Билiк және саясат

Тоқаев: Үлкен қалалар ол – үлгі емес, проблема

08 қазан, 14:5234
Автор: Elorda Aqparat
Фото авторы Сұлтан Сейітов Фото авторы Сұлтан Сейітов

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының шамадан тыс артып бара жатқанын айтты, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын назардан тыс қалдырмау керек. Бұл туралы бұған дейін де айтылды. Қала тұрғындарының жыл сайынғы өсімі ішкі миграциялық жолмен шамадан тыс артып бара жатыр. Бұл – маңызды мәселе. Сондықтан әлеуметтік инфрақұрылымды жеңілдету қажет. Ішкі миграцияны қатаң бақылауға алу керек. Мұның бұлай жалғаса беруі дұрыс болмайды. Яғни үлкен қалалар ол – үлгі емес, проблема. Әрине, біздің елордамыз миллионер қала болды деп мақтанамыз. Бірақ біз әр жаңа қала тұрғынын қажетті керек-жарақпен қамтамасыз етуіміз керек қой. Сондықтан миграциялық мәселе – әкімдік пен құқық қорғау органдарының жұмысы», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент еліміздің өзге өңірлерінен көшіп келген әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар да барлық кезекке тұруға құқығы бар екенін, алайда олардың осындағы кезекте тұрған адамдардың санын одан әрі көбейте түсетінін атап өтті.

«Соның салдарынан тұрғын үй, балабақша кезегі баяу жылжиды. Бұл туралы мен осыған дейін де талай мәрте айтқанмын. Мектептердегі орын санының мәселесі әлі де шешілмей тұр. 14 мектептің бір сыныбында 40 баладан бар. Олардың 8-і үш ауысыммен оқиды. 85 мың бүлдіршін балабақшаға кезекте тұр. Биыл елордада 19 білім нысанының құрылысына республикалық бюджеттен 21,2 млрд теңге бөлінді. Енді осы қаржыны дұрыстап игеру керек. Бұл – аз қаржы емес. Бірақ байқауымша, қаржыны игеру жағы әлсіз. Неге? Оны тексеру керек? Мен қала әкімдігіне жергілікті бюджетті жоспарлауды бақылауға алуды тапсырамын. Мұны айналып өте алмаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы бұл мәселе жөнінде әкімдікпен қатар Үкіметке де бірқатар тапсырма берді.

«Жекеменшік серіктестерді белсенді түрде тарту керек. Әкімдікке бизнесті белсенді қолға алып, мектептердегі және мектепке дейінгі мекемелердегі орын тапшылығы мәселесін шешуді тапсырамын», – деді Президент.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх