Өңірлер жаңалығы

Павлодарда «Сыбаға» бағдарламасымен мал алмақ болған кәсіпкер алданып қалды

23 қазан, 10:2160
Автор: Elorda Aqparat
Фото: pavlodarnews.kz Фото: pavlodarnews.kz

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалында облыс әкімі Болат Бақауов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, деп хабарлайды Елорда Инфо pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Қоғамдық қабылдауға түрлі сұрақтармен барлығы 13 адам жазылған. Олардың бірі - «Далабаев» ЖК иесі Ануарбек Далабаев «Оператор-РК» ЖШС-ге «Сыбаға» бағдарламасы бойынша алған 10 млн теңге қаржысын аударғанымен, әлі күнге дейін мал басы жеткізілмегенін айтты.

«Бір жылдан бері ақшамды ала алмай жүрмін. Ірі қара мал сатып алуға арналған қаражат Екібастұз «МТС ЖАЙМА» ЖШС-да. Фирманың директоры – Батырбек Алдабергенов. Өткен жылы Май ауданында мал шаруашылығын дамыту үшін 30 млн теңге алған едім. Шаруашылық Баянауыл ауданында орналасқан. Оның есебіне ақша аударылды, бірақ мал әлі күнге дейін жеткізілмеді. Енді міне, ақша да, мал да жоқ», - дейді Ануарбек Далабаев.

Оның айтуынша Батырбек Алдабергенов қазіргі таңда Моңғолияда жасырынып жүр.

«Бұған дейін жолаушыларды тасымалдаумен айналысып келген едім. Бұдан әрі кәсібімді дамыту үшін 15 жылға 14 пайызбен 30 млн теңге алдым. Оның 10 пайызын мемлекет субсидиялайды. Бұл ақша қазір менің атымда тұр. Бірінші траншпен өз қалтамнан қазан айында 4 млн теңгеден астам төледім. Облыс әкіміне алғаш рет 17 қыркүйекте жүгінгенмін. Бүгін қайтадан келіп отырмын. Осы мәселемен жүргеніме төрт ай өтті», - дейді ол.

Облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Рашат Өтеуовтің айтуынша, Далабаевтың өтініші бойынша Алдабергеновке қатысты тергеу амалдары басталған. Әзірге Алдабергенов ұсталмаған. 

Бұл іске қатысты аймақ басшысы Болат Бақауов «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы тарапынан Ануарбек Далабаевқа заңгерлік қолдау көрсетілетінін жеткізді.

«Осыған байланысты полиция департаментінің бастығымен сөйлестік. Тергеу жүргізілуде. Оның қандай активтері бар екенін қарастыру керек. Полиция департаментіне осы бағытта іздеу жұмыстарын күшейтуді тапсырамын», - дейді өңір басшысы.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх