Елордалық өрт сөндірушілер тілсіз жауға дайын ба

17 сәуiр, 16:281110
Автор: Elorda Aqparat
Суретті түсірген Сұлтан Сейітов Суретті түсірген Сұлтан Сейітов

Жақында Оңтүстік Кореядағы орман өрті мен Париждегі тарихи шіркеудің қызыл жалынға орануы көпшілікті ойға салды. Нұр-Сұлтан қаласындағы өрт сөндіру мекемелері тілсіз жауға қарсы тұруға қаншалықты дайын? Осыны білмек үшін Елорда Инфо тілшісі №16 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінің жұмысымен танысып қайтты.

Кіреберістен бізді қарауыл бастығы, лейтенант Марғұлан Түсіпбеков қарсы алып, бөлімшенің жұмысымен толығымен таныстырды. Өрт сөндірушілер бірнеше топқа бөлініп, әрқайсысы 24 сағат уақытын сол жерде өткізеді екен. Жатын орны да, ас бөлмесі де, тіпті жаттығу залы да ғимарат ішіне орналастырылыпты. Сарбаздар білімін жетілдіру үшін күнделікті дәрістер өтіп, арнайы конспект те жазады екен. Ал мекеме аумағында орналасқан жаттығу алаңдарында мұның бәрі іс жүзінде көрсетіледі. Онда жасанды түтін жіберіліп, ғимараттың іші-сыртында сауатты қимылдау әдістері үйретіледі.

Ғимарат ішінде бізді қызықтырғаны өрт сөндіру машиналарына тікелей сырғып түсетін темірлер орнатылыпты. Арнайы жаттығудан өтпесе жылдам түсемін деп жазым болуы әбден мүмкін. Бейне бір әскери бөлімге еніп кеткендей күйге қалдырды.

88 метр сатысы бар көлік

Осыдан кейін жұмысымызды өрт сөндіру көліктері орналасқан астыңғы қабатқа қарай жалғадық. Мұнда 4 өрт сөндіру көлігі мен екі трактор орналасыпты. Апат ауқымды болған шақта қосымша машиналар тартылады екен. Ал ішінде сатысы 88 метрге дейін жететін көлік бар. Біздегі жоғарғы қабаттағы апаттарға міне осы машина аттандырылады. Ал оның шамасы жетпеген жағдайда өрт сөндіргіш тікұшақтар жұмылдырылады. Алайда кез келген ғимараттың ішінде, тіпті құрылысы бітпеген орындарда отқа қарсы техникалар орнатылғандықтан тікұшақтың көмегіне жүгіне бермейді екен. Осыған қарап-ақ біздегі өрт сөндірушілер зәулім үйлердегі отты сөндіріп, адам өмірін аман алып қалуға толық дайын екен деген ойға келдік.

«Шақыртулардың көбіне көпфункциялы АЦ-2,5-50 көлігі шығады. Оның ішіне 5 тонна су сияр болса, секундына 50 литрін шашады. Өзгелерімен салыстырғанда атқарар қызметі де көп. Оның үстіне алыс-жақын қашықтықта тұрып, тілсіз жауды сөндіргенге де ыңғайлы», - деді М. Түсіпбеков. 

Лейтенант сөз арасында елордадағы өрт сөндіру бөлімшелерде бүкіл суын жеті минутта шашып болатын көліктер барын айтып, салдарынан қосымша көмек шақыртылатынын қозғап өтті. Міне, апат кезіндегі «су жетпей қалды» деген тұрғындардың шағымы осыдан шығатын көрінеді.

Күнделікті жаттығу

Өрт сөндіру көліктерін зерттеп жүргенімізде дабылдың дауысы шыққаны сол еді, кенеттен жан-жағымызда жүрген қызметкердің бәрі апыл-ғұпыл киімдерін кие жөнелді. Ал жоғарғы қабаттағы сарбаздар арнайы орыннан сырғып түсіп, көз ілеспес жылдамдықпен «бес қаруын» асынған күйде көліктеріне қарғып мінді. Сырттай бақылап отырып, жауынгерлердің 1 минутқа жетер-жетпес уақытта дайын болғанына куә болдық. Осы уақыт аралығында жарауда тұрған көліктер сыртқа шығып, басшылықтың бұйрығын күтіп тұрды. Суыт хабар түскен соң бірге баруға ұмтылған едік мұның тек күнделікті жаттығу екенін білдік. Бұл жігіттердің босаңсып кетпеуі үшін керек. Сол себепті «шұғыл қоңырау» күніне бір-екі мәрте өткізіліп отырады екен.

Апат орнына қанша уақытта жетеді?

Былтыр Денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдем қызметкерлерінің жету уақытын науқастың жағдайына байланысты төрт деңгейге бөліп, ақ халаттылар 10, 15, 30, 60 минут аралығында көмек көрсетіп үлгеруі тиіс екенін хабарлаған. Ал өрт сөндірушілерге мұндай уақыт берілмейді. Дер кезінде жетіп, ауыздықтамаса соңы жақсылыққа апармайды.

«Оқиға орнына жеткеннен кейін ауладағы көліктердің ретсіз орналасқаны үлкен кедергі келтіреді. Сол себепті «101» қызметінің диспетчерлік бөлімі жедел жәрдеммен, полицей қызметкерлерімен, қажет жағдайда эвакуациялық көлік иелерімен тығыз байланыста отырады»,- дейді қарауыл бастығы.

Иә, бұл қала тұрғындары үшін ойланарлық жайт! Өз көлігін орынсыз тұсқа қоярда өзгелеріне кедергі келтіретінін, тіпті адам өміріне тікелей қауіп төндіретінін есте ұстаған жөн.

Жер бетінде ең қауіпті саналатын мынадай төрт мамандық бар: ғарышкер, альпинист, сүңгуір және өрт сөндірушілер. Күніне бірнеше рет ажалмен бетпе-бет келіп, адам өмірін аман алып қалу үшін өлшеусіз көмек көрсетеді. Дегенмен қауіпті аумақтарда жұмыс істегеніне қарамастан өрт сөндірушілердің еңбегі өз деңгейінде бағаланбай жататыны жасырын емес. Ал жеке пәтер тұрмақ жатақханадан орын алу үшін де белгілі бір мерзімдегі жұмыс өтілі ескеріледі.

Сөз соңында айтарымыз, Ішкі істер министрлігі полицейлердің жалақысын 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап 55 пайызға арттыратыны туралы хабарлады. Ал баспаналы болуы үшін бірер ай бұрын 1 млн теңгенің тұрғын үй жарнасы да табыс етілді. Бұл қуантарлық бастама. Алайда Ерлан Тұрғымбаев басшылық ететін министрлік өрт сөндірушілердің де жағдайын назарға алып, еліміздегі орташа деңгейден жоғарылау жалақымен, баспанамен қамтамасыз ету мәселесін қозғайтын уақыт келген сыңайлы...

Айта кетейік, бас қаламызда жалпы саны 17 өрт сөндіру бөлімшесі болса, онда 1500-ден аса қызметкер жұмыс істейді. Ал оның 11-і күнделікті қала өміріне жауапты. Бұл бөлімшелерде 129 өрт сөндіру техникасы болса, оның 59-ы – негізгі, 23-і арнаулы, 47-сі қосалқы болып есептеледі.

Аян БЕКЖАНҰЛЫ


Наверх