• USD 385
  • EUR 434

Елорда резиденттері

Төсекке таңылғандар отадан кейін қайтадан аяққа тұрады

11 маусым, 12:11383
Фото авторы Сұлтан Сейітов Фото авторы Сұлтан Сейітов

Ұлттық онкология жəне трансплантология ғылыми орталығының травматолог-ортопедтері буын-буынға протез салып, науқастың сал болуға айналған дене мүшелеріне жан бітіреді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Жас күнінде күтінбегендіктен, 50-60 жастағы адамдардың сай-сүйегі сырқырамай тұрмайды. Тіпті жастардың да ауырмай жүруіне кепілдік жоқ. Бұл тұрғыда Қазақстанда буын-буынға ота жасап, протез салу үрдісі 2004 жылдан бері енгізілген. Мұндай оталар қазіргі уақытта елорда мен барлық облыс орталықтарында жасалады. Буынға ота жасату үшін науқастар, әсіресе Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларына көбірек баратын көрінеді. Ал елордада протездер қалалық ауруханаларда салынады. Соның ішінде науқастар көбіне 3 клиникаға жүгінеді екен. Соның бірі – Ұлттық ғылыми онкология жəне трансплантология орталығы. Мұндағы травматолог-ортопедтердің бірі Ерсін Усиннің медицина саласындағы жалпы тәжірибесі 15 жыл болса, оның буын-буынға протез салу отасын жасауды қолға алғанына 5 жылдан асқан.

«Жұмыс кестесіне сәйкес, тізе, жамбас, табан, шынтақ, иық, мойын, бармақ пен бақай сияқты зақым келген дене мүшеге күнделікті 8-9 ота жасалады. Соның екі-үшеуі менің еншімде. Әсіресе отаны 60-тан асқан егде жастағы адамдарға жиі жасаймыз. Емделушілеріміздің ең жасы үлкені 95-тегі қария болды. Бізде аяқ-қолы ауыратындар бірден келмейді ғой. 20-30 жыл бойы шыдап, ең соңында дерті әбден асқынып, амалы таусылған соң бірақ келеді. Алайда жасанды мүше салғаннан кейін жас кезінен бері ауырғандар оңалып кететін жағдай үнемі болып тұрады. Жүре алмай, сал болып қалдым деп ойлап келген науқастар біздің отадан кейін ауруханадан үйлеріне өз аяқтарымен қайтады. Егер квотамен келсе, бізде ота тегін жасалады. Ал квотаға ие болу үшін Қазақстан азаматы болуы міндетті. Әйтпесе ақылы оталарды кез келген адамның қалтасы көтере бермейді. Өйткені оның бағасы миллион теңгеге дейін жетіп жығылады», – дейді Ерсін Усин. 

Фото авторы Сұлтан СейітовФото авторы Сұлтан Сейітов


Дәрігердің айтуынша, қариялардың сүйегі көбіне мүжіліп қалатын көрінеді. Ондай жағдайда да протездер арқылы мұндағы травматолог-ортопедтер науқасты аяққа тік тұрғызады екен. Мысалы, 65 жастағы көкшетаулық Людмила Ировскихтің жамбасындағы ұршығы сынған. Содан жүре алмай қалыпты. Көкшетаудағы ауруханада бір ай емделсе де, еш нәтиже болмапты. Сондықтан осында жолдамамен келіпті. Мұнда келгеніне екі-ақ күн болған қарияға бір тәуліктен соң ота жасалған. Наркоздан енді есін жинаған науқас сәтін салса, келесі күні өз аяғымен жүріп кетуі мүмкін. Егер ұзақ уақыт бойы буын қозғалысқа түспесе, ет қатып қалатын көрінеді.

Фото авторы Сұлтан СейітовФото авторы Сұлтан Сейітов

«Алдымен ауырып тұрған жерін рентгенге түсіріп, одан кейін жамбастың қисықтығына, сүйектің ойығына байланысты протездің өлшемін анықтаймыз. Мысалы, ортрез болғанда сүйектің ішкі жағы желініп кетеді де, адамның аяғы қисайып қалады. Біз оны ота арқылы түзетеміз. Аяқ түзелген соң олардың жүруіне мүмкіндік туады. Әр адамға әртүрлі протез салынады. Көбіне АҚШ-та, Германияда, Қазақстанда жасалған протездерді қолданамыз. Отадан кейін адамдар пышақ тиген жерін бірден қозғалта алмайтынындықтан, мұнда буынды қозғалтуды бейімдеуге арналған немістің «Артромот» деп аталатын аппараты қолданылады. Бұл аппарат 15-20 минут бойы адамның аяғын немесе қолын науқас үшін өзі жазып, өзі бүгеді. Осылайша, сынған жер беки түседі», – дейді травматолог-ортопед.

 



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх