• USD 385
  • EUR 434

Руханият

Тау баласы тауға қарап өседі…

24 сәуiр, 15:37509
Автор: Elorda Aqparat

 … Сүт пісірім уақытта тырнадай тізбектелген жүрдек пойыз қызылды-жасылды жарқыраған алып қаланы артқа тастап, кең жазира жазық далаға қарай ентіге жүйтки жөнелді. Алдан қойнауына кәрі тарихты бөктерген қасиетті Қаратауы мен ұлыларға мекен болған құт-берекелі Түркістаны құшақ жая қарсы алатынын ойлағанда жаны жадырап, қиялы көкке самғады…

Туған жерге әр оралған сайын бойын осылай шексіз сағыныш билейді. Тіпті орта мектепті ойдағыдай бітіріп, өндірісті қала Теміртаудағы жоғары техникалық оқу орнында инженер-механика мамандығы бойынша оқып жүрген жас жігіт кезінде де осындай кіндігі байланған ата мекеніне деген айырықша сезім оны екінші курстан кейін қайтадан туған ауылы Абайға алып келген. Өйткені ол қаршадайынан осы жерде еңбекке баулынып, бейнеттің жемісті зейнеті болатынын жан-жүрегімен сезініп өсті.

Бүгінде бас қаладағы «Elorda aqparat» ұжымында бір шаңырақтың астында еңбек етіп жүрген әріптесіміз, қаламы жүйрік журналист Тельман Бейсеновтің өмір жолы алғаш туған ауылында осылай басталыпты.

– Біз үлкен өмірге қадам басып, еңбекке араласа бастағанда елдің жағдайы қиын еді. Тәуелсіздік алар тұста нарық экономикасымен қоса тоқырау келіп, дәулеті тасыған колхоздар мен совхоздардың аз уақытта күйі тайып, көз алдымызда тарап жатты. Адамдардың күн көрістері нашарлай бастаған кез-тұғын. 30 жылдай агроном болған әкем зейнетке шығысымен Түркістан ауданында алғашқылардың бірі болып алдымен ауыл іргесіндегі Сарыбай алқабында кооператив, артынан «Ақтөбе» шаруа қожалығын ашты.  Сол тұстарда  совхоздың  төрт түлігі мен малына жұрт жабыла жармасып, техникасын талап жатқанда әкем малына да, көлігіне де қол созбады. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деп ұлдарына совхоздан бір түйір шеге де алдырмады. «Бәрін өздерің еңбектеніп, дүние жиып, сатып аласыңдар» деп бір-ақ кесті. Тек шаруашылығына жер ғана алды.

Үйдің жанынан пісте май өңдейтін цех ашып, мал өсіріп, біраз адамға жұмыс тауып берді. Ауылдың шетінен жер алып, бау-бақша, егін салдық. Таудың тасынан әктас күйдірдік. Не керек, шаруа аяққа тұрды. Міне, осы қажырлы қайрат пен темірдей төзімді қажет ететін істің бел ортасында мен де жүрдім, – деп еске алады Тельман.

Алайда, қаршадайынан журналист болсам деген арманы оған маза бермеді. Бұған да әкесі Әбдібек ақсақал себепкер. Есі кіріп, әріп тани бастаған шағынан бастап, кітап оқуға баулыды. Әбекең атпен, ұлы Тельман тайға мініп егінді алқаптар мен даланы аралап жүріп, үнемі ауылдың ежелгі тарихын шертіп, көне көз қариялар қалдырған шежірелерді қаузайтын. Осының бәрін баласының құлағына құя бастағандағы мақсаты – зерек ұлдың болашақта жазу ынтасы  оянып, қисапсыз қазынаны қаламының ұшына іліктере ме деген үміт пен сенімі еді. Өйткені Әбдібек ақсақал әкеден тірідей, анадан жастай айырылып, жетім қалған еді. Әкесі Абылай ес білер шағында «халық жауы» деген жаламен тар қапасқа қамалып, артынан соғыс басталған тұста қан майданға аттанып, содан хабар-ошарсыз кетіпті. Көптеген арманына қу жетімдік кедергі келтірді. Оның үстіне әке ошағының түтінін өшірмеу мақсатында үлкендер ертерек үйлендіреді. Агрономдық мамандыққа оқығанымен,  ары қарай ауылдан ұзап шыға алмапты. Сол себепті, өзі жете алмағанына ұлым жетсе екен дегені болса керек, ұлдарын білімге тәрбиелеуден еш жалыққан емес.

Иә, қарияның үміті ақталып, Тельман сәл кеш те болса, өзінің сүйікті мамандығы –  журналистикаға оқуға түсіп, сол салаға келді.

Бірінші шегініс…

Өткен жылы Түркі әлемінің бесігі – Түркістанда алпыс екі жыл жұптары жазылмай,бақытты ғұмыр кешіп келе жатқан Әбдібек қажы Абылайұлы мен Ұлпатша Әмірқызынің «гауһар тойы» өтті. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, олардан тараған жетпістен астам ұрпақтың қызығына кенеліп отырған ұлағатты адамдар – біздің әріптесіміз – Тельман Бейсеновтың әкесі мен анасы еді.

Биыл 84 жасқа келіп, мың айдың жүзін көрген ауыл абызы, батагөй қария –Әбдібек Абылайұлы Түркістан қаласына таяу Абай ауылының Ұрыжар деген жерінде 4 ғасырдан астам тарихы бар «Батыр баба Ер Жаманбайдың қара шаңырағы» немесе «Үлкен үй» деп атап кеткен Жаманбай батырдың жітінші ұрпағы шоқпарлы Тобағабыл бидің қасиетті қарашаңырағында дүниеге келген.

Ал анасы Ұлпатша Әмірқызы – Мес ата ауылында жауғашты руының талай жыл болысы болған Әмір бидің кенже қызы. Он саусағынан өнері тамған шебер жан.

Өмірдің ащысы мен тұщысын қосағымен қатар көріп келе жатқан анасының қазаны оттан, самаурыны шоқтан үзілмеді. Қонаққа жайған ақ дастарқанынан осы ауылға келген қонақ ауыз тимей кетпеді. Ауылдағылардың көбі оны құрметтеп, «Патшам» деп атап кеткен.

Жайықтағы жемісті жылдар

Тағдырлы жазушы Хамза Есенжановтың қаламына арқау болған Ақжайыққа келісімен Тельман журналистиканың қыр-сырына терең бойлай бастайды. Жергілікті «Еділ-Жайық» қоғамдық-саяси газетінде қызмет атқарып жүргенде және басылымға бас редактор болған тұста да қазақ тілі мен ұлттық құндылықтарды мансұқтағысы келетіндердің әрекетіне басылым қызметкері Екатерина Макеева және өлкеге танымал журналист Мұнайдар Балмолда сынды басқа да жергілікті қаламгер азаматтармен бірлесіп, тойтарыс беріп жүрді. Газет бетінде шовонистік пиғылдағы кейбір адамдардың, әсіресе, орыс-казактардың түрлі айла-құйтырқы әрекеттерін әшкерелейтін ойлы, өрелі мақалалар жұртшылық арасында қоғамдық пікір туғызып отырады.

Әсіресе, 2006 жылы Орал қаласының отыздан астам көшесі бірден ұлтымыздың ұлы перзенттері Ғұмар Қараш, Құрманғазы, Сырым Датұлы, Мұхит Мерәліұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Кенесары, Әбілқайыр, Жұбан Молдағалиев,  тағы басқа да көптеген тарихта орны бар адамдардың атына өзгерген кезде өре түрегелген топтардың қарсылығын тежеуге атсалысты. Сонын арқасында «төр менікі» деп өктемсіген өркөкіректердің ауыздарына құм құйылды.

Осы тұста оған ұлтжанды азамат, сол кезде Орал қаласы әкімінің орынбасары болған Аманжол Зейнуллин көп көмектесті.

«Әкем журналистика саласына қызығушылығымды оятып, бейімдеген болса, Аманжол Зейноллаұлының аз уақыт ішінде осы саланың маманы ретінде қалыптасып, саясатта шыңдалуыма көп септігі тиді.

Бірде кезекті демалысымда ауылға келгенімде әкем жақында алған «Журналистер одағының мүшесі» деген қызыл билетімді көріп,  «менің өмір бойғы арманым осы еді ғой, ақыры қолым жеттім ау» деп маңдайына тигізіп, батасын бергенде, менің көзіме еріксіз жас келіп, әкемнің менен не қалайтынын әрі мойнымдағы жауапкершіліктің еселей түскенін сезіндім», – дейді Тельман Бейсенов.

Екінші шегініс…

Түркістан қаласының құрметті азаматы Әбдібек қажы ақсақал мен Ұлпатша анамыз он перзентті дүниеге әкелген. Олардан 36 немере-жиен, 29  шөбере сүйіп отыр. Ұл-қыздарының барлығы жоғары білімді. Қазақстанның түкпір-түкпірінде сан-салалы мамандық бойынша қызмет атқарып жүр. Бес баласы ғылым саласында еңбектеніп жүр(профессор, доцент, аға оқытушы). 3-уі ғылым кандидаты. Сонымен қатар 2 перзенті мен 6 немере магистр және 18 немере жоғары білімді. 3 немере – студент.

Өскен-өнген отбасыда әрқашан адамгершілік ұстанымы ұлықталады. Үлкеннің сөзін бөлу, кісінің ала жібін аттамау деген қарапайым тәрбиені ерлі-зайыптылар балаға бесіктің әлдимен құлағына сіңірді. Ауыл-аймақ, аудан, облыс төңірегінде Бейсеновтер әулеті ізеттігімен еленіп,отбасы тақырыбы төңірегіндегі кездесулерге  көп шақырылады. «Ақ әженің аялы алақаны», «Үлгілі отбасы» атты отбасылық байқаулардың бас жүлдесін, республикалық деңгейде екі мәрте өткізілген «Батаменен ел көгерер…» байқауларында «Нартай» және «Молда Мұса» аталымын иемденген.

 Ақтауда орындалған арман

2007 жылы Тельман жұмыс жағдайымен Ақтау қаласына қоныс аударады. Мұнда келісімен ол ілкі кезде облыстық телевидениеге тілші болып жұмысқа орналасты. Каспийдің ақ маржаны атанған шаһарда да Тельманның айы оңынан туып жүре берді десек, қателеспейміз.  «Өзі жақсы адамға қай жерде де бір орын табылады» демекші, мұнда да ақылшы ағалары бағыт-бағдар сілтеп, әріптестері ұсыныс-пікірін қолдап әкетті. Сол сәттерді ол былай деп еске алады:

«Ақтауға келген соң төрт айдан кейін телевидение басшысы  Рауан Кенжеханұлының ұсынуымен республикалық белді басылым «Айқын» газетінің меншікті тілшісі болдым.

2010 жылдың күзінде облыс басшысы Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен қалалық «Ақтау ақпарат» газетін құрып, оның басшысы болдым.

Ал, 2012 жылы облыс әкімі Бауыржан Мұхамеджановтың медиахолдинг құру жөніндегі тапсырмасы бойынша  облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрбол Телегенов оны ұйымдастыруды маған міндеттеп, оның басшысы етіп тағайындады. Әрине, бұл үлкен жауапкершілік еді. Өйкені, 9 редакцияны таратып, қайта құру дегеніміз – ұзақ уақыт пен жүгірісті талап етеді және құжаттарын дайындау да оңай шаруа емес. Сондықтан ішкі саясат басшысы екеуміз алдымен жұмысты неден бастайтынымыз жайлы кеңесіп алдық. Жаңа құрылымның жағдайын дұрыстау үшін мемлекеттік тапсырыстан түсетін қаржыдан бөлек нарық заңына сайкес бәсекелестікпен облыстағы жағдайлары өте жақсы газеттердің жеп отырған нанына ортақтасу арқылы жарнамадан, түрлі тапсырыстардан қомақты пайда табуға болатынын жеткіздім және оның жолдарын да айттым. Сөйтіп, мекеменің атауы «Маңғыстау – Медиа» ЖШС болып бекітілді.

Маңғыстауда 6 жылдан аса жұмыс атқарып, 2013 жылы Астанадағы  «Нұр-МЕДИА» медиахолдингіне интернет сайттар бойынша бас редакторлық жұмыстарға ауыстым. Өзім 2010 жылдан бері Қазақстанның бас редакторлары клубының мүшесімін» – деп салада шыңдала түскенін және бірқатар жетістіктерге жеткенін мақтаныш сезімімен әңгімеледі Тельман Әбдібекұлы.

Таяуда ауылдастары оның суретін «Ауылдан шыққан танымал тұлға» құрмет тақтасына қойыпты. Бұл да ұланын ел-жұртының ардақтауы деп түсінеміз.

Біз осыдан жарты ғасыр бұрын кәрі Қаратаудың етегінде дүниеге келген ініміздің бойынан әркез іздену, көкейдегі ойын жүзеге асырамын деп бар күш-жігерін жұмсаудан танбайтын тынымсыз еңбектену қасиетін көреміз. Ал бұл қасиет оны үнемі таудай биіктерге бастап келеді. Лайым да солай болғай!

Таңатар  ТӨЛЕУҒАЛИЕВ




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх