Елорда резиденттері

Үлкен ұжымның жұмысын жалғыз атқаратын қазақ жігіті немесе мүсіншілік – кәсібім

23 шiлде, 10:38440
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

Мадам Тюссо мұражайы дегенде бәріміздің көз алдымызға балауыздан жасалған әйгілі тұлғалардың «көшірмесі» келеді. Дәл сондай тамаша туындыларды жасауды елімізде алғашқы болып қолға алған және бүгінде өнерімен көпшілікке таныла бастаған өнерпаз елордада тұрады. Мадам Тюссо мұражайында бүкіл ұжым жабылып жүріп жасайтын қыруар жұмысты жалғыз өзі атқарып жүрген қазақ жігіті Айдос Есмағамбетовпен Елорда Инфо тілшісі сұхбаттасып қайтты.

– Силиконнан немесе балауыздан адам мүсіндерін айнытпай жасайтын маман ретінде танылып келесіз. Бұл салаға қалай келдіңіз?

– Негізі мүсінші боламын деп ойламағанмын. Институтта оқып жүргенде сабақ беретін ағайларымыз "табиғаттан гөрі, адамдарды жақсы саласың, адам анатомиясын анық бере аласың" деп жиі айтатын. Мүсіншілікке келуіме осы бір сөздер ықпал еткен шығар. Оның үстіне ата-анам да, туғандарым да – суретке бейім жандар. Бала кезімнен қолымда қылқалам болды. Бірде теледидардан Барак Обаманың балауыздан жасалған мүсіні туралы хабарды көзім шалып қалды. Сол кезде «неге біз осындай дүниелерді тек теледидардан көруіміз керек, бәріміз бір жер шарында тұрамыз, осыны өзіміз жасасақ ше?» деген ой келді. Сөйтіп, мұндай өнермен айналысатын адамдар бар ма екенін сұрастыра бастадым, бірақ таппадым. Ақыры интернетті ақтардым. Там-тұмдап ақпарат жинап, шетелдегі мамандардың қандай технологиямен жұмыс жасайтындарын өз бетімше меңгеруге көштім. 

– Жасап шыққан алғашқы туындыңыз Елбасының мүсіні екен. Бірден мұндай тұлғаның мүсінін жасау «құласаң нардан құла» деген қағиданы ұстанатыныңыздан ба, әлде өз-өзіңізді сынау ма еді? 

– Обаманың «көшірмесін» көргенде мен де Елбасының мүсінін жасаймын деген ой келді. Ешқандай қорқынышсыз бірден жұмысқа кірісіп кеттім. Қайта қызығушылық басым болған шығар. Елбасының 70 жылдығына орай ол дүние дайын болуы керек деп жоспарладым. 1 жылдай уақыт осы мүсінмен ғана айналыстым. Ең бастысы көңілден шыққан туынды болды және қолымнан келетінін алдымен өзіме дәлелдедім. Одан кейін Абылай ханның, Барак Обаманың мүсіндерін жасауға кірістім. Белгілі боксшы Головкиннің мүсіні жасалып жатыр. Кейде менен "қай мүсінді ерекше бағалайсың?" деп сұрап жатады. Бірақ маған қолымнан шыққан туындылардың бәрі бірдей ыстық, бәріне төлтуындым деп қараймын.  

– Мадам Тюссо мұражайына жұмысқа шақырса, барар ма едіңіз?

– Ол мұражайда жұмыс істеп, тәжірибе жинап қайтуға болады, әрине. Бірақ мен патриотпын, өз елімнің өнері үшін жұмыс істегім келеді. Негізі бұл саладағы технология ортақ. Денедегі тамырларды жіппен жасау, бояғыштар қосып, түспен ойнау, қаламсапты қалай ұстау керектігі де бірдей. Тек әр шебердің өзіндік мәнері бар. Мадам Тюссо мұражайында бір адамның мүсінін жасар алдында онымен арнайы кездесу ұйымдастырады. Ол жерде барлық өлшем алынады. Әр саусағының ұзындығы, бетіндегі әжіміне дейін қағазға түсіріледі. Содан соң бір фигураны команда боп жасайды, біреуі шашын, біреуі денесін, стилист киімін дайындайды. Шамамен 4 айдай уақытта қалыпты дайындап шығады екен. Бізде әзірге ондай жоқ. Түгел жұмысты жалғыз өзім атқара беремін. Қырынан, арқасынан және тура қарап тұрған фотоға қарап отырып, силиконнан жасап шығамын. Тек фотосурет анық, бетіндегі ұсақ әжімдері, қалы мен меңіне дейін анық көрініп тұруы керек.

– Мүсін жасағанда адамның қандай эмоциясын беру қиынырақ?

– Қабағын түйіп тұрған адам болса, оның әжімін сол күйі келтіру керек, күліп тұрса, тістерін жасайсың. Әрқайсысының өз ерекшелігі мен қиындығы бар. Бірақ ең күрделісі – адамның көз жанарын беру. Көздегі эмоцияны дәл ұғып, айна-қатесіз беруге көп күш пен уақыт жұмсалады. Сәл өзгеше болса, басқа адамға ұқсап шыға келеді. Бұл жерде шамамен деген болмайды, сәл ауытқушылық болса, бүкіл еңбегің зая кетеді. Тіпті әжімдерінің арасындағы аралық та өзгеріссіз берілуі тиіс. Кей адамның мимикасы оп-оңай жасалады, ал кейде сырттай қарағанда бәрі бірдей болғанымен, бір деталь жетпей жатады. Әр мүсінді дайындау кезінде беріліп, бар жанымды салып жасаймын. Орта жолдан тастап кету немесе осы да жетеді, байқалмайды ғой бәрібір деген мүлдем жоқ.

– Мүсіннің салмағы қанша және оны дайындауға қанша қаржы жұмсалады? 

– Мүсіндер жеп-жеңіл, бір қолмен-ақ көтеріп алуға болады. Қолданылатын материалдар біздің елде өндірілмейді. Сондықтан шетелден алдырамын. Бұрындары Қытайда жасалған силикон мен балауыз алатын едік, бірақ оның сапасы онша емес екен. Қазір Америкадан әкелемін. Париктің өзі 60 мың теңгеден кем болмайды. Шашты қадау, көз жасайтын арнайы пластик, хрустальдер бар, оның бәрі арзан дүние емес. Орташа алғанда 500 мыңға дейін қаржы жұмсаймын. 

– Осынша қаржы жұмсайды екенсіз, сонда осы өнермен айналысу қаншалықты тиімді?

– Аса пайда әкелмейді. Дегенмен қазіргі мақсатым – бұл өнерді елімізде дамыту. Оны алғашқы болып қолға алғаным маған шабыт береді. Бұл – нәзік өнер. Сол үшін бизнеспен араластыру ойымда жоқ. Әлемде талай мұражай бар, қазынаға табыс әкелмесе де, көпшілікке рухани азық береді. Ондағы тарихи тұлғалардың мүсінімен немесе экспонаттардың қасында тұрып фотоға түсудің өзі тамаша емес пе?! Қазір Қазақстан концерттік залы ғимаратында шеберханам бар, сонда жұмыс істеудемін. Болашақта қолдау тауып, тұрақты түрде тапсырыстар алып тұрсақ деген ойым бар. Бірақ болашақта жағдай өзгереді деп ойлаймын.

– Қазір қандай жұмыспен айналысып жатырсыз? Димаштың мүсінін жасау туралы ойыңыз бар ма? 

– Головкиннің мүсінін әлі аяқтамадым. Димаштың мүсінін жасау туралы ой болған. Ол шеберханамда болды, жасаған туындыларыммен таныс, негізі біз жақсы араласамыз. Бірақ Димаштың мүсінін жасау сәті түспеген шаруа болып, сол беті қалып қойды. 

– Жасап жатқан дүниеңіз дінге қайшы деген пікір айтушылар бар ма?

– Иә, ондай пікірлер айтылып жатады. Кейде "ән айтуға болмайды" деген ойды да естіп жатамыз. Келісе алмаймын мұндай сөздермен. Меніңше, бұл – таза өнер. Оған дұрыс көзқараспен қараған жөн. Өнер мен дінді араластырмаған абзал. Асқан ұқыптылық пен шыдамдылықты қажет ететін еңбек. Біреудің күні-түні жасаған жұмысын түкке тұрғысыз ету, көңіліне дақ түсіру де күнә ғой ойлап қарасақ.

– Әйгілі адамдардан кімнің мүсінін жасағыңыз келеді?

– Кішкентайымнан биге әуеспін. Майкл Джексонды теледидардан көрсетіп жатса болды анам дереу шақырып алып, оның әр қимылын қайталауымды өтінетін. Сөйтіп Майклға ұқсап билейтінім бар еді. Ол – менің кумирім. Әрине, әлемге әйгілі тұлғаның мүсінін талай мәрте жасадым. Бірақ мен өз қиялымдағы, сонау бала кезде өзіне еліктірген Майклды жасағым келеді. Оның киімі де, түрі де, эмоциясы да өзгеше болуы керек. Әзірге қиялда. Идея келгенде бірден кірісемін. 

– Сұхбатыңызға рахмет. 



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх