Спорт

Самат Смақов: «Ақтөбенің» бірнеше ойыншысы келісілген матчтар өткізгенін растаймын

08 қазан, 11:1938
Автор: Elorda Aqparat
Фото: fc-aktobe.kz Фото: fc-aktobe.kz

«Ақтөбе» ФК бас директоры Самат Смақов команда ойыншыларының келісілген матчтар өткізгені туралы ақпаратқа пікір білдірді, деп хабарлайды Елорда Инфо клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Өкінішке қарай, «Ақтөбенің» бірнеше ойыншысы келісілген матчтар өткізгені туралы ақпаратты растауға мәжбүр болып отырмын. Әңгіме Бірінші және Екінші лига матчтары жайлы. Осыған орай, «Ақтөбенің» бүкіл жанкүйеріне айтқым келетіні, команданың эмблемасын тағып жүрген футболшылардың мұндай лас істерге араласып, келісілген мачтар өткізеді деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Төбемнен жай түскендей болып, есеңгіреп отырмын», ­– дейді Самат Смақов.

«Ақтөбенің» бас директоры өз сөзінде Қазақстан футбол федерациясында болғанын, ол жақтағы мамандар барлық жағдайдан хабардар әрі бұл мәселені жіті бақылауда ұстап отырғанын айтып өтті.

«Қысқасы, проблеманың бәрі «Жетісу-Б» командасының капитанынан басталған. Ол «Ақтөбе-Жас» және «Ақтөбе-Ж» ойыншыларына хабарласып, ұсыныс жасаған, тіпті осында келіп, бірнеше кездесу өткізіпті. Ал мұндай арам істі Украина елінің адамдары басқарып отырған екен. Келісілген матчтар өтіп жатқаны туралы күмән жаздың бел ортасынан ауған шақта туындай бастаған еді. Бірақ нақты бір дәлел болмаған соң ешкімге кінә арта алмадық. Қазіргі уақытта айқын дәлелдер бар. Бұл іске араласқан ойыншылардан кінәларын мойындағаны туралы түсініктемелері алынды. Жанға батып, қынжылтатыны мұның бәрін өзіміздің үлкен сенім артып келген жергілікті ойыншыларымыз жасап отыр. Оның үстіне клубтың дәл осындай қиын кезеңінде олардың мұндай лас қадамға барып отырғаны көңілге үлкен қаяу түсірді», – дейді «Ақтөбе» клубының бас директоры.

Ол сөз арасында адами факторларға байланысты келісілген матчтар өткізген ойыншылардың аты-жөндерін айтпауды жөн көргенін, олар өз-өздерін жазалағанын әрі ата-аналары келіп, ұлдары үшін кешірім сұрағанын айтып өтті. Себебі, бұл ойыншылар Ақтөбенің жергілікті тұрғындары. 

«Жанкүйеріміздің бір бөлігі бұл жағдайды әртүрлі қабылдап, сан-саққа жүгіртіп жүр. Осы мәселеге ерекше тоқтала кетсем деймін. «Ақтөбе» жанкүйерлерінің ең үздік әрі командасын жанындай жақсы көретініне ешкім күмән келтіре алмайды. Бірақ таяқтың екі ұшы бар екенін ұмытпаған жөн. Кейбір жұрт жағдайды толық білмей тұра, болмаған нәрсені болғандай етіп, айналасының бәріне кінә артып жатыр. Мені де неше түрлі сөздерімен балағаттағандары бар. Әсіресе, ұжым ішінен дау шығарып, команданы құрдымға жібергісі келетіндер аз емес. Біз олардың арам жоспарының іске асуына жол бермейміз. Былтыр мен өзімнің сүйікті әрі туған командама мұндай жөнсіздікті мақсат етіп келген жоқпын. Осыдан бірнеше жыл бұрынғы ойыншы ретінде де, жауапкершілігі мол бүгінгі қызметімде де клуб үшін адал қызмет етіп жүрмін. Мен «Ақтөбенің» бұрынғы деңгейіне көтерілгенін сіздерден кем қаламаймын», – деп ағынан жарылды.

Ол жылдар бойы тірнектеп жиған абыройын тәуекелге қойып, «Ақтөбе» үшін аянбай тер төгіп жүргенін және осы беделіне нұқсан келетін тірліктермен айналысудан аулақ екенін, сондай-ақ өзгелердің де командаға кері әсері тиетін іспен араласуына жол бермейтінін айтып өтті. Сол себепті, клубқа, сондай-ақ өзіне қарата айтылған теріс пиғылды сөздер өзін қатты қынжылтатынын жеткізді.

Бұдан бөлек, ол «Ақтөбенің» қарыздары туралы істен хабардар етті.

«Асығыс шешім қабылдамаңыздар. Жұртты істеп жатқан жұмысына қарап бағалаңыздар. Бірақ маған немесе клубқа кім қандай күйе жақса да біз алға жылжып, Ақтөбе футболының игілігі үшін қызмет ете береміз. Бүгінге дейін жиналып қалған мәселелердің көптігінен тез арада бәрін жөнге салу мүмкін емес. Дегенмен жұмыс жоспарымыз, стратегиямыз бар. Нені қалап, қандай істі мақсат ететінімізді жақсы білеміз. Бір сәт ойлап көріңіздерші, біз бүкіл қарызымызды бір маусымның ішінде жауып тастадық. Ал бұл клубтың бір жылдық бюджетіне пара-пар сома», – дейді клубтың бас директоры.

Ол команда ойыншыларының келісілген матчтар өткізгені клуб басшылығы үшін күтпеген проблема болғанын, бірақ кінәлілер анықталып, жазаларын алғанын, сондықтан барша шынайы жанкүйерлердің «Ақтөбені» қандай жағдай болса да қолдай беруге шақыратынын жеткізді.

Сөз соңында келісілген матчтар өткізген ойыншыларға қандай жаза қолданылғаны туралы айтып өтті.

«Арам ниетті футболшылармен біздің әңгімеміз қысқа болмақ. Оларды ұстасақ ойланбастан арамыздан бірден қуамыз. Себебі ниеті алабөтен ойыншылар «Ақтөбенің» эмблемасын тағып жүруге лайық емес. Өзіміз үміт күтіп, болашағымызды байланыстырып отырған жігіттердің мұндай лас іске араласқаны жаныма батады. Оларға кінәлары дәлелденген бойда ең бірінші формаларын тапсырып, өз жөндеріне қоя бердім. Себебі бұл жігіттер «Ақтөбенің» жейдешесін киіп жүруге лайық емес», – деп сөзін аяқтады.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх