Білім саласы ұйымдарының жетістіктеріне арналған көрме өтті

21 тамыз, 17:35473

Бүгін елордадағы «Көрме» орталығында қалалық білім беру мекемелері мен осы салаға қатысы бар ұйымдардың жетістіктерін паш ететін көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Педагогтарға арналған дәстүрлі Тамыз конференциясы шеңберінде өткен бұл іс-шараға қатысушылар инклюзивті білім, ІТ-технология, шет тілін оқыту, эмоциялық интеллект секілді алуан тақырыптар бойынша өз жобаларын таныстырды.

Мысалы, солардың бірі, отандық Pine Learning Innovations компаниясының маманы Ернар Аккисев мұғалімдер мен шәкірттердің ағылшынша қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін америкалық Raz Plus платформасын Қазақстанда таратумен айналысады.

«Бізде қазір мынадай проблема бар. Көп мектептерде балалар тек ағылшын тілі пәні кезінде ғана ағылшынша сөйлейді де, басқа кезде тіл үйрену тәжірибесі қалып қояды. Бұл платформа балаларға 24 сағат бойы ағылшыннан қол үзбеуге мүмкіндік береді. Бүгінде оны әлемнің 170 шақты елінде пайдаланады. Онда мұғалімдер үшін 50 мыңнан аса материал мен оқушылар үшін 2 жарым мыңдай кітап қоры бар. Тапсырмалар 29 түрлі деңгейге бөлінеді. Яғни, 1-сыныптан бастап 11-12 сынып оқушыларына дейін ыңғайлы. Балалар платформада кітап оқып, үй тапсырмасын орындап, оны жазбаша немесе аудио түрінде мұғалімге жібере алады», – дейді ол.

 

Аталған платформаның ерекше тұсы, ол ойын түрінде құрастырылған. Әр аккаунт иесінің, яғни, оқушының өз аватары болады. Ол – виртуалды бейне. Әр орындалған тапсырма үшін жұлдызша беріледі. Оны оқушы өз аватарын безендіруге жұмсайды. Мысалы, әлгі аватарға киім, бұйым «сатып алу» үшін әлгі жұлдызшаларды жинау керек.

Raz Plus платформасымен жұмыс істейтін елордалық мектептер қатарында «Мирас», Spectrum, «Нұр Орда» секілді білім беру мекемелері бар екен. Жуырда аталған платформа ресурстарын Білім және ғылым министрі мақұлдапты, бұл – демек алдағы уақытта мемлекеттік мектептер де оған қол жеткізе алады деген сөз.

Көрме барысында «Халықаралық бакалавриат» бағдарламасына мүше білім беру ұйымдары өкілдерімен де сұхбаттастық. 1968 жылы құрылған халықаралық білім беру қоры дайындаған бағдарлама негізінде Нұр-Сұлтандағы №73 және №81 балабақшалар және №66, №73, №85 мектеп-лицейлер мен №81 мектеп-гимназия оқытады.

 «Халықаралық бакалавриат» бағдарламасына мүше болудың өзі бірнеше сатыдан тұрады. Бірінші, «қызығушы мектеп», кейін бір жыл бойы «кандидат мектеп» ретінде тіркелу керек. Бағдарламаның барлық талаптарына сай келгенде ғана мүшелікке қабылдайды», – дейді №85 мектеп-гимназияның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әлия Қожабаева.

Бағдарлама оқушыларды «әлем азаматы» болуға үйретеді, әр пәнде жаңа тақырыпқа қатысты ғаламдық трендтермен таныстырады. Сондай-ақ балаларды бастауыш сыныптан бастап зерттеуші ретінде қалыптасуға тәрбиелейді.

«Мысалы, жалпы мемлекеттік білім беру бағдарламасы бойынша балабақшаларда кітапхана болу міндетті емес. Ал «Халықаралық бакалавриат» үш тілді кітаптар қоры бар кітапхананың болуын міндеттейді. Сол секілді, мектепте де кез келген пән бойынша даярланған дәстүрлі бағдарламаға қарағанда, бұл бағдарлама өзгешелеу. Мәселен, дене шынықтыру пәнінде оқушыларға доп беріп, сабақ бойы спорт залда ойнатып немесе жаттығу жасатып қоюдың орнына оларға фитнестің пайдасы, денені шынықтырудың тәсілдерін түсіндіруге арнайы уақыт бөледі», – дейді педагог.


Наверх