Өңірлер жаңалығы

Павлодарда Абайдың ең шынайы портреті деп саналатын туынды көрмеге қойылды

10 қазан, 09:5023
Автор: Elorda Aqparat

Павлодарға «Арт заман» жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысының өнер музейіндегі туындылары әкелінді. Олардың ішінде семейлік шебер Нұрбұлан Өтепбаевтың «Абайдың портреті» де бар. Бұл туынды мамандар Абайдың ең шынайы портреті бағалаған. Бұл туралы Елорда Инфо pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

ШҚО өнер музейінің директоры Бегайым Ұябаеваның айтуынша, Павлодар қаласына 31 сурет жеткізілген.

«Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен облысымыздың әкімі Даниял Ахметовтың тікелей бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Арт заман» жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шара, - дейді Бегайым Ұябаева. – Павлодарға Әбілхан Қастеев, Евгений Сидоркин, Гульфайрус Исмаилова, Әлібек Шоқанов, Марат Исмаилов сынды суретшілердің туындылары әкелінді. Барлығы - 31 жұмыс».

Павлодарлық суретші Галина Беспалова көрмені Шығыс Қазақстан облысының қала тұрғындарына жасаған сыйы деп қабылдады.

«Мұнда қойылған суреттерден кескіндеме өнерінің қалыптасу тарихын білуге болады. Әрбір туындының өз бағыты мен ерекшелігі бар. Көрменің тағы бір ерекшелігі – мұндағы суреттерден қазақтың ұлттық болмысы мен тыныс-тіршілігімен танысуға болады», - дейді Галина Беспалова.

Экскурсия жүргізушісі Лариса Мартынова көрменің салтанатты ашылуына келген мектеп оқушыларына көрмеге қойылған семейлік шебер Нұрбұлан Өтепбаевтың «Абайдың портреті» суретінің тарихын әңгімелеп берді. Оның айтуынша, бұл сурет көпшілік мамандардың пікірінше, Абайдың ең шынайы портреті болып есептеледі.

Павлодарда «Арт заман» жобасы аясындағы көрме 6 қарашаға дейін жалғасады. Әрі қарай Шығыс Қазақстан өнерпаздарының туындылары Қарағанды мен Талдықорғанға бет алады.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх