ның қауіпсіздік қызметі арқылы олардың ата-анасы немесе жақындарын іздестіріп тауып, баланы жеткізіп береміз», - деді ол.

Туристік полицияның негізгі міндеті – отандық және шетелдік туристерге бағыт бағдар көрсетіп, кеңес беру. Сондай-ақ, қиын жағдайға тап болған жағдайда құзырлы органдарға хабарласып, мәселенің оң шешімін табуына ықпал ету.

«Біздің басты мақсат – туристік нысандарға қыдырып немесе демалуға келген адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондай-ақ, туристер келеңсіз жағдайға тап болған сәттерде, ол кісінің мәселесі шешімін тапқанша біздің жауапкершілікте болады.Сонымен қатар, бізге қалдырып кеткен заттар мен жоғалып, ұмыт қалған құжаттарды тапсырып кететін жайттар да болады. Кейін иелері табылып бізден алып кетіп жатады», - деді Е.Жұмабаев.

Қазіргі уақытта қала бойынша 3 туристік полиция бекеті бар. Ол сол жағалаудағы «Бәйтерек» монументінің жанында, екіншісі «Астана ЭКСПО» маңайында, енді біреуі Бейбітшілік және келісім сарайының қасында.

Суретті түсірген авторСуретті түсірген автор

«Жалпы бізде штатта 15 қызметкер бар. Әр бекетте екі полициядан жұмыс істейміз. Жұмыс кестесіне келсек, біз екі ауысымда жұмыс істейміз, бірінші ауысым таңертең сағат 10:00-ден сағат 16:00-ге дейін, екінші ауысым сағат 16:00-ден түнгі сағат 22:00-ге дейін», - деді ол.

Туристік полицейлерге қойылатын негізгі талаптардың бірі – ағылшын тілін жетік білу.

«Туристік полиция қызметкерлеріне қойылатын талаптардың бірі ол ағылшын тілін жетік меңгеру. Бұл шетелдік туристермен еркін сөйлесе отырып, қызмет көрсету мақсатында енгізілді. Сол секілді бізде қызметтік көлік қарастырылған. Ол шағын әрі бинзин талап етпейді. Яғни электр қуатымен жүреді. Қуаттау уақыты 4 сағат уақыт алады, бір қуаттағанда 6 сағат жұмыс істеуге жетеді», - деді ол.

Бүгінгі күні аталған қызмет Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Ақмола, Алматы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында құрылып жұмыс істеуде.

«Біз Қостанайдан келдік. Қаланы дұрыс білмеген соң, туристік полицияға жүгіндік. Тәртіп сақшылары өз міндеттерін тиісті деңгейде орындауда. Бұрын-соңды турполиция туралы естімеппін. Енді білетін боламыз, өте ыңғайлы екен», - деп алғысын білдірді Денис Овсянников.


Наверх