• USD 382
  • EUR 427

Биікті бағындырған немесе Астанадағы жалғыз әйел кран жүргізуші

11 наурыз, 11:49629
Автор: Elorda Aqparat

Астаналық Жазира Мелдебаева күн сайын бас айналарлық биіктікте жұмыс істейді. Ол 10 жылдам астам биік мұнара кранының машинисі болып істейді. Кейіпкеріміз 40 этажды биіктікте жұмыс істеудің қалай болатынын айтып берді.

Кейіпкеріміз ерекше кәсібін бүгінде үйренген жұмысына айналғанымен кезінде оңайға түспегенін айта келіп, кәсібінің арқасында өмірде біраз нәрсені үйренгенін баяндады. Жазира елордада 14 жыл тұрады, екі қыз бала тәрбиелеп отыр. 10 жылдан астам уақыттың ішінде Астанадағы көптеген тұрғын үй кешенінде жұмыс істеді, соның ішінде «Хайвил» тұрғын үй кешені де бар.

- Бұл кәсіпке қалай келдіңіз?

- Астанаға алғаш келген жылдары асханаға аспаз болып жұмыс істедім. Күн сайын 1000 теңге алдым. Әрі сол асхананың ішінде тұрдым, бірнеше столды қосып жіберіп ұйықтайтынмын. Асханада 8 ай жұмыс істедім. Уақыт өте келе қыздарымды осында алып келуге тура келді, сол кезде мені 30 мың теңгеге оларды қалай асыраймын деген сұрақ мазалады, сөйтіп басқа жұмыс іздей бастадым. Бірде таныс әйелдер құрылыс кранында жұмыс істейтіндерін айта келе, мені де тарта бастады. Қалай болады екен деген ой келді де, көп ұзамай кран машинисін дайындайтын курсқа жазылдым. Оны 6 ай оқып содан соң тағылымдама (стажировака) өттім. Алғаш рет кран рөліне отырып, үш күннен соң кран машинисінің сынақ-емтиханын сәтті тапсырдым. Бірақ, асханадағы жұмысымнан шыққан жоқпын, оқу кезінде сұранып отырдым. Оңайға түспеді, талай ұйқысыз түндер өтті.

- Алғаш кранға отырғаныңызда не сезіндіңіз, қорқынышты болған шығар?

- Шынымды айтсам, ол кезде қорқыныш туралы ойламадым. Ол кездегі басты мақсатым – балаларымды асырау, олардың білім алуына жағдай жасап, қатарынан қалдырмай жеткізу болды.

- Қаладағы қай құрылыс жобасын тұрғызу сіз үшін қиындыққа түсті?

- Менің жұмыс өтілімдегі ең жоғары биіктік «Highville» тұрғын үй кешені болды, биіктігі 120 метр. Мен ол жерде 5 жыл бойы 40-шы этажда кранмен жұмыс істедім. Күн сайын сол биіктіктен баспалдақпен мініп түсетінмін. Қазір 12 этаж биіктікте жұмыс істеймін. Әр этаж сайын 3 метрге артады, яғни кран биіктей береді.  

- Жалпы жұмыс күніңіз қалай өтеді?

- Біз барлық уақытта жүк ілушінің (стропальщик) командасымен жұмыс істейміз. Олардың міндеті жүкті іліп алып, кранға тиеу, одан соң жүк көтерген трос шынжырды алып тастау. Содан соң жүк ілуші бізге рациямен хабар береді, одан кейін менің жұмысым басталады. Алдымен міндетті түрде кранды тексеремін, қауіпсіздік ережесіне сәйкес ол ғимараттан 15 метр биіктікте болуы тиіс. Ал толығымен мұнара краны 3 айда бір рет тексеруден өтеді. Оған бақылау жүгі салынып, сынақтан өткізіледі. Сондай-ақ, жылына бір рет толық техникалық тексерістен өткізіледі. Тексеріс жұмысына механик, слесарь, электрик және қауіпсіздік техникасы мамандары қатысады.

- Қандай ауа-райы кезінде кран жұмысы тоқтатылады?

- Желдің жылдамдығы секундына 12 метр не оданда жоғары болған жағдайда жұмыс тоқтатылады. Бүгінде бұл мәселеге бұрынғыдай емес ерекше мән беріледі. Әрбір құрылыс фирмасында Қазгидрометпен байланысып ауа-райына қатысты хабарды айтып тұратын арнайы маман болады.

- Кран жүргізушісіне жұмыс істеу жағдайы жасалған ба?

- Кран кабинасы жылы болады, бірақ аяз күндері оңайға соқпайды бетіңді бірден үсік шалып ол беттің жүйкелеріне әсер етеді. Ал уақыт өткен сайын ол өз әсерін денсаулыққа тигізеді. Сол үшінде жылына бір рет емшара алып, дәрумендер ішіп тұрамын. Жалпы біздің жұмыс күйзеліске (стресс) толы әрі физикалық шыдымдылықты талап етеді. Мен қазіргі уақытта түнгі кезекшілікте жұмыс істеймін, әрине ол күндізге қарағанда қиынырақ. Өзіңіз білетіндей түнде ұйқы қысады. Дегенмен жұмыстың аты жұмыс ешқандай тәртіпбұзушылық болмауы қажет.

 

- Өзіңіздің арманыңызбен бөліссеңіз?

- Ол туралы ойламаппын. Басты арманым балаларымды жеткізсем, солар осы өмірде жоқшылық көрмесе деген болды. Құдайға шүкір балаларым өсіп жетілді, өмірден өз орындарын тауып жатыр. Үлкен қызым тұрмысқа шықты, кіші қызым колледжді үздікпен бітіріп жұмыс істеуде әрі сырттай жоғары білім алуда. Кейде өткенім туралы ойлана отырып, көрген қиындықтарымның бекер болмағанына көзім жетеді. Бейнеттің зейнетін көру деген осы болар. Әрине алғашқы уақытта өте қиынға соқты, тұрақты жұмыс жоқ, тұратын жерім жоқ, одан қалды Астанада ешқандай жақын туыстарымда болмады. Негізі менің бұдан басқа екі мамандығым бар. Бірі Шымкент институтынан алған дене шынықтыру маманы, екіншісі Қазақ ұлттық университетінің жол және хабарлама мамандығы.  Одан бөлек, кәсіби түрде самбо және дзюдомен айналысып, жарыстарға да қатыстым.

Әңгімеңізге рақмет! Ісіңізге сәттілік!

Автор: Динара Құлақбаева

Аударған: Дәулет Ізтілеуов


БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх