• USD 385
  • EUR 434

Руханият

Түтіні түзу мұражай: «Ботай-Бурабай» туралы не білеміз?

04 қыркүйек, 10:021203
Суретті түсірген Дамир Эль Рамадан Суретті түсірген Дамир Эль Рамадан

Биыл Бурабай курорт аймағында жаңадан ашылған мәдени ошақтың бірі – «Ботай-Бурабай» археологиялық-этнографиялық музейі. Елорда Инфо тілшісі Көкшенің бөктеріндегі мұражайға барып, 6 мың жыл бұрын пайда болған ботай мәдениеті туралы аз-кем біліп қайтты. 

Ақмола облысы әкімдігінің аталған мұражайды Бурабайда ашуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, Бурабай – туристер мен қазақстандық демалушылар көп келетін курорттық аймақ. Төл тарихты насихаттаудың таптырмас жолы. Екіншіден, Қазақстан аумағында ботай қонысы мекендеген бірнеше жер табылған. Соның біреуі осы Бурабайда. 

Сыртынан қарағанда мұражай кешені үшбұрыш формасында жасалған, негізгі идеясы – тұмарды меңзейді. Егер үстінен қараса бойтұмарға ұқсайды. 

 

«Әр қазақтың өз тұмары бар. Біз бұл кешенді тұмар ретінде салған себебіміз – Ботай Бурабайдың жаңа бойтұмарына айналғанын қаладық. Әрі кешеннің өзі жеті үйден тұрады. Жеті деген қазақтың ұғымында киелі сан. Бұл қоныс археологиялық қазбалардың негізінде жасалды. Ботай мәдениетін ашқан тарих ғылымдарының докторы Виктор Зайберт ғылыми кеңесшіміз болды. Мұражайдың әр кезеңі онымен келісілді», - деді Бурабай тарихи-өлкетану мұражайының директоры Қуаныш Шақшақов. 

Оның айтуынша, Ақмола облысының аумағында ботай тайпасының 20 қонысы табылған. 

«Көбісі ботай қонысы тек Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау ауданының аумағында болған деп қателеседі. Ботай дегеніміз – ең алдымен, мәдениет. Ол екі мың жылдан астам өмір сүрді. Бұл мәдениет Жайықтан бастап Ертіске дейінгі аумақты қамтыды. Яғни, кезінде қазақтың бар даласына тарады. Егер нақты санмен айтар болсақ, СҚО-да ботай мәдениетінің 3, ал Ақмола облысында 20-дан астам қонысы болды. Оның ішіндегі ең басты ошақтары: Краснояр, Вожникова және Бурабай», - деді ол. 

Мұражай кешені жеті үйден тұрады. Біз музейдің экскурсоводы Сәкен Қайыржановтың көмегімен кешенді аралап, ондағы әр бөлменің тарихымен танысып шықтық. Бірінші бөлме кіреберіс бөлмесі. Жалпы, үйге кірген кез келген адам оның формасы мен төбесіне зер салады. Себебі, тұрғынжайдың формасы киіз үйге ұқсайды. Еліміздің кейбір өңірлерінде мұндай үйді шошала деп те атайды.  Диаметрі 8-10 метр болатын тұрғынжай қыш пен тастан және мал мен аңдардың сүйегінен салынған.

«Үйдің негізгі тіреуіші ретінде жылқы малының сүйегі пайдаланылған. Айта кетейік, ботай қоныстарын зерттеу кезінде Қазақстан аумағында үлгі ретінде жылқы малының шамамен 70 мыңға жуық сүйегі мен 10 мыңдай керамика, сондай-ақ арқар, қасқыр, түлкі сынды аңдардың сүйектері табылды. Осыдан-ақ біз ежелгі адамдардың тек қана шаруа болып қоймай, жақсы аңшы болғанын көре аламыз. Оған қазба жұмыстары кезінде табылған қару-жарақтар мен тұрмыстық заттары дәлел», - деді мұражай маманы. 

Үйге кірген адам қолындағы қару-жарағы мен тұрмыстық заттарын осы бөлмеде қалдырған. Келесі бөлме – негізгі тұрғынжай. Айта кетейік, үйдің едені 1 метрге дейін тереңдікте қазылған. Ал төбесі шағын бөренеден қаланған. Бұрынғы заманда өмір сүрген адамдар үйдің уақыт өте келе отырып, құлап қалуы мүмкін екенін білген. Тұрақтылық үшін қысқа ағаштан салған.  

«Бұл бөлмеде қауым жиналып, тұрмыстық шаруаларын талқылаған. Мысалы, бір отбасында 18-20 адам болған. Үйде қанша ошақ орнатылса, сонша отбасы өмір сүрген. Әр бөлме бір-бірімен тар жолдар арқылы байланысқан», - деді ол. 

Біз көрген үшінші бөлме – әкімшілік-шаруашылық бөлмесі. Археологиялық қазба және ғылыми жұмыстардың нәтижесінде ботай қонысының өкілдері сүйек, тас, терімен бірге, керамикамен жұмыс істей білгені дәлелденді. 

«Олар сол кездің өзінде тас пен сүйектен бөлек, тері мен ағашты өңдеп, тұрмыстық заттар жасай білген. Мысалы, мына жерге қойылған заттардың арасында қазба кезінде табылған тастар бар. Оны негізінен теріні илеу үшін пайдаланған. Бұған қоса, археологтар ағаш астаудың қалдығын тапты. Соның негізінде мына астау жасалды. Бұл жерде ешқандай фантазия жоқ. Бәрі табылған заттардың негізінде жасалды», - деді Сәкен Қайыржанов. 

Төртінші тұрақ - жатын бөлме. Бөренеден жасалған кереуеттің үстіне шөп төсеп, жылқының терісімен жапқан. Жатын бөлмеде саты қойылған. 

«Үйдің тұрғындары бұл сатыны төтенше жағдай кезінде үйден шығу үшін пайдаланған. Солтүстіктің қысы қатты болатыны белгілі. Қыста боран соғып, қар көп түседі. Қар басқан үйдің тұрғындары бірнеше апта сыртқа шыға алмай қалуы мүмкін. Сол себепті, бір үйде бір саты болды», - деді экскурсовод. 

Үйдің басты бөлмесі – тайпа көсемінің бөлмесі. Бұл бөлмеге апаратын жол тар, ең басты ерекшелігі – кіретін есіктің маңдайшасы төмен орналасқан. Яғни, бөлмеге кіру үшін адамға еңкеюге тура келеді. Бөлмеге кірмей жатып-ақ адамдар еңкейіп көсемге құрмет көрсеткен. Тайпа басшысының бөлмесінде соғыс мен бейбітшілік, көші-қон, шаруашылық және т.б. маңызды мәселелер кеңесіліп, шешімін тапқан. Сол кездің өзінде адамдар басқару формасы туралы жақсы білгенге ұқсайды.

Тайпа басшысы қауымды өзі басқарғанымен рухани көсемнің көмегіне жүгінген. Ол миссияны шамандар атқарды. Мұражайдың алтыншы бөлмесі - шаманның тұрағы деп аталады. Бұған қоса, үй болған соң, асханасы болуы заңды. Мұражайдың жетінші бөлмесі қымызхана деп аталады. Бұл бөлмеде жылқы байлап, бие сауып, қымыз піскен. Биені жылқы малының терісінен жасаған шелекке сауған. Мамандардың айтуынша, ол жабайы малды үркітіп алмас үшін табылған ақыл. Бөлмеде теріден жасалған күбі, шелек, мес және т.б. заттар қойылған.

Байқағанымыз, үйдің әр бөлмесінде ошақ бар. Қыш пен тастан жасалған ошақта жанған оттың түтіні бөлменің ішіне тарамай, жоғарыға қарай тартып, түндіктен шығады. 

«От жаққанда түтін бөлмеге тарамай, жоғарыға қарай кетсе үйдің биіктігі жеткілікті деп саналған. Ал түндікке жетпей бөлменің ішіне жайылса, үйдің төбесі аласа болғаны. Бір қызығы, ошақта от жанғанда үйде отырған адамдар түтіннің иісін сезбейді. Бұл үйдің түтіні түзу ұшады», - деді «Ботай-Бурабай» археологиялық-этнографиялық музейінің ғылыми қызметкері-эксурсоводы Сәкен Қайыржанов.

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар

 




Наверх