• USD 385
  • EUR 434

Руханият

Ұлылар мекеніне саяхат: Нұр-Сұлтаннан Жидебай-Бөріліге қалай баруға болады

05 қыркүйек, 09:3387
Фото Абай музейінің мұрағатынан Фото Абай музейінің мұрағатынан

Еліміздің Шығыс өңіріндегі «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени кешені көпшіліктің құлағына жақсы таныс болар. Бірақ астаналықтар ол жаққа қалай бару керектігін біле бермеуі мүмкін. Бұл тұрғыда Елорда Инфо тілшісі оқырман назарына бас қаладан Жидебай-Бөріліге қалай жетудің жолдарын ұсынады.

Жидебай-Бөрілі – 100 киелі нысанның бірі

Жидебай жері қазақтың ойшыл ғұламалары Абай мен Шәкәрімнің жатқан жері болса, Бөрілі – заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің туып-өскен ауылы. Аталған тарихи-мәдени кешен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның киелі картасына енгізілген болатын. 

Фото Абай музейінің мұрағатынанФото Абай музейінің мұрағатынан

Жалпы, еліміздегі киелі 100 нысанның қатарына Семейдегі бір емес, (Абай қорық-мұражайы, Ф.М.Достоевскийдің әдеби-мемориалды үйі, Семей полигоны құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» монументі, Алаш арыстары үйі) бірнеше нысанның енуі де бекер болмаса керек. Себебі «Семей» сөзінің өзі ежелгі түркі тілінде «киелі мекен» деген мағынаны білдіреді екен. Ал Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов туған Шыңғыстау өңірін жұртшылық бейресми түрде «Ұлылар мекені» деп атайды. Ұлылардың рухына тағзым жасау үшін мұнда еліміздің түкпір-түкпірі мен алыс-жақын шетелдерден туристер жиі барады. 

Фото Абай музейінің мұрағатынанФото Абай музейінің мұрағатынан

Нұр-Сұлтан – Жидебай – 1000 шақырым

Елорда мен Абай елінің арақашықтығы – шамамен 1000 шақырым. Яғни Нұр-Сұлтан – Семей – 800 км, Семей – Жидебай – 170 км. Еліміздің бас қаласынан Шығыс Қазақстандағы Ұлылар мекеніне сапарлап бару үшін астаналықтар алдымен Семей қаласына жетуі керек. Ал Семейге ұшақпен, пойызбен, автобуспен және автокөлікпен баруға болады. 

Фото Абай музейінің мұрағатынанФото Абай музейінің мұрағатынан

Әуекемесімен 45 минутта жетесіз

Егер елордадан Семейге 45-ақ минутта ұшып барғыңыз келсе, бірден «Scat» авиакомпаниясына жүгінгеніңіз жөн. Себебі басқа әуекомпаниялары ол жаққа ұшпайды. Ал билет бағаларына келсек, күні бұрын қамданбасаңыз, дәл сол күнгі билет бағасы 40 мың теңгеден 50-60 мың теңгеге дейін шығып кетеді. 15 күн, 1 ай бұрын билетті 20-30 мың теңгеге алуға болады (Семейдің әуежайы күрделі жөндеуден өткеніне көп бола қойған жоқ. Заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген). Бірақ бұл қаржыны кез келген қарапайым адамның қалтасы көтермеуі мүмкін. 

Фото Абай музейінің мұрағатынанФото Абай музейінің мұрағатынан

Отарбамен 14-17 сағат жүресіз

Сондықтан көпшілік әдетте пойызбен жүруге ұмтылады. Пойыз билетінің бағасы: плацкарт – 3954 теңге, купе – 5865 теңге, люкс – 10735-11900 теңге. Тальго бағасы – 8340 теңге. Жалпы, 7 жасқа дейінгі балаларға жол жүру тегін болса, 7-15 жастағы жеткіншектердің билет бағасы ересектерге қарағанда 50 пайызға төмен. «Нұрлы жол» вокзалынан сағат 16.00-де аттанатын отарба Семейге ертеңгі күнгі сағат 9.00 шамасында жетеді. Ал кешкі сағат 21.00-де шығатын Тұлпар-Тальгоға отырсаңыз, ертесінде сағат 11.00 шамасында Семейде боласыз. 

Автобустар да ағылып жатыр

Сондай-ақ автовокзалдан таңғы және кешкі уақытта (сағат 9.00-де, 17.00-де, 18.00-де, 21.00-де және 22.00-де) автобустар да жолға шығады. Олардың билет бағасы 5-6 мың теңге көлемінде болса, такси бағасы – 5-10 мың теңге шамасында. «Indriver» мобильді қосымшасын ашып, «Нұр-Сұлтан – Семей» бағытын теріп көрсеңіз, такси қызметін ұсынатындардың да, жолаушылардың да қаншалықты көп екенін байқайсыз.

Такси құны – 5-10 мың теңге

Нұр-Сұлтаннан Семейге көлікпен Павлодар арқылы барсаңыз, 800 шақырымды артқа тастайсыз. Егер Павлодарға соқпай, Курчатов қаласы арқылы жүрсеңіз, жолды 735 шақырымға қысқартуға болады. «Жолды жүрген біледі» дегендей, тек Курчатов арқылы апаратын жолдың 20-25 шақырымы нашарлау демесеңіз, қалааралық тас жол бұрынғыдай емес, тақтайдай тегіс.

Елорда – Семей арасында 35 қоғамдық дәретхана бар

Қаларалық жолдарда қоғамдық дәретханалар Көлік жүргізушілерінің айтуынша, Нұр-Сұлтан – Павлодар – Семей қалаларының аралығында 25 асхана жолаушыларға қызмет көрсетеді. Одан бөлек көлік тексеруге арналған тұрақтар тағы бар. Демек, А пунктінен Б пунктіне дейінгі аралықта 30-35 дәретхана бар деген сөз. Павлодардан әрі асқаннан соң дәретханалар саны көбейе түсетін көрінеді.

Семей – Жидебай-Бөрілі – Қарауыл – «Абай жолы»

Ал Семейге жеткеннен соң дамылдаймын десеңіз, автовокзал, теміржол бекеттерінде және сол маңдарда әртүрлі бағадағы қонақ үйлер жеткілікті. Олардың жалға алу ақысы 2-3 мың теңгеден басталады. Ал жалдамалы пәтер бағасы орналасқан жеріне, көлеміне, бөлмесінің санына қарай 1 тәулікке 4-5 мың теңгеден жоғары. Егер Крыша.kz, Olx мобильдік қосымшаларын ақтарып көрсеңіз, жалдамалы пәтер табу аса қиынға соқпайды. 

Семейден Жидебайға күніне бір уақыт автобус жүреді. Билет бағасы – 1000 теңге. Ал такси қызметі – 2000 теңге. Бұл тұрғыда «Indriver» мобильді қосымшасының көмегіне жүгінсеңіз, «далада» қалмайсыз. Егер отбасыңызбен немесе басқа да адамдармен топталып барсаңыз, 15-20 мың теңгеге жолаушылар тасымалдайтын газель жалдауыңызға да болады.

Фото Абай музейінің мұрағатынанФото Абай музейінің мұрағатынан

«Абай жолы» тас жолы ғұламалар жатқан жерге алып барады. Орта жолда Күшікбай батырдың ескерткішіне соғып, бұлақтан су ішуге болады.

Күшікбай батыр ескерткішіКүшікбай батыр ескерткіші

Фото Абай музейінің мұрағатынанФото Абай музейінің мұрағатынан

Фото Абай музейінің мұрағатынанФото Абай музейінің мұрағатынан

Фото Абай музейінің мұрағатынанФото Абай музейінің мұрағатынан

Жолай Еңлік – Кебектің де ескерткішіне бір аялдап, ғашықтардың рухына Құран бағыштасаңыз мәрхабат.

Фото Абай музейінің мұрағатынанФото Абай музейінің мұрағатынан

Жол жөнекей Ералы жазығын да басып өтесіз. Жалпы, «Абай жолы» роман-эпапеясындағы жазық даланы көзіңізбен көресіз.

Жидебай қыстағындағы үйдің бұрынғы сәулеттік кескіні сақталған

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайына кіру ақысы – ересектер үшін 300 теңге, студенттер үшін 150 теңге, оқушылар үшін 70 теңге. Жаз айларында оқушыларға кіру тегін.

Фото Абай музейінің мұрағатынанФото Абай музейінің мұрағатынан

Сыртта Абай мен Шәкәрімнің ескерткіші менмұндалап тұр. Хакім Абайдың Семейге қатынаған пәуескесін де көре аласыз.

Фото Абай музейінің мұрағатынанФото Абай музейінің мұрағатынан

Жидебай қыстағындағы үйге оның бұрынғы сәулеттік кескіні сақталып, жөндеу жүргізілген. Ішіне енсеңіз, ақынның көзі тірі кезіндегі пайдаланылған заттары қойылған.

Жалпы, Жидебайдағы Абай мұражайында 60-тан аса көне жәдігер бар. Ибрахим Құнанбайұлының ата-бабасы туралы шежіре де жазылған. Қабырғаға ақынның балаларын суреті ілінген. Мұражай қызметкерлері жәдігерлер туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп береді.

Қонақ үй кешені қызмет көрсетеді

Бастысы Жидебайға келген туристер үшін қонақ үй кешені қарастырылған. Қонақ үйде ұзындығы 10 метр, ені 4 метр болатын 5 бөлме бар. Олардың барлығы бірдей, яғни қарапайым яки люкс болып бөлінбейді. Әр нөмірге ыстық су, суық су тартылған. Оның ішінде жуынатын орын мен дәретхана да бар. Орын бағасы адам басына 1000-1500 теңгеден. Онда асхана да жұмыс істейді. Бірінші және екінші ыстық тамақ ұсынылады. Жалпы, 1000 теңге ас ішуге болады. Күні бұрын тапсырыс беріп қойсаңыз, дастарханға қымыз да қойылады.

Бұл қонақ үй кешеніне Құсыман Берлешов пен Үміт Тәшенова қожалық етеді. Айта кетсек, Құсыман Берлешов – Абайдың ағасы Тәкежанның ұрпағы.

«Жаздың күндері мұнда адамдар көп келеді. Құда күтуге арналған vip залымыз да бар. Шетелдіктер де келіп тұрады. Өткенде Германиядан 12 адам келді. Туристер, әсіресе Ресей мен Қытайдан көп келеді», – дейді Құсыман Берлешов.

«Жүз рет естігенше, бір рет көр»

Жидебайдан әрі қарай Бөрілі ауылына барасыз. Бұл жер қасқырлы мекен болғандықтан, ауыл аты «Бөрілі» аталып кеткен. Мұндағы қазіргі музей үйінде кезінде Әуез ақсақал да, Мұқаңның әкесі Омархан да тұрған. Мұхтар Әуезовтің бала күні осы үйде өткен екен. Қазір музейде заңғар жазушының пайдаланған заттары, құнды жәдігерлер орын алған. «Жүз рет естігенше, бір рет көр» демекші, мұның бәрін өз көзіңізбен көрсеңіз, басқаша әсерге бөленетініңіз анық.

Әрі қарай Абай ауданының орталығы Қарауылға барасыз. Аудан орталығында 2-3 қонақ үй қызмет көрсетеді.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх