Ауаға ұшқан ақша, зая кеткен еңбек: жерасты құбырлары өтетін жерге шие еккендер кім

09 қыркүйек, 15:58492
фото автордікі фото автордікі

Елорда Инфо редакциясына Байқоңыр және Алматы ауданының тұрғындарынан шағым түсті. Олардың айтуынша, «Қытай қабырғасы» тұрғын үй кешеніне қарама қарсы тұрған саябақ қараусыз қалған. «Ария Жаңа Астана» ЖШС  жерасты құбырларына жөндеу жүргізу үшін егілген шие ағаштарын отап тастаған. Енді екі ай болды ешқандай жұмыс жүргізілмей, қазылған жерлер сол күйі жатыр. Тұрғындар ағаш екпес бұрын ол жерде құбырлар өтетіні ескерілмегеніне және уәде етілген жұмыстардың тоқтап тұрғанына наразы.  

«Өткен жылы осы жерде «Шиелі саябақ» болады дегенде қуанып қалғанбыз. Саябаққа ағаш отырғызуға қалалық мәслихаттың депутаттары мен қоғам қайраткерлері белсене қатысты. Нәтижесінде 1000-ға жуық шие ағашы отырғызылды. Өткен жылға дейін шие ағаштарына су құйылып, күтім жасалды. Биыл жаз ыстық болды, ал бұлар болса суаруды тоқтатты. Соған қарамастан шиелер гүлдеді. Кейін белгілі болғандай бұл жерде жерасты құбыры жүргізілген екен. Содан жұмысшылар сол құбыр үшін бүкіл отырғызылған шие ағаштарын түптерімен бірге сырып тастады. Қаншама еңбек пен ақша ауаға кетті. Саябақ аз уақыттың ішінде жері қазылып, топырағы мен батпағы шығып қалды. Бізге барлық жұмыс күзге дейін бітеді деген, бірақ жұмыс тоқтап қалды. Екі ай болды саябақ сол күйінде жатыр», - дейді Байқоңыр ауданының тұрғыны, зейнеткер Жанбай Қанафин.

Аталған мәселеге қатысты Ақбұлақ өзенінің арғы бетінде тұратын тұрғындардың да өз мұңы бар. Зейнеткер Аманбай Жақыповтың айтуынша жұмысшылар кесіп тастаған ағаштардың түбіртегі ғана қалған.

«Бізде оқыс немесе қайғылы оқиға орын алған соң ғана шара қабылданады. Кесіп тастаған ағаштардың қатты түбіртегі шошайып тұр. Оның қасында балалардың ойын алаңы бар. Ойнап жүрген балалар ұрынып қалса не болады? Осыдан бір жыл бұрын ғана шиелі саябақ болады деп қуанышымызда шек болмаған. Журналистер сұхбат беріп, қуанышымызбен бөліскенбіз. Ал бүгін соның бәрі жай көзбояушылық үшін жасалынған секілді», - дейді зейнеткер Аманбай Жақыпов.

Байқоңыр аудандық әкімдігінің дерегіне сүйенсек, 2018 жылы «Қытай қабырғасы» тұрғын үй кешеніне қарама қарсы саябақта экологиялық айлық  аясында 1000 шие түбі отырғызылды.

Шиелі аллея ашу идеясы «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының бастамасымен қолға алынған. Шие ағашын отырғызу да орталықтың қолдауымен жүзеге асырылды.

Кейін анықталғандай, «Астана су арнасы» компаниясының тапсырысы бойынша «Ария Жаңа Астана» ЖШС су құбырлары желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізген. Дегенмен жұмыс жарты жолда тоқтап қалған, қашан қайта қолға алынатыны белгісіз.

 «Қазіргі уақытта «Астана су арнасы» компаниясы мен «Ария Жаңа Астана» ЖШС-ның арасында жұмыс өндірісінің кестеге сай жүргізілмеуіне қатысты сот ісі қаралып жатыр. Сондықтан су құбыры желісі жұмысының қашан аяқталатыны белгісіз. Сот шешімі шыққан соң су құбырлары желісін және ол жердегі инфрақұрылымды қайта қалпына келтіру жұмыстарын қандай компания жалғастыратыны анықталатын болады. Қайта жаңғырту жұмыстарының жүруіне байланысты жарықтандыру да үзілген», - деп хабарлады Байқоңыр аудандық әкімдігі.

Алматы ауданы әкімдігі өздеріне қарасты Ақбұлақ өзенінің жағалауындағы спорт алаңына жөндеу жұмыстарының жақын күндері басталатынын хабарлады.

«15 қыркүйектен бастап спорт алаңына жөндеу, сырлау және газон отырғызу жұмыстары басталады. Ал кесілген ағаштар бойынша тексеру жұмыстары жүргізіледі», - деп хабарлады аудандық әкімдік өкілдері.


Наверх