Елордалық қоғамдық көліктерде туберкулезге қарсы акция өтті

08 қараша, 13:17146

Ел астанасындағы №8 және №51 автобус жолаушыларына туберкулез ауруына қарсы акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Бүгін «Санат Әлемі» қоғамдық қорымен бірлесіп «Сенің денсаулығың – сенің қолыңда» атты акция өткізіп жатырмыз. Мақсаты – халықты туберкулез ауруы туралы ақпараттандыру. Оның үстіне қазір суық түсіп жатыр, яғни түрлі инфекциялық ауру түрлерінің қозатын уақыты. Біз әрбір адам аталған ауру туралы біліп қана қоймай, одан қалай сақтану және қорғану керек екендігін білуі қажет деп ойлаймыз. Қала бойынша жолаушылар көп мінетін және қаланың біраз аумағын аралайтын 2 автобус бағытын таңдап алдық Ол №8 және №51 автобус. Нұр-Сұлтан қаласында қоғамдық көліктерде мұндай акция алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Аталған мекеме бізге акция өткізейік деген идеямен хабарласты, біз өз кезегімізде қолдау білдірдік», - деді «Астана LRT»  ЖШС Қоғаммен байланыс қызметінің бас менеджері Әлия Жарқымбекова.

Аталған акцияның басты артықшылығы сол жолаушылар қоғамдық көлікте тегін жүреді.  

«Біздің мақсат – халықты аталған ауруға қатысты хабардар ету. Біз үшін әрбір елорда тұрғыны мен қонағының туберкулезге қатысты басты ақпараттарды білгенін қалаймыз. Туберкулез деген кезде көп адамдар шошып қарайды. Біздің айтпағымыз одан қорықпау керек, оны жасырмау керек. Керісінше ол ауру туралы сұрастыру қажет. Бүгінде заманауи технология мен қатар түрлі емдеу жолдары пайда болуда, оның ішінде туберкулез де бар. Біз бұған дейін Алматы қаласында осындай акция өткіздік. Қала тұрғындары акцияға белсенді қатысты. Бүгінде елорда тұрғындары өз белсенділіктерін танытуда. Жолаушылардың көбісінің хабары бар болып шықты», - деді «Санат Әлемі» қоғамдық қорының қызметкері Мадияр Әбділов.

 

Акция барысында жолаушыларға туберкулез ауруына қатысты викториналық сұрақтар қойылып, дұрыс жауап берген азаматтарға естелік сыйлықтар таратылды.

«Туберкулезға қатысты негізгі ақпараттарды білемін. Яғни оның жұқпалы ауру түрі екенін және алдын алған жағдайда одан емделуге болатынын білемін. Бүгінгідей ақпараттандыру, халықты хабардар ету акцияларының жиі ұйымдастырылғаны дұрыс, өз басым қолдаймын», - дейді қала тұрғыны Любовь Оконенко.


Наверх