• USD 385
  • EUR 434

Қоғам

Президент Жарлығы бойынша кімдердің несиелері кешіріледі

09 қыркүйек, 13:37102

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес қай санаттағы азаматтардың несиесі кешірілетінін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова түсіндіріп берді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

Мемлекет есебінен әлеуметтік тұрмысы төмен азаматтардың 300 мың теңге мөлшеріндегі барлық қарызы өтеледі. Бұл қарызға негізгі борыш, сыйақы, айыппұлдар да кіреді. Осыған байланысты біраз сұрақ туындағаны белгілі.

«Президенттің шешімімен Үкіметтің қаулысы шығып, бес санаттағы отбасыларға тұтынушылық қарыздары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бес санатқа толықтай тоқталып өтейін. Оларға көпбалалы отбасылар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, асыраушысынан айырылған отбасыларға, 18 жастан асқан бала кезінен мүгедектерге, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, сондай-ақ ата-аналарынан айырылған 29 жасқа дейінгі азаматтар жатады», - дейді Светлана Жақыпова

Вице-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыштық жүктемесін азайту жөніндегі шаралар туралы» 26.06.2019 жылғы №34 Жарлығына сәйкес аталған бес санаттағы азаматтардың 1 маусымға дейінгі қарызы кешіріледі.

Қазір жұртшылық арасында бес санатқа кірген, алайда несиесі өтелмеген азаматтар бар. Оның себебін Светлана Жақыпова былайша түсіндіріп берді.

«Ең алдымен көпбалалы отбасыларда жұбайы туралы мәлімет ақпараттар базасында болмауы себеп. Яғни базада неке қиылғаны тіркелмеген. Сол себепті біз оларды Әділет министрлігінің ақпараттық жүйесіне тіркелуге жібереміз. Сол сияқты бұл отбасылардың арасында мынадай бір проблема бар. Балалары кәмелет жасқа толып, оқу орындарында оқып жүргенмен базаға енбеген. Сол себепті оларды Білім және ғылым министрлігіне жіберіп, бұл проблеманы шешудің жолын көрсетеміз. Тізімге енбей қалған асыраушысынан айырылған азаматтардың да жағдайы осыған ұқсас. Оларды да Әділет министрлігіне тіркелуге жібереміз», - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх